«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕПТЕГІШІ БАРДЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында мемлекеттік органдардың, “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жылу қуатын есептеу құралдарын орнату мәселесіне арналған брифинг өтті. Қуат үнемі жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бір тармағын әңгіме арқауына айналдырған бұл жиынды қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишин ашып, осы бағыттағы нақтылы іс-шаралардың жай-жапсарымен таныстырды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Онда атап өтілгеніндей, өткен жылы ПИК төрағаларымен жылу есептегіш құралдарын сөз еткен 22 кездесу өткізіліп, оларға 550 көппәтерлі тұрғын үйдің өкілдері қатысқан. Қала бойынша қазір 227 үйге есептегіш құралдар орнатылды, соның ішінде өткен жылыту маусымында жұмыс істеген 170 үй бойынша орташа жылу бірлігінің ақысы 63 теңгеден айналған. Тек 9 үйде ғана аздап нормадан жоғары ауытқушылық бары байқалған болса, оларға техникалық-аудиттік сараптама жүргізіліп, себебі анықталады.

– Үкімет екі жылдан бері кең өріс алып кете алмай отырған осы қиын түйінді істің шешімін табудың жолын іздестіруде. Анадағы бір отырысында жылу есептегіш құралдарын орнатуды монополистердің есебінен жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны да айтылып қалды. Бірақ ол қалай жүзеге асырылады, оның қандай тетігі бары нақтыланбаған, әзірге заңды шешімі жоқ. Егер ол іске асырылған жағдайда осыған дейін орнатылған есептегіш құралдары қалдық құн бағалымдарымен монополистердің балансына өтеді. Яғни, есептегіш құралын орнатып үлгергендер де мемлекеттік жеңілдіктен құр қалмайды, орнатылған құралдарға толық төлем жасамайды. Алдағы аптадан бастап ПИК төрағаларымен кездесулер өткізіп, оларды істің мән-жайына қанықтырамыз. Қалай болғанда да Үкіметтің шешімін күтіп отырмай, бастаған істі жалғастыра береміз, биыл 100 үйге жылу есептегіштерін қою ойымызда бар, – деді ол.

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің директоры Мағауия Сағындықов: – Бүгінде есептегіштерді қою немесе қоймау мәселесі сөз болып отырған жоқ, бұл туралы Қазақстан Республикасының табиғи монополия субъектілері қызметін тұтынушыларды реттелетін коммуналдық қызметтерге есептегіш құралдарын орнатуды міндеттейтін заңнама бар. Бірақ оған әзірге есептегіш құралдарды монополистердің есебінен орындауды жүктейтін өзгерту енгізілген жоқ. Есептегіш құралдарын пайдаланудың көптеген мәселелерді жеңілдететінін іс тәжірибесі көрсетіп отыр. Бүгінде қаладағы 230-ға жуық көппәтерлі үйге жылу есептегіш құралдары орнатылды, алдағы уақытта 800-ден астам қондырғы қоюымыз керек. Оны жылдамдату үшін пәтер иелері кооперативтері алдымен тұрғындардың келісімін алып, бізбен келісімшартқа отырулары тиіс. Бұл ретте пәтер иелерінің бәрі бірдей түсіністік таныта алмай отырғанын айтпасқа болмайды. Кейде заңда жеткілікті деп көрсетілген тұрғындардың үштен екісінің келісімін алудың өзі оңай емес, – деді.

Қуат өткізуші компания басшысының айтуынша, есептегіш құралдарды орнату тұтынушыларға жылу мен ыстық су төлемдерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Ондағы басты мақсат қуат үнемі болғандықтан, жылыту желілерін қарапайым тәртіпке келтіру жұмысы қатар атқарылады. Бұрындары тұтынушылар желідегі ыстық су ысырабына онша мән бере қоймаса, енді оған жол бермеуге тырысады. Яғни, есептегіш құралдардың көрсеткіштері жасырын ақауларды жылдам анықтап, тәртіпке келтіруге көмектеседі. Есептегіш құралдарды пайдаланудың арқасында пайдаланған жылу бірлігіне бұрынғы орта есептегі 81 теңгенің орнына 56-60 теңге аралығында төлем төлеп отырған ПИК-тер көптеп саналады.

“Дөңгелек үстел” басында көтерілген мәселе бойынша өз пікірін білдірген облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары Нелли Бабакехян мемлекеттік тариф саясатын жетілдіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Оның аясында атқарылып жатқан маңызды шаралардың бірі – жылу қуатын есептегіш құралдарын орнату мәселесі. Алайда, оны жүзеге асыру ойлағандай жедел қарқын ала алмай отыр. Ол нық қолға алынған екі жылдың ішінде қаладағы көппәтерлі үйлердің 27,7 пайызына ғана есептегіш құралдары қойылды. Орнатылған қондырғылардың шығын өтемі үшін 12 айға дейін кейіннен есеп айырысу да қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, жылу қуатының үнемі енді тұрғындардың тек өздеріне байланысты. Ол үшін бүтіндей көппәтерлі үй тұрғындары ортақ пәтуаға келіп, монополист компаниямен келісімшартқа тұрып, жылу есептегіш құралын орнатса болғаны.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp