«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАНДУС ДЕГЕН АТЫ ҒАНА…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы мен “Жас Отан” жастар қанатының өкілдері Петропавл қаласының әлеуметтік қызмет көрсету нысандарында мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың мүгедек қоларбасымен кіріп-шығуына арналған баспалдақтар мен пандустардың бар-жоғын анықтау мақсатында рейд жүргізді. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шара барысында облыс орталығындағы әлеуметтік қызмет көрсету нысандарының басым бөлігінде мүгедек қоларбасына таңылған мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустардың мүлдем қарастырылмағаны анықталды. Ал кейбір мекемелерде пандус болғанымен, ол тым ыңғайсыз етіп жасалған. Оған мүгедек түгіл сау адамның өзіне көтерілу қауіпті.

– Белгіленген ереже бойынша пандустың иілу бұрышы 130 градус, ал ені 1 метрден асуы шарт. Өкінішке қарай, біздің қаламызда жарымжандарға қолайлы жағдай жасамаған мекемелер табылып, біз тексеріп үлгерген нысандардың басым бөлігі мүгедектер үшін бейімделмегенін көрдік. Мәселен, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерде пандус бар болса да, ол арқылы өздігімен шығу мүмкін емес, – деген “Жас Отан” жастар қанаты қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұса Танақұловтың айтуынша, рейд барысында облыс орталығының 150-ден астам әлеуметтік қызмет көрсету нысаны тексеріліп, олардың 85 пайызында кемшіліктер тіркелген. Атап айтқанда, олардың басым бөлігінде пандус қойылғанымен, ол не тым қысқа, не мінуге қиындық туғызатын тым биік.  

Бір апта бойы жүргізілетін рейдтің екінші күні жасотандықтар Қазақстан Конституциясы көшесі бойында орналасқан әлеуметтік нысандарды тексеріп, бар кемшіліктерді тізіп жазып алды. Атап айтқанда, жер-жерде тік, тайғақ плиткалармен жабылған пандустар мен сәнді пластик есіктердің биік табалдырықтарымен бетпе-бет келдік. Мысалы, қала әкімдігінің жанында орын тепкен “БанкЦентрКредит” АҚ-ның пандусы ережеге сай мүгедек қолар-басымен көтерілуге ыңғайлы етіп салынған. Әйткенмен, есік алдында төселген өрнектастың асфальт бетінен 4-5 сантиметрге биік төселгені жарымжандарға айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ өңір жастарының жиі жиналатын орындарының бірі – “Айналайын” асханасының алдындағы пандус тайғанақ материалдардан салынғандықтан, мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындары үшін онымен көтерілу қиынға соғады.

Белсенді жастар сонымен бірге Қазақстан Конституциясы көшесі бойында орналасқан “БТА” банкі филиалында, “Кәсіптік одақтар үйінде”, “ЦУМ” супермаркетінде және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқу корпустарының бірде-бірінде пандустар салынбағандығын қағаздарына түртіп алды.

Шараны ұйымдастырушылар анықталған кемшіліктердің басым бөлігі аталмыш нысандардың бастапқы құрылыс жобасын әзірлеу кезінде жіберілген олқылықтардан болып отырғандығын тілге тиек етті. Сол себепті, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында дүкен ашқан азаматтар пандус орнатуға ниеттенсе де, оны жүзеге асырар мүмкіндіктері жоқ.

Өңір мүгедектерінің өздерін қолайлы сезінетін және бөгде біреулердің көмегінсіз қозғалып жүре алатын жерлері өте аз. Кей мекемелерде пандус болғанымен, ондағы биік басқыштар мүгедектерге тағы бір елеулі кедергіге айналып отыр. Ондай жағдайда мүгедекті бірнеше адам көтеріп жүруге тура келеді.

– Қоларбаға таңылғаныма біраз жыл болды. Көп ұзамай біздегі пандустардың арқасында спорттың экстремалды түрін меңгеріп алатын шығармын, – деп мұңайған І санаттағы мүгедек Зоя Малышева қаланың көптеген ғимараттарына кіре алмай, әуре болатындығына қынжылады. Барар жеріне жете алмай, жаны қиналған мүгедектің сөзін естіген жасотандықтар рейд барысында анықталған барлық кемшіліктердің тізімін жасап, жауапты органдарға жолдайтындықтарын жеткізді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp