«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗҒАН ОРҒА ҚҰЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласының орталығында түнгі сағат бір шамасында жолкөлік апаты болды. “Toyota” көлігінің 25 жастағы жүргізушісі Абай көшесімен келе жатып, Жамбыл көшесіне бұрыла бергенде су құбырларын ауыстыру үшін қазылған орға түсіп кеткен. Соның салдарынан көлік аударылып, түгелдей дерлік су астында қалды. Жолаушы мен жүргізуші алдыңғы есіктің терезесін ашып, көліктен өз күштерімен шыққан. Жолаушы жамбасын аздап зақымдап алған. Жүргізуші дін аман. Ол жолдың сол жағымен шамамен сағатына 50 шақырым жылдамдықпен келе жаттым, жол бойындағы ескерту белгілері көрінбеді деп отыр. Көлік иесі мас болғандықтан, жолаушының орнына жайғасып, рульге танысын отырғызған.

Жол сақшыларының көмегімен шұңқырдан көлікпен бірге соғылған ескерту белгілері де шығарылды. 27 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді.  

“Жол апаты орын алған маңға бетон қоршаулары орнатылды. “Toyota” жүргізушісі ауа райының қолайсыздығынан жол белгілерін көрмей, шұңқырға құлап кетуі мүмкін. Жол апатына қатысты материалдар жиналуда”, – деді жол полициясының қызметкері Әбілсейіт Жолаушин.

Дәл осындай жол апаты былтыр Пушкин көшесі бойында орын алған болатын. “BMW” автокөлігінің жүргізушісі де жол бойы қазулы тұрған шұңқырға түсіп кетіп, аман қалған.

Үстіміздегі жылдың алты айы ішінде облыс аумағында 154 жол-көлік апаты тіркелген. Апат салдарынан 24 адам қаза тауып, 203-і түрлі дене жарақаттарын алған.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp