Есіл аудандық прокуратурасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі талаптарын сақтамау фактілерін анықтады. Есіл аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері әкімшілік тұтқындау туралы қаулыны орындауда заң бұзушылыққа жол бергені үшін жауапқа тартылды.
Ішкі істер органдарының арнайы қабылдағыштарының қызметін ұйымдастыру ережесінің 13-бабының 8-тармақшасына сәйкес ішкі тәртіпке сай кезекші ұсталған азаматтарды қатаң бақылауға міндетті. Істі болған тұлғалардың денсаулығы нашарлаған жағдайда, бұл туралы медицина қызметкерлеріне хабарлап, ал мұндай мүмкіндік болмаған сәтте жедел жәрдем көрсетуге тиіс. АІІБ УОҰ жедел кезекшісі Е.Базарбаев АІІБ бастығы Е.Сұлтановтың ауызша нұсқауымен ауданның ІІБ әкімшілік тұтқындалған тұлғаларын шығарып, жедел кезекші бөлімге тапсырған. Кезекші бөлімнің аға инспекторы Б.Базарбаев пен АІІБ кезекшісінің көмекшісі С.Әбілқасов өз кезегінде АІІБ бастығының ауызша нұсқауымен әкімшілік тұтқындалған тұлғаларды АІІБ аумағын тазалатуға шығарған. Осы сәтте әкімшілік тұтқындалғандар О. Лопатин мен Е. Смолин АІІБ қызметшілері тарапынан бақылаудың болмауын пайдаланып, өз беттерімен полиция бөлімінен шығып кеткен. Олар Явленка ауылында орналасқан “Универмаг” дүкенінде болған кезінде аудандық прокурор көмекшісінің назарына іліккен. АІІБ УОҰ бастығы келгенше, бұл екі азамат аудандық прокуратураның ғимаратында ұсталды. Олар дүкенге шылым мен сүлгі алу үшін шықтық деген.
Бұған қоса О. Лопатин мен Е. Смолиннің АІІБ-нің шаруашылық жұмыстарына заңсыз тартылғаны анықталды. Ал, негізінде, аудан полицейлері ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкес ұсталған тұлғаларды тек соттың үкімімен немесе төтенше жағдай және соғыс кезінде ғана жұмысқа тартуға құқылы.
Жоғарыда аталған заң бұзушылық АІІБ қызметшілерінің өз міндеттерін жауапкершілікпен орындамауы салдарынан орын алған. Бұған қоса АІІБ бастығы сот шешімін елемей, қол астындағы қызметкерлеріне тиісті бақылау орнатпағаны үшін кінәлі болып отыр. Аудандық прокуратура осы олқылықты жою жөнінде облыстық ІІД-ге тиісті құжат жолдады. Нәтижесінде 3 тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.