«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӨНДЕУДІҢ ОРНЫНА “ЖЕЛПІНБЕК” БОЛҒАН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда “Мazda” автокөлігі тұрғын үйге соғылды. Жүргізуші рульге мас күйде отырған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Жол полицейлері таңғы сағат 4 шамасында Өзен порты жақтан жүйткіп келе жатқан жеңіл көлікті байқаған. Жүргізуші жол сақшыларының көлікті тоқтату туралы бұйрығына мән бермеген. Қайта жылдамдықты асырып, қала ішінде жасырынбақ болыпты. Соның салдарынан Совет көшесі бойында орналасқан тұрғын үйге барып соғылған.

“Тексеру барысында жүргізушінің мас екендігі анықталды, көлікке құжаттары болған жоқ. Жедел іздестіру тобы шақырылып, ер адамның бөтен көлікті рұқсатсыз мінгені анықталды”, – деді Жол полициясы басқармасының батальон инспекторы Максим Роговой.  

Көлік иесінің жүргізушінің жанында болған екінші ер адамға “темір тұлпарын” жөндеуге тапсырып кеткені белгілі болды. Автомеханик көлікті рұқсатсыз мініп, жанына жаңағы мас жігітті отырғызып, саяжайға жол тартпақ болған. Осы арада алкогольдік ішімдік ішкен. Қалаға қайтып келе жатқандарында жол полицейлерінің назарына іліккен.

Мүлікті бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көлікті айдап әкету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау жайы қаралуда. Күдіктілер шекарадан аспау жөнінде қолхатпен босатылды.

Автокөлікті жүргізген 20 жастағы жігіт бұрын да осындай қылмыс бойынша істі болған. Ал, автомеханик әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Қазіргі уақытта сараптама жасалуда. Тергеу қорытындысы бойынша айыпталушылар жауапқа тартылады.

Жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізгендердің кесірінен 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тауып, 19-ы жарақат алды.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp