«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕШЕ – ЖҰМЫССЫЗ, БҮГІН – КӘСІПКЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Құрылыс материалдары қашанда сұранысқа ие. Сондықтан ақжарлық Нұрлыбек Смайылов өзінің қолынан келетін кәсіпті нәсіп етіп, биыл күл аралас құмнан жасалатын кірпіш өндіру ісін қолға алып отыр. Үй ауласындағы кең жерді өндіріс алаңы етіп, бүгінгі таңда онда қарқынды жұмыс жүргізуде. Осыдан бір жыл бұрын жұмыссыздар қатарында болған Нұрлыбек былтыр ғана құрған жеке кәсіпкерлігін әкесінің атымен “Сағындық” деп атапты. Оның бұл шешімінде осыдан жеті жыл бұрын бақилық болған әкесіне деген құрмет пен сағыныш белгісі жатса керек.  

– Әкем мені қасына ерте жүріп, әр нәрсеге баулитын. Бүгінде сол алған тәлімімнің арқасында қолым көп іске епті. Оның көтерген шаңырағының түтінін тік ұшырып, ұрпағын жалғастырып, балаларымның ел қатарлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатымен өмір сүремін. Сондықтан мемлекетіміз шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап тұрған кезде, ол мүмкіндікті пайдаланбау қисынсыз болар, – дейді жас кәсіпкер.  

Нұрлыбек Сағындықұлы былтыр қой шаруашылығын дамытуды қолға алса, биыл құрылыс материалдарын өндіру ісін дөңгелете бастаған. Сондай-ақ өзі өндірген кірпіштен ғимарат соғып, болашақ дүкеннің қазығын да қағып қойыпты. Мінезі тұйық, сөзге сараң Нұрлыбек өзінің жоспарлы әрекеттерін ашық айтпаса да, оның бір жылдың ішінде осынша істі қатар алып жүруге ұмтылуы, біріншіден, қолынан келетін іс арқылы өз қабілетін көрсету болса, екіншіден, отбасылық табыс пен жұмыстың ұдайы жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсаты аңғарылады. Кәсіпкердің қарамағында бүгінгі таңда үш бақташы, төрт кірпіш құюшы, төрт құрылысшы еңбек етеді.

Кәсіпкердің өндіретін кірпіштерінің шикізаты оған арзанға түседі. Құрылыс материалының қоспасына керек күлді өндіріс басына аудан орталығындағы мекемелердің өздері тегін әкеп тастайды. Содан жасалған кірпіштің біреуі 120 теңгеден сатылады. Бұл – нарықтағы төмен баға.

– Біз “бір оқпен екі қоян атып” отырмыз. Біріншіден, отын-көмір қалдықтары күл-қоқысқа шығарылып, табиғатты ластамайды, екіншіден, одан кірпіш жасап, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отырмыз. Мен құм мен балшықты ғана сатып аламын, – дейді кәсіпкер.

Күннің көзінен қалқалап, желге қақтырылып кептірілетін кірпішті құю оңай шаруа емес. Егер оның құрамындағы қоспаның мөлшері дұрыс болмаса, тауардың сапасы кемиді. Тіпті, сатып алушы тауарды тексеру үшін кез келгенін алып, бар күшімен жерге тастаған кезде, ол қақ жарылса, тұтынушы теріс айналып жүре береді. Сондықтан кәсіпкер күн ұзаққа өндірістің басықасында жүріп, әр кірпіштің жасалуына үлкен мән береді.

Нұрлыбек Смайылов 2012 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге несие алып, оған 100 бас саулық қой сатып алған еді. Бүгінде кәсіпкердің көңілі орнығып, бастаған ісінен жақсы нәтиже шығару үшін жанталаса еңбек етіп жатқандығы ер-азаматқа жарасымды.

– Жайылымдық жер бар, су бар. Енді ерінбей еңбек етсек болғаны. Биыл қыс төл алып, келер жылы оны базарға шығарып, пайда көрмекпін. Бір жарым жылдан кейін бағдарлама бойынша алған несиемнің алғашқы төлемдері басталады, қарызды жаба бастауымыз керек. “Көз қорқақ, қол батыр” деген шын екен. Ештеңеден қаймықпай, ойлаған ісіңді бастап кетсең, одан кейін ол күн сайынғы еңбекпен әрі қарай жалғаса береді, – дейді ол.

СУРЕТТЕ: жас кәсіпкер Н.Смайылов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp