«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ НАЗАРЫНА ҰСЫНЫЛҒАН “ЕГІН” диірмен-макарон кешенінде 140-тан астам жаңа жұмыс орны ашылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының Явленка ауылындағы “Егін” ЖШС-і – Қызылжар өңірінде астық өсірумен, оны толық ұқсатумен және өткізумен айналысатын бірегей ірі агроқұрылым. Оның өнімдері облысымыз бен республикамыздан тысқары Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ауғанстан елдеріне де шығарылады. 

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Егін” ЖШС-нің бас директоры Владимир Чубыкиннің айтуына қарағанда, агро-құрылымның тарихы 2000 жылдан басталады. Сол жылы Владимир Борисович ауылға кіреберісте орналасқан бұрынғы аудандық ауыл шаруашылығы техникасы кәсіпорны аумағын сенімді басқаруға алып, егіншілікпен айналысатын серіктестік құрған болатын. Ол кезде қарамағында еңбек ететін механизаторлардың саны 30-ға да жетпейтін. Жаңа құрылым 4 мың гектардай алқапқа ғана иелік етті. Бірінші жылғы егістік 12 центнерден өнім берді. Бұл жетістіктің алғашқы қадамы еді.

Андрей Дудко, Ғалымбек Ахметов сынды сенімді көмекшілерінің арқасында әрі аудандық және облыстық әкімдіктердің қолдауымен Владимир Чубыкин серіктестіктің алқабын біртіндеп ұлғайта отырып, егістік көлемін 7 мың гектарға жеткізді. Соған орай машина-трактор паркін осызаманғы озық техникалармен жаңғыртуды да қолға алды.  

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін баса айтып, оны түбегейлі шешу мен жүзеге асыруды Үкіметке тапсырып отырғандығын баса айтқым келеді. Біз соның нәтижесін көріп келеміз.

“ҚазАгроҚаржы” компаниясы арқылы лизингке алған техникаларымыз ешкімнен кем емес. Қазір 4 “Джон Дир” себу кешені, 18 “Джон Дир” комбайны, өздігінен жүретін 2 “MacDon” кеңалымды жаткасы, 3 кеңалымды тіркемелі жатка, 8 “КамАЗ” машинасы, 5 “МТЗ-82” тракторы мен дәрібүріккіш қондырғылар көктемгі, жазғы және күзгі дала жұмыстарын толық атқаруға мүмкіндік береді. Егіншілікпен айналысатын механизаторларымыздың саны ғана бүгінгі күні 50-ге жетіп отыр. Бәрі де – жергілікті тұрғындар, – дейді серіктестіктің бас директоры.

Машина-трактор паркінің жаңғыруына байланысты шаруашылық ылғал сақтау технологиясын барынша пайдалануға күш салды. Ол өз нәтижесін бере бастағандай. Агроқұрылым бидайдың “Омбы-36”, “Омбы-38” және “Астана” сұрыптарына басымдық бере отырып, 2011 жылы 7 мың гектар егістік алқаптан 30 центнерден өнім алса, былтырғы қуаңшылықтың өзінде гектар берекелілігі 13,9 центнерден айналыпты.

Серіктестіктің өндіріс орнында астықкептіргіші бар бидай тазалайтын кешен жұмыс істейді. Астық сақтайтын қойманың сыйымдылығы 20 мың тоннаны құрайды.

2009 жылы серіктестік басшылары маңдай термен өндірілген бидайды өз кәсіпорындарында толығымен ұқсату және одан алынған өнімді өткізу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп оны біртіндеп іске асыруға кіріседі.

Келесі жылы-ақ іскер басшылар сөзінде тұрып, Үкіметтің қолдауымен 150 млн. теңгенің жобасын жүзеге асырды, былайша айтқанда, тәулігіне 120 тонна бидай өңдейтін немесе 90 тонна ұн өндіретін диірмен кешенін пайдалануға берді. Оған түркиялық құрал-жабдықтар орнатылды. Соның арқасында 44 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге астық сақтауға арналған сыйымдылығы 12 мың тонна болатын 4 қондырғы іске қосылды. Бұл басты мақсатқа қол жеткізу үшін жасалған алғашқы әрі нәтижелі қадамдар болатын.

– Түпкі ойымызды жүзеге асыруға Елбасының бастамасымен жасалған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы барынша көмек көрсеткенін ерекше айтқым келеді. Біздің құны 500 млн. теңге болатын жобамыз облыстың Индустрияландыру картасына енгізілді. Соған орай аз уақыттың ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Жан-жақты қолдау өз нәтижесін берді. 2011 жылғы 12 желтоқсанда Елбасы қатысқан телекөпір барысында біздің қуатты диірмен-макарон кешеніміз іске қосылды. Өткен жылы 360 тонна макарон өнімдерін, 8631 тонна диірмен өнімдерін шығардық. Биылғы жартыжылдықтағы көрсеткішіміз де өзіміз жоспарлағандай, – дейді “Егін” ЖШС-нің бас директоры Владимир Чубыкин.

Владимир Борисовичтің айтуынша, жаңа жобаға қажетті қаражатты “ҚазАгроҚаржы” компаниясы лизингке берді. Кәсіпорынға керекті италияндық қондырғылар 1 млн. АҚШ долларына сатып алынды. Кешен ғимаратына “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің сэндвич-панельдері пайдаланылды. Оны облыс орталығындағы Шамиль Хасенов басқаратын “Жерден” ЖШС-нің құрылысшылары жылдам құрастырып шықты. Өндіріс орнына сән беретін зәулім ғимаратқа 8 түрлі макарон өндіретін, кептіретін, қаптайтын заманауи қондырғылар орнатылды.

Облыс басшыларының белсенді қолдауы арқасында бюджет қаражаты есебінен өндіріс орнында тағы қосымша екі жоба жүзеге асырылды: кәсіпорынды қажетінше электр қуатымен жабдықтайтын қондырғы орнатылды, сол сияқты өндіріс орны аумағына орталықтандырылған су беру желісі тартылды.

Макарон өнімдерін өндіретін цехтың қуаттылығы жылына 4 мың тоннаны құрайды. Онда “mr*MacCaroni” маркасымен 0,25; 0,35; 0,4; 1; 2; 3; 4; 4,5; 5 килолық қаптамаларда макаронның вермишель, перо, бүрме, түтік кеспе, “бесбармақ” кеспесі, айғұлақ (ракушка), шиыршық, жайма сияқты түрлері шығарылады. Олар Қызылжар өңірінде өндірілген сапалы бидай ұнынан жасалады. Табиғи өнімдерге 875-92 Мемстандарт талаптарына сәйкес ешқандай бояғыш заттар мен қоспалар қосылмайды.

Кәсіпорын 2; 5; 25; 50 килолық қаптама мен қапшықта жоғары және 1-сұрыпты ұн, түйіршіктелген витаминді кебек өндірумен де айналысады.

Жасалу кезеңдерінде өнімдердің сапалы болуына басты назар аударылады. Дайын тауарлар зертханалық бақылаудан өткізіледі.

Осындай жолмен шығарылған өнімдер ішкі және сыртқы нарықта өз тұтынушыларын таба бастапты. Оған макарон өнімдері мен ұн бағасының қолжетімділігі, тұтынушыларға сатып алу үшін қолайлы қаптамаларда шығарылатындығы, бәрінен бұрын тауардың сапалылығы әсер етіп отырғандығы сөзсіз.

– Облыс орталығында, шағын цехтарды қоспағанда, макарон өнімдерін шығаратын аса ірі “Сұлтан” ЭДМК кәсіпорны бар. Онымен нарықта бәсекелесе қою, өз тұтынушыларымызды табу оңай шаруа емес. Соған қарамастан, кәсіпорын іске қосылғаннан бері “Қазақстанның үздік тауарлары” байқау-көрмесіне, “Қараөткел – 2012” агроөнеркәсіп жетістіктері көрме-жәрмеңкесіне қатысып, Ауыл шаруашылығы министрінің дипломымен марапатталдық, өңірлік байқаулардың жүлдегерлері атандық.

Өнім сапасына және шығарған өнімдеріміздің бәсекелестігіне сараптама жүргізіп отыру үшін “ПитерСинегория” ЖШС-мен тығыз байланыс жасап келеміз. Облыста ресми дистрибьюторлықпен айналысатын серіктестік сарапшылары біздің “mr*MacCaroni” маркасымен шығарылатын өнімдеріміздің бағасының арзандығы мен жоғары сапасы ғана емес, тұтынушыларды көптүрлілігі, тез әзірленетіндігі (5-7 мин.), сонымен бірге қаптамасының ашықтүстілігі де қызықтыратындығын атап айтты. Осыған қарап өнімдеріміздің таныла, ауылдар мен қалалардағы үй шаруашылығымен айналысатын әйелдер арасында сұранымға ие бола бастағанын, сапа жағынан басқа сондай өнімдерден кем түспейтіндігін байқаймыз.

Нарықты жаулап алу үшін атқарылар жұмысымыз аз емес. Кәсіпорын қуатының 50 пайызға жуығы ғана пайдаланылатындығы да осы жағдайға байланысты болып отыр. Орталық Азия республикаларынан басқа өңірлерден де өз тұтынушыларымызды табуымыз керек, – дейді көпсалалы кәсіпорынның басшысы Владимир Чубыкин.

Кәсіпорын іске кіріскеннен бері диірмен-макарон кешенінде 140-тан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні жинақталған тәжірибе, заманауи құрал-жабдықтар мен онда жұмыс істейтін Виктор Фисенко, Евгений Теплинский, Александр Иванов, Мария Омольченко, Татьяна Муравьева сынды білікті мамандар серіктестіктің өміршеңдігін және бәсекеге төтеп бере алатындығын дәлелдей түсуде.

Серіктестік басшылары мақсатымызға жеттік деп қол қусырып отыратын жандар емес. Сағатына 40 тонна астық тазалайтын екінші “Целинная-40” қондырғысының құрылысын жүргізіп жатыр.

– Серіктестіктің осызаманғы озық техникалардан жасақталған машина-трактор паркі мен жұмыс күшінің бүгінгі әлеуеті зор. Кемінде 10 мың гектар егістік алқапты игеруге қауқарлымыз. Оның үстіне өндіріс орнын шикізатпен қамтамасыз ету үшін жыл сайын облыс шаруашылықтарынан 3-4 мың тоннадай қосымша бидай сатып алуға мәжбүрміз. Диірмен-макарон кешенінің қуатын арттыра түскен сайын өз өніміміздің аздық ететіндігі байқала түспек. Жер көлемі ұлғая қалса, соған әзір болайық деген ниетпен механикалық қырманымызды жетілдіре түсуді жалғастырып жатырмыз, – дейді Владимир Борисович.

  Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp