Әлемдік экономикалық дағдарыстың екінші толқынының қаупі әлі де сейілер емес. Оның бір нышаны бүгінде жастар арасында өсе түскен жұмыссыздықтан аңғарылады. Бұл туралы Берлинде өткен еңбек нарығындағы проблемаларға арналған конференцияның қорытындысы бойынша сөйлеген сөзінде Германия канцлері Ангела Меркель осы өзекті мәселені шешу Еуроодақ үшін басты мақсаттың бірі болып табылатынын айтып, оған еуропалық мемлекеттердің 8 млрд. еуро бөлуге дайын екенін мәлімдеді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Келесі жылдың басына дейін осы қаржы арнайы қорға түсе бастауы үшін ЕО мемлекеттері оның құқықтық алғышарттарын жасауы тиіс”, – деп атап көрсетті герман үкіметінің басшысы. Сондай-ақ конференцияны ұйымдастыруға бастамашы болған канцлер проблеманы жалғыз қаржылық құралдар арқылы шешудің жеткіліксіз екенін де ескерте кетті. Оның айтуынша, бірыңғай валюталық одақ елдері қажетті реформалар жүргізіп, шағын және орта кәсіпорындар үшін кредиттік шарттарды жеңілдетуі керек.
Қазіргі уақытта Еуропада 25 жасқа дейінгі 5,5 миллионға жуық жастардың жұмыс орындары жоқ. Ол негізінен экономикалық дағдарыстан неғұрлым мол зардап шеккен Еуроодақтың оңтүстік елдерінің азаматтарына қатысты. Грекияда бұл проблема жастардың – 60 пайыздан астамын, Испанияда – 60 пайызға жуығын, ал Италияда 40 пайыздайын қамтыған.
Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күреске Еуроодақ бұрын таяудағы екі жылға 24 млрд. еуроға дейін бөлді, соның ішінде 6 миллиардты кейінге қалдырмайтын көмек түрінде көрсетті. “Егер осы 6 миллиардты екі жылға бөлер болсақ, онда жұмыссыз әр адамға аптасына небәрі 10 еуродан ғана тиеді”, – деп германдық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Михаэль Зоммер “Феникс” телеарнасына түсінік берді. “Құр сылдыр сөз бен бос уәденің уақыты өткен”, – деп атап көрсеткен ол валюталық одақ елдері үкіметтерін көкей-кесті проблеманы шешу үшін бірігіп зор күш салуға шақырды.
Осы уақытта Германияның оппозициялық Социал-демократиялық партиясының төрағасы Зигмар Габриэль канцлер бастамашылық еткен қатал үнем шараларын еске түсіре отырып, “Ангела Меркель еуропалық жастардың болашағын ұрлауда”, деп мәлімдеме жасады. Ол банктерді қаржылық қыспақтан құтқаруға жұмыссыздықпен күреске қарағанда анағұрлым мол көлемдегі сома бөлінуін “үлкен ұятты жайт”, деп атады.
Айықпай тұрған экономикалық дағдарыстың салқыны алдымен саясатқа ықпалын тигізері сөзсіз. Іс жүзінде Оңтүстік Еуропаның барлық елдері Германияда 22 қыркүйектегі сайлауда үшінші мерзімге дауысқа түскелі отырған Ангела Меркельді айыптауда. Өйткені, Грекия мен Португалия сияқты елдер жастар арасында шарықтап кеткен жұмыссыздыққа қайран жасай алмай, дал болуда. Енді халықаралық кредиторлар тарапынан бөлінген қаржының бір бөлігін соған бағыттаудан басқа амал жоқ.
Дағдарысқа байланысты экономикалық келеңсіздік көрінісі Португалияда айқын аңғарылып отыр. Ел экономикасы рецессиялық жағдайда, биыл ол 2,3 пайызға қысқарады деп күтілуде. Соңғы күндері елде жоспарланған қатаң үнем реформасына қарсылық ереуілдері өтуде. Коалициялық үкімет құрамына енетін кабинеттегі аз мүшелі Халықтық партия өкілдері отставкаға кетуде. Мысалы, өткен аптада қызметімен қош айтысқан қаржы министрі Виктор Гашпардан соң сыртқы істер министрі Пауло Порташ та отставкаға кетті. Ел премьер-министрі Педро Пасуш Коэлью де өз қызметінен кетпек ойда. Осының бәрін көріп, біліп отырған президент Анибал Кабаку Силва таяуда барлық партия өкілдерімен кездесіп, дағдарыстан шығудың амалын іздеп көрмекші.
Бұл мәселе біздің Қазақстан Республикасында да алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Жуырда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыссыздар арасында жоғары білімі бар жастардың көптігін айтты. “Бірқатар алаңдатарлық үрдіс бар. Біріншісі – жұмыссыз жастар құрылымының өзгерісі. Жалпы жұмыссыздық азайып келе жатқанымен, жұмыссыз жастар арасында жоғары білімді және кәсіби-техникалық білімі бар жастар үлесі көп”, – деді ол Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, 2001 жылмен салыстырғанда, Қазақстанда жұмыссыз жастар саны 4 есеге азайып, 3,8 пайызды құраған. Бұл Еуропа мен ТМД елдерінен әлдеқайда төмен, олардың көбінде жастар арасындағы жұмыссыздық 18 пайыздың төңірегінде, кейбір елдерде оның 60 пайызға дейін жетіп отырғанын жоғарыда айттық. Бұл мәселенің елімізде “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша біршама шешілгені рас. Енді биылғы жылы Парламентке жастар саясаты жөніндегі жаңа заң жобасы енгізілмекші. Әрине, осынау күрделі мәселенің дұрыс шешілуін көздейтін жаңа заң актілері бұл іске пайдасын тигізері анық.
Осы тақырыптың аясында Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтеріне де көз жүгірткен артық емес. Қазір дүйім дүниеде 15-24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы, шамалап айтқанда 75 миллион тепсе темір үзетін жас жұмыссыз жүр. Ұйымның мынадай бір дерегі тіптен дене түршіктіреді: 6 миллиондай адам жұмыс табудан мүлде күдер үзіпті. Былтырғы “Араб көктемінің” аласапыранынан кейін Солтүстік Африкадағы жастардың 27,9 пайызы жұмыссыз қалды. Жұмыссыздықтың пайызы Шығыс Азияда да оңып тұрған жоқ. Ұйымның дерегінше, экономикасы серпінді дамып келе жатқан Шығыс Азияда да жастар арасындағы жұмыссыздық ересек адамдармен салыстырғанда 2,8 есеге жоғары. Ал Орталық Азиядағы оның ішінде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кеңбайтақ Қазақстандағы жастар жұмыссыздығы деңгейін Бақыт Жұмағұловтың айтқанындай емес, сыни көзбен шолып өткен де артық емес. Бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздардың 71 пайызын ауыл жастары құраса, сол жастардың 76 пайызының жоғары білімі жоқ, тек жалпы мектептік орта білімі ғана бар. Демек, оларды пайдалы бір мамандыққа оқытудың өзі болашақта Үкіметтің күн тәртібінде талқыланып, таразылануы тиіс.
Бүгінде жастар саясаты саласында әлеуметтік маңызы бар 76 жоба жүзеге асырылу үстінде. Оның ішінде “Ауыл жастары”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар кадрлық резерві”, “Жастар – Отанға!” және “Жастар тәжірибесі” сияқты жосықты жобалар бар. Олардың бәрі алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған.