«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЗАН ЖАНАРМАЙ ӘПЕРЕМІН ДЕП, жұртты алдаған алаяқ ұсталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласы аумағында алаяқтықпен айналысқан Ақмола облысының тұрғыны ұсталды. Ол бензин талондарын арзан бағаға сатамын деп, ақша алысымен ізін жасырып отырған. 

Алаяқтың құрбандарынан тәртіп сақшыларына маусым айының соңында бірнеше арыз түсе бастаған. Жәбірленушілердің айтуынша, жас жігіт оларға “АИ-92” маркалы жанармайдың талондарын төмен бағамен танысынан алып бере алатынын айтып, өтеуіне пайыздық үстемеақы сұраған. Алайда, күдіктінің қолына ақша тиісімен ол ізін жасырған. Полицияның жедел криминалдық тобы жүргізген бірқатар іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Петропавл қаласындағы таныстарында тұрып келген Ақмола облысының 26 жастағы тұрғыны қамауға алынды.
Тәртіп сақшылары осы сияқты алаяқтықтың 4 фактісін тіркеді. Жәбірленушілердің жауаптарын тексере келе, олардың барлығын осы жігіттің жасағаны анық болып отыр. Соңғы “клиентіне” ол 1 тонна жанармайдың талонын беремін деп 65 мың теңгені олжалаған. Күдікті “жанармайдың” литрін 70 теңгеге ұсынған, ал үнемдемек болған жәбірленушілер болса қылмыскердің арбауына түсе берген.
Ұсталған азамат жиналған қаржыны есірткі мен өз керегіне жұмсаған. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp