Биыл облыс басшысы Самат Ескендіровтің бастамасымен әбден тозығы жеткен өңірішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Солардың бірі – Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово бағытындағы жолдар.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ондағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге тендерді “Көкшетау жолдары” мердігерлік компаниясы ұтып алған болатын. Жол жөндеу жұмыстарына компания жұмысшыларымен бірге Тайынша ауданынан да адамдар тартылған. Барлығы 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Еңбеккерлердің жалақылары 70-80 мың теңгеден асады.
– Биылғы жылы 1 млрд. 303 миллион 562 мың теңге қаражат бөлінді, оған 9,4 километр жолға жөндеу жүргізілуде. Оның 7,7 километріне 1 млрд. 65 миллион 671 мың теңге республикалық бюджеттен бөлінсе, 1,7 километріне облыстық бюджеттен 237 миллион 891 мың теңге қосымша қаражат қарастырылды. Келлеровкадан Тайынша қаласына қарай салынып жатқан жол биылғы маусымда 29 километрді құрайтын болады. Бірақ, маусымның аяқталып қалуына орай аудан орталығына 6 километр жетпейді. Ол ендігі жылға қалады. Бұл жолдар Чкаловқа дейін жөнделетін болады. Жөндеу жұмыстары уақтылы әрі сапалы жүргізілуде. Оның салыну уақыты қаншаға дейін созылатыны қаражат бөлінуіне байланысты, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Жаров.
Ерлан Қайырұлының айтуынша, асфальтты “Көкшетау жолдары” компаниясы өздерінің зауыттарынан тасу үстінде. Қажетті материалдар мен оларды тасымалдайтын, жөндеу жүргізетін техникалардың барлығы мердігер компаниянікі.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.