«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОРЛЫҚҚА БӨЛЕНГЕН АНСАМБЛЬ халықаралық конкурсқа аттанады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатында болып, ондағы “Sensetive” бал биі ансамблінің өнерін тамашалады.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жуырда аталмыш ансамбльдің жетекшісі Ольга Ростовщикова “Нұр Отан” ХДП облыс тық филиалының төрағасы Самат Ескендіровтің қоғамдық қабылдауында болып, тәрбиеленушілерін Болгарияның Несебр қаласында халықаралық “Славянский путь” ұлттық мәдениет, өнер және қолөнер жазғы мектебінің ұйымдастыруымен өтетін халықаралық “Солнечный танец” конкурсына апаруға қаржы жетіспей тұрғандығын айтып еді. Ансамбль Ресейдің Чебоксары қаласында өткен “Национальное достояние – 2013 – NATIONAL PROPERTY” конкурсында 1-орын алғаннан кейін аталмыш конкурсқа шақырту алған еді. Осыған орай Самат Сапарбекұлы “Sensetive” бал биі ансамблі аталмыш конкурсқа міндетті түрде барады және оған барлық жағдай жасалады, дегенді.  

Кеше өңір жетекшісі мектеп-интернатқа арнайы барып, білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасымен танысып, аталмыш бал биі ансамблінің өнерін тамашалады. Балалар ырғақты әуенді мүлдем естімесе де, би билеуге машықтанған. Елімізде бал биі бойынша мұндай санаттағы ансамбль – біреу. Енді олар Болгарияда он екі мүшесі сау балалардың арасында ел намысын қорғайтын болады. Онда “Вена валсі”, “Ча-ча-ча”, “Пасадобль” биін орын-дайтын топқа облыс әкімінің қолдауымен жаңа костюмдер тігілуде.

– Ансамбльдің жетекшісі қоғамдық қабылдауға келіп, мәселелерін айтқан кезде ғана өңірімізде мұндай бал биі ансамблі бар екенін білдім. Өнерлеріне деген қызығушылығым оянды. Біз ансамбльге үнемі қолдау көрсететін боламыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың дені сау қатарластарынан еш кем болмауы керектігін үнемі айтады. Осы орайда ансамбльдің халықаралық байқауда алаңсыз өнер көрсетуі үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров ансамбльдің жетекшісі Ольга Ростовщиковаға жол шығынын жабуға 400 мың теңге көлемінде қаржы беріп, балалармен бірге естелік суретке түсті. Сондай-ақ балалардың қазақстандық екенін бірден танытатын Елтаңба бейнеленген футболкалар таратылды.

Жалпы “Sensetive” бал биі ансамблінің аталмыш байқауға барып-келу және сонда өтетін шеберлік сыныптарға қатысу шығыны 2 миллион 800 мың теңге көлемінде. Бұл қаржы қазір толығымен жиналды. Облыс әкімдігі, “Жұлдыз-ай” қайырымдылық қоғамдық қоры қаржы бөліп, жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсеткен. Ансамбль 21 шілде күні жолға шығып, 5 тамызға дейін Несебр қаласында өнер көрсетіп, шеберлік сыныбына қатысады.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp