«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ҚҰРАМАСЫ – спартакиада жеңімпаздары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шілденің 18 –19-ы аралығында облыс орталығында солтүстік өңірдің Балалар үйлері тәрбиеленушілері арасында өңіраралық спартакиада өтті. Оған Астана, Петропавл қалаларынан және Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан 100-ден астам жас спортшы қатысты.

Бәсекелі дода шағын футбол, баскетбол, үстел теннисі, дойбы және жүзу сияқты спорттың 5 түрін қамтыды. Спартакиадада қарсыластарын шаң қаптырып, жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар атануға барын салған 11-15 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілерінің бойынан жеңіске деген құлшыныстары мен талаптары зор екендігі байқалды. Балалардың тартыстарын тамашалауға келген көрермендер мен жанкүйерлердің де ұрандап, қызу қолдау білдіріп, спортшыларды жеңіске жігерлендіріп отырғандығын айта кеткен жөн.

Спорттық шара барысында баскетбол алаңында петропавлдық жасөспірімдер Ақмола облысынан келген қонақтарды қабылдаған болатын. Ойында деңгейлері бірдей болғанымен, намысты қолдан бермеген жерлес команда 39:14 есебімен жеңіске жетті.  

– Жарыс алаңында сайысқа түскен бұл жастар алдағы уақытта әлем ареналарында ел намысын қорғайтын майталман спортшыларға айналуы әбден мүмкін, – деген жарыстың бас ұйымдастырушысы Евгений Рыбалко, аталмыш спартакиаданың еліміздің басқа да өңірлерінде өткізу жоспарда бар екендігін атап айтты.

Сайыстың қорытындысы бойынша Петропавл құрамасы шағын футбол, баскетбол, үстел теннисінен топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді. Ал жүзу және дойбы тартыстарының бас жүлдесін Ақмола облысының спортшылары еншіледі.

Жалпыкомандалық есепке келер болсақ, үздік ұпай жинаған алаң иелері мен астаналықтар ақшалай сыйақыға ие болды. Ал Айыртау ауданының құрамасы 3 орынға табан тіреді. Барлық жеңімпаздарға грамоталар мен медальдар табыс етілді.

Жарыс барысында суырылып алға шыққандардан алдағы уақытта байрақты додаларда өңір намысын қорғайтын құрама жасақталады.

(Өз тілшімізден.)

Суретті түсірген автор.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp