«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕКЕТ ТӨЛЕУ – ПАРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрлан ЖҰМАБАЕВ,

ҚМДБ “Зекет” қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі.

Жылдан-жылға халқымыздың арасында, әсіресе, жастар ішінде ата дініне бет түзеп, намазын оқып, оразасын ұстап, қажылыққа да барушылардың саны артуда. Алла разылығы үшін адал мал-мүлкінен, табысынан жырып беріп, талай жанның батасын алып жүрген азаматтарымыз да аз емес.  

Исламның парыздарының бірі – зекет. Зекет беру, намаздан кейінгі құлшылық етудің ең жақсы түрі, әрі күнәлардың кешірілуіне себеп болатындығы Құранда нақтылы айтылған. “Олардың мал-мүлкі көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың мал-мүліктерінен Зекет ал”, – делінген “Тәубе” сүресінің 103-аятында.

Зекет парызын өтеу туралы сұрақтар көптеп түсуде, енді соларға жауап берейік.

– Зекеттің шариғаттағы мағынасы қандай?

– Қоғамдағы мұқтаж адамдарға қаржыны (мүлікті) риясыз көмек ретінде нисабқа жететін, байлыққа ие болған адамның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла тағаланың ризашылығы үшін беруі.

– Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға Зекет беруге бола ма?

– Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға Зекет беру парыз емес, дегенмен де, өзі басқарып отырған мекемелерде еңбек етіп жүрген азаматтардың бір бөлігі мұсылман дінін ұстайтын азаматтар болса, Зекет қорын молайтуға атсалысуға еш кедергі жоқ.

– Күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттіліктер қандай және олардан зекет алына ма?

– Күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттіліктер:

1. Тұрғын үй, жиһаздар мен шаруашылыққа керекті аспаптар.

2. Жақын арада міндетті түрде пайдаланылатын мал.

3. Ғылыммен айналысатын адамдардың кітаптары және өнер адамдардың керекті құралдары мен аспаптары.

4. Өзіне және отбасына жететін бір айлық азық-түлік, киімкешектері, дәрі-дәрмектер.

5. Ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдардың трактор, комбайн сияқты құралдары мен жабдықтарынан зекет алынбайды. Бірақ бұл құралдармен жұмыс істеп, ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет алынады.

– Зекет берілетін байлықтың өсімділігінің жолы қалай анықталады?

– Зекет берілетін байлықтың өсімді болуы иесіне кіріс кіргізу жолымен анықталады. Мысалы, сауда заттарының сауда жасау арқылы мал-жануарлардың төлдеуі, алынған өнімдердің өтуі, егіс, бау-бақшаның жеміс беруі арқылы иесіне кіріс кіргізуі сияқты. Алтын, күміс, ақша, әшекей бұйымдармен сауда жасап, кіріс кіргізу мақсат етілмесе де, олардан зекет беру – парыз. Яғни, олардың өсімді болуы шарт емес, өйткені алтын, күмісті байлығы бар ауқатты адамдар қолданады.

– Зекет мұсылманға парыз болуы үшін жылдық түсімі қанша болуы шарт?

– Халыққа түсінікті болу үшін біз табысын алтынмен есептеп айтқанда, оның нисап мөлшері 85 гр. алтынның құнындай болуы шарт (1 гр. алтынның құны 6 300 теңге деп есептелгенде, барлығы 535 500 теңгені құрайды екен). Осындай табыстың артығынан ғана “Зекет парызы” ретінде 2,5 пайызы төленуі шарт. Тағы да ескерте кететін жағдай табысқа: алатын жалақылары, алтын-күміс бұйымдарының құны және мал-мүліктерінің өсімі, сауда-саттық түсімдері есептелінеді.

– Алдыңғы бір жыл немесе бірнеше жыл берілмеген зекет есесі мұсылман адамның мойнында қарыз болып тұра ма?

– Осы көрсетілген мерзімдер аралығында берілмеген зекет есесі қарыз болып саналатынын және міндетті түрде өтелуі тиістігін айтқан жөн.

Зекеттің дұрыс орындалуы үшін зекет ғибадатында да ниет ету керек. Зекетті ниет етпей, андасанда кедейлерге бір нәрселер беріп тұрса, зекет парызы мойнынан түспейді.

Зекет тек қана Алла ризашылығы үшін берілуі тиіс. Зекетті адамдарға көрсету немесе мақтану үшін беруге болмайды. Берген зекетін міндетсінетіндердің зекеті Алланың алдында қабыл болмайды.

Зекеттен жиналған қаражаттың қайда жұмсалатыны жөнінде де Құранда нақтылы айтылған.

Қазір отырған жерде: “Зекет қоры ашылғаны дұрыс болды, аз да болса қалталы азаматтардың қамқорлығын кедей-кепшіктер, пақырлар мен міскіндер арасындағы байланысты жақсартатын көпір есебінде болатын болды”, – деп қабылдайтын азаматтар да бар. “Осы зекетке түсіп жатқан қор қайда кетіп жатыр екен?” – деген әңгімелер де жоқ емес. Біріншіден, біздің мақсат – Зекет қорын молайту. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Қазір Зекет қорына 2,2 млн. теңгедей қаржы жиналды. Екіншіден, зекет қорына түскен қаржыдан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, бас муфтидің шешімімен өзін-өзі қаржыландыра алмайтын 7 ауылдық, аудандық мешіттердегі қызметкелерге тұрақты жалақы беру шешілді.

– Зекет қорының өсуіне атсалысып жүрген азаматтармен қатар, осы ғибадаттың мойындағы парыз екенін әлі де түсінбей жүрген азаматтар да бар шығар?

– Осы жұмыстың барысында әттеген-айлар да жоқ емес. Облыс орталығында отырған қалталы азаматтардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі әлі де Алла тағала алдындағы парызын өтеуге асығар емес.

Петропавл қаласы бойынша Зекет ғибадатын өтеген бар болғаны 100 ғана адам екенін айтсақ, түсінікті ғой деп ойлаймын. Қажылық парызын өтеп келген азаматтарға да ойлану керек сияқты.

Зекет парызын өтеуде Петропавл қаласының, Мамлют, Аққайың аудандарының мұсылмандары аса белсенділік танытып отырғанын айта кеткен жөн. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның мұсылмандары да зекет беру парыз екенін түсіне бастаған сияқты.

“Берген зекетті көп айта бермеңіз, біз зекет берсек, Алла алдындағы парызымызды өтедік”, – деп жүрген азаматтарымыз баршылық.

Алла тағаланың ризашылығы үшін исламның бес парызының бірі – Зекет ғибадатын біздің облыс бойынша бірінші болып өтеген Қ.Сыздықов, Д.Тойжанова, С.Балтабаева, “Рүстем”, “Фрегат”, “Единство”, “Алпысов Агро” ЖШС-лерінің басшылары, “Есіл” мейрамханасының иесі, З. Досанова, Б.Шыйжанова, К. Ермағанбетов, “Ақселеу” ЖШС-нің басшысы С. Малаев, “Мәмбетов және К” КС басшысы Е.Мәмбетов пен Полтавка шаруашылығының басшысы Е. Зікіринді атап өткенді жөн көрдік.

Ал былтырғы жылы өздері зейнеткер болса да, Жақсылық Ысқақов пен Ержан Досанов Зекет қорына қомақты қаржы түсірді.

– Биылғы жылғы Зекет қорына түсім қалай болып тұр? “Бір рет зекет парызын өтедік, енді Алла тағала риза шығар?” деп жүрген жамағат та бар сияқты…

– Биылғы жылдың өзінде қорға 100 мың теңге түсіріп, Алла тағаланың алдындағы парыздарын өтеген Ғабит Мүсірепов атындағы аудан азаматтарының да игі істерін және Зекет қорына өз табысынан 100 мың түсірген ел басқарып отырған бір азаматымызға Алланың рахметі жауып, Пайғамбарымыздың шапағатында болсын деген тілек айтамыз.

– Зекет парыз садақа, нәпіл дегенді қалай түсінуге болады?

– Зекет ниетімен берген бір алтын ділдә 100 мың садақа беруден артық делінген. Жаратушының бізге берген ұлы нығметін, ырыздық несібесін өзінің разылығы үшін жұмсайық, мұсылман бауырлар. Өзіміз сол Зекет қорына ештеңе түсірмей: “Ақша қайда кетіп жатыр екен?” деп байбалам салу қисынсыз.

Исламның бес парызының бірі зекет парызын өтеу туралы анықтаманы мына телефондар арқылы алуға болады: 50-23-73, 46-67-17, 46-34-70, 50-08-73.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp