“Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесінде Петропавл қаласы бөлімшелерінің өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері қатысқан “Жол қозғалысының қауіпсіздігі” тақырыбына семинар ұйымдастырылды.
Қасен ҚҰСЫЛБАЕВ,
өрт сөндіру техникасы және
күрделі құрылыс бөлімінің бастығы.
Семинарға облыстық Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының Әкімшілік тәжірибе бөлімінің аға инженері Алтынбек Тыштыбаев қатысты. Алтынбек Шайзаратұлы басты мақсат жол-көлік жарақаты мәселесіне азаматтардың назарын аудару және соның нәтижесінде жолдардағы апаттардың санын азайту екендігін ерекше атап өтті. Оның берген ақпараты бойынша үстіміздегі жылдың басынан бастап облыста 110 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 17 адам қаза болса, 152 адам жарақат алған. Осының бәрін және жолда жүру ережелерін міндетті түрде орындау керектігін инспектор өртке қарсы қызмет жүргізушілерімен әңгімелесу барысында түсіндіріп өтті, сонымен қатар әңгімелесу барысында жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері қарастырылды.
Жүргізушілер тарапынан баланы жүргізушінің жанындағы орында қай жастан бастап отырғызып тасымалдауға болатыны, қауіпсіздік белдігін тағу туралы сұрақтар қойылды.
Негізінде автомобильдерде тек алдыңғы орындықтарда отырған адамдар ғана қауіпсіздік белдіктерін тағады, артқы орындарда отырған адамдар қауіпсіздік белдіктерін көбінесе тақпайды, ең басты мәселе осы болып отыр. Бұдан басқа көптеген ата-аналар балаларға арналған қауіпсіз арнайы қондырғыларды қолданбайды, соның салдарынан шұғыл тежеу кезінде де кішкентай жолаушылар жарақат алып жатады.
Алтынбек Тыштыбаев қазіргі күні 18 жасқа толған балаларға автокөлік сыйлау дәстүрге айналып бара жатқанына тоқталды. “Қазіргі күні бұл әрекет, тіпті, ата-ананың баласы алдындағы “парызы” және жолдастары мен әріптестерінің алдында “мақтаныш” болып есептелуде. Алайда, менің пайымдауымша, ата-ананың парызы өзінің балаларын жолда басқа адамдарды сыйлауға, мәдениеттілікке үйрету және автомобильдің ойыншық емес екендігін, керісінше, жоғары деңгейдегі қауіпті құрал екендігін мұқият түсіндіру болып табылады”, – деді ол.
Әңгіме соңында жол полициясы қызметкері жүргізушілерді жолдарда абай және мұқият болуға, жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Жүргізушілер өз кезегінде жол полициясының өкіліне қызықты әңгіме өрбіткені үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің маңызы мен қажеттілігін атап өтті.