«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРЛЫ НАЙЗАҒАЙ ШЫҒЫН КЕЛТІРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында жеке тұрғын үйдің ауласында “Фольксваген-Венто” автокөлігінің бензин сорғысын жөндеу кезінде электр сымының тұйықталуынан от тұтанды. Оның салдарынан 48 жастағы машина иесін күйік шалып, аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілді. “Темір тұлпар” иесінің үстіндегі синтетикалық материалдан тігілген киімі тұтанып, ер адам екінші дәрежелі күйік алды. Оның беті мен оң қолының саусақтары күйгенімен, автокөлігі зақымданған жоқ.

Сондай-ақ сымның қысқа тұйықталуы салдарынан облыс орталығының Заводская көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйдің екі пәтерінде өрт шықты. Тілсіз жаудың кінәсінен қожайындардың жеке заттары мен қоймасы зақымданды. Құтқарушылар от тұтқынында қалған 20 адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Олардың үшеуі – бала.

Шал ақын ауданының Кривощеково елді мекеніндегі жеке тұрғын үй секторында өрт оқиғасы орын алды. Шыққан өрт көрші гаражға да ауысып, ақыры қора-қопсының ішіндегі мал-мүлік бірге өртеніп кетті. Тергеушілердің айтуынша, қора-қопсының ішіне электр сымдарын тартқан кезде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылуына жол берілген. Себеп – оқшауланбаған сымның от шашуы.

Петропавлдағы “Океан” сауда үйінде тағы да өрт шыққан. Түн ортасында тұтанған жалын сауда сөрелері мен шатырға зақым келтірді. Өрт орын алған аумақ – 22 шаршы метр. Оның шығу себептері әлі белгісіз.

Ал өткен аптада Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғындары найзағайдың салдарынан пайда болған өрттің куәгері болды. Ауыл азаматтары электр желілері арқылы өтіп бара жатқан найзағай шарын көрген. Сымдардың бірінде болған қысқа тұйықталудан үйдің кіреберіс бөлмесі мен шатыры, ал өзге үйлерде компьютерлер мен теледидарлар күйіп кетті. Абырой болғанда, тұрғындардың ешқайсысы жапа шеккен жоқ. ТЖД мамандары мұндай жағдайда электр жабдықтарын сөндіріп, суға жоламауға кеңес береді.

Солтүстікқазақстандықтарға шар сияқты найзағайдың тіпті есік-терезесі жабық бөлмелерде кенеттен пайда болатындығын еске саламыз. Куәгерлердің айтуына қарағанда, шар сияқты найзағай кішкентай ғана саңылау, құбырлар арқылы үйдің ішіне кіріп кетуі ғажап емес. Оның көлемі бірнеше сантиметрден бірнеше метрге дейін болуы мүмкін. Жақын жерде шарлы найзағай пайда болған кезде оқыс қимыл жасауға болмайды. Дегенмен, бір орында да тұрған дұрыс емес. Мұндай сәтте жағдайға қарай әрекет жасау қажет.

Өрт оқиғасы орын алған жағдайда “101” және “112” нөміріне қоңырау шалыңыз.

СҚО ТЖД-нің баспасөз

қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp