Облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев жуырда “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға техникалық қызмет көрсету стансасында (ТҚКС) автокөліктерді жөндеумен айналысатын жеке кәсіпкер А.Кондрахин деген азамат келді. Оны “ТҚКС-та жинақталатын сылау топырақтары, ескі майлар сияқты қалдықтармен жұмыс істеу барысында қандай экологиялық талаптарды орындау керек?” деген сұрақ толғандырып жүр екен.
Д.Әлиев оған Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, осы қалдықтармен жұмыс істеу барысында міндетті түрде қауіпсіздікті қадағалау қажеттігін, атап айтқанда, келісімшарт бойынша арнайы мекемеге қайта өңдеуге жіберу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, департаментте қауіпті қалдықтардың төлқұжаттарын жасатып, тіркеу қажет. Экологиялық заңнаманың талаптары орындалмаса, ҚР “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінің 270, 261-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жеке кәсіпкер Ю. Козарьді “Қазгидромет” РМК-нің мүмкіндіктері шектеулігіне байланысты облыс елді мекендерінде қоршаған ортаның фондық қоюлығы туралы сапа параметрлерінің жоқтығы жөніндегі мәселе қызықтырды. Данияр Әлиевтің түсіндіруінше, атмосфералық ауаның ластануы үнемі бақыланып отыратын, тұрғындар саны 10 мыңнан аз елді мекендерде РД 52.04. 186-89 талаптарына сәйкес ластандырғыш заттардың шоғырлану көлемін фонды есепке алмай-ақ жүргізуге болады. Сонымен қатар, қажетті сараптама нәтижесінде сараптама кеңесі облыс аудандарында фондық шоғырланудың орташа деңгейін белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл көрсеткіш жобалау барысында пайдаланылуы мүмкін Ю.Козарь департамент басшысының ниетіне қолдау білдірді.
Қоғамдық қабылдауда, бұған қоса, коммуналдық қалдықтар туралы сұрақ та қойылды. Жалпы қоршаған ортаны қорғау жөнінде төрт мәселе қаралды, департамент басшылығы табиғат пайдалану және экология мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауды үнемі өткізіп тұратындығын айтты.