«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көршілес облыстар мен ресейлік ұландар да “АЮТАСТЫ” ТАҢДАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Міне, Шал ақын ауданындағы “Аютас” балаларды сауықтыру демалыс лагеріне келіп те қалдық. Үлкен алаңның әр жерінде томпаңдап жүрген балалардың іштері пысар емес. Лагерьдің үшінші ауысымы басталғаны кеше ғана болса да, бір-бірін танып қалған балалар оңай тіл табысып, топтала қалыпты. Кешеден бері аспан түнеріп, әлсін-әлсін жауын себелеп тұрса да, ойын-құмар балалар өздеріне ермек тауып, көңілдерін түсірер емес.  

“Аютас” балаларды сауықтыру орталығының басқа демалыс лагерьлеріне қарағанда басты артықшылығы – оның Есіл өзенінің жағасында орналасуы. Онда лагерьдің арнайы жарақталған жағажайы бар. Балалар күннің көзі шығып, су жылып, топ-тобымен жағажайға қарай сап түзер күнді асыға күтуде. Әзірге олар жетекшілерінің нұсқауларын мүлтіксіз орындап, өздерін тілалғыш, тәрбиелі көрсетіп, лагерьдегі басқа ұйымдастырылып жатқан шараларға белсене араласуда. Бір қызығы, мұндағы балалар өздерінің алған әсерлерін көркемсуретпен бейнелеген кезде көпшілігі Есіл өзені мен оның жағалауын көп суреттейді екен.

Аталмыш демалыс орнының өз жарғысы бар. Жас жеткіншектерге қызықты көрінетін іс-шаралардың ұйымдастыру жоспары мен жолдары және тәсілдері алдын ала аудандық білім бөлімінің шешімімен бекітілген. Балалардың қызығушылығын оятатын түрлі мәдени, танымдық, дәстүрлі, спорттық іс-шаралардың барлығы ойын түрінде ұйымдастырылады. Мұнда ойын баласы доп қуа жүріп, таза ауамен демалып, денсаулығын нығайтады. Осындай қоғамдық орта балалардың отансүйгіштік қасиетін нығайтуға да ыңғайлы. Сондықтан осы бағытта байқау, көркемөнер түріндегі шаралардың өткізілу кестесі де белгіленген. Мекеменің балалардың танымы мен білімін жетілдіру ісіне өз үлесін қоспауы да мүмкін емес. Мәселен, ағылшын және қазақ тілдерін үйрету үйірмелеріне балалар көп барады. Сондай-ақ қоршаған ортаға жанашырлық сезім, экологиялық тәрбие мәселелері күн сайын назардан тыс қалмайды. Тәрбиешілер балалардың көңілін табиғаттың сұлулығына аудару үшін табиғи материалдардан түрлі бұйымдар жасауды үйретеді. Ойын түрінде өткізілген барлық іс-шаралардың танымдық, тәрбиелік маңызы мен денсаулыққа пайдасы ескеріледі. Сонымен қатар мұндай демалыс орталықтарында бұрыннан қалыптасқан ойын түрлері де ұмыт қалмайды. Мәселен, “Қорқыныш кеші”, “Нептун күні”, “Вигвам – үндіс үйі” сияқты балалардың қызыға ойнайтын ойындары әр ауысымда қайталанады.

– Біз балалардың жазғы демалысын қызықты ету үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз. Мәселен, өткен ауысымда, Астана күні қарсаңында балаларды “Жас ұлан” ұйымына қабылдадық. “Нептун күніне” арнайы сценарий дайындалып, шара жағажайда қызықты өтті. Тіпті, жақын маңда демалып жатқандардың өзі балалардың ойынын қызықтап, мәре-сәре болды, – дейді лагерьдің жетекшісі Мұқтар Сәдуақасов.

Биыл аталмыш демалыс орнында бас қосып отырған ұжымның құрамы да жылдағыдан өзгеше. Екінші және үшінші ауысымдарда басқа облыстардың балалары көп жиналыпты. Біздің жолымыз түскен үшінші ауысымда Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарының жас жеткіншектері келіп, демалып жатыр екен. Ақтөбе қаласының каратэ ойынына мамандандырылған мектебінің шәкірттері өздерінің жаттығуларын ашық аспан астында жасаған кезде олардың өнерін тамашалаған басқа балалар қызыға қарайды. Олардың бұл жаққа демалысқа келуіне мұрындық болған – бұрынғы шалақындық Әлия Жақатова деген жерлесіміз. Ол осы өңірде өзінің балалық шағын өткізгендіктен, шәкірттері де солтүстік өңір табиғатының әсемдігін бір тамашаласын деген ойы болғанын жеткізді. Осындай демалыс орны бар екенін естіп жеткен павлодарлық және қостанайлық қонақтар да келгендеріне еш өкінбейтін сияқты. Мұнда ресейліктер де бар. Осында жүрген 10 ресейлік баланың ата-аналары осы ауданның тумалары екен. Сонау жылдары атажұртына қоныс аударған ресейліктер жаз болса демалыстарын туған өлкесінде өткізуді қош көреді. Ал балаларын аталмыш лагерьге жолдама алып орналастырған. Сондай-ақ Ақжар мен Тимирязев аудандарының мектеп оқушылары да аталмыш лагерьде демалуды дағдыға айналдырған.

Биыл “Аютас” балаларды сауықтыру лагері демалыс маусымына ерекше дайындалыпты. Мұнда жаз бойы 700-ге дейін бала шақыртуға мүмкіндік бар. Ондағы 192 бала – өңіріміздегі ахуалы төмен отбасылардың балалары. Оларды жолдамамен аудандық Білім бөлімі қамтамасыз етеді. Ал қалғандары лагерь жолдамасын 12 мың теңгеге сатып алады.

– Бізде балалардың тамақ мәзіріне үлкен көңіл бөлінеді. Олар күніне 5 рет тамақтандырылады. Астың құрамында міндетті түрде ет тағамдары, балық, сүт өнімдері, табиғи шырындар, көкөністер мен жидектер болуы тиіс. Лагерьді ашуға рұқсат алар алдында арнайы мекемелердің тексерісінен өттік, – дейді лагерь басшысы.

Сәуір мен мамыр айларында аудандық білім бөлімі балалардың демалыс орталығын жан-жақты дайындаған. Оған аудандағы округтердің әкімшілігі мен мектеп ұжымдары үлкен көмек көрсеткен. Жалпы аудандағы әр мекеме лагерь аумағын қалпына келтіру үшін еңбек сіңіреді. Мәселен, аудандық аурухана лагерь медпунктін толық жарақтандырған, ал жарықты энергетиктер жөндеген. Яғни, әр мекеме, әр аудандық округ өз үлесін қосып, ортақ істі жұмыла көтеріпті. Лагерьдің аумағы – 8 гектар. Ондағы қаржыландыру негізінен сатылған жолдамалар есебінен жүргізіледі.

– Лагерьдің абыройын көтеріп, оны өңіріміздегі ең үздік демалыс орнына айналдыруды көздейміз. Қыста бұл жерде шаңғы базасын ұйымдастыруға болады. Оны да ойластырып жатырмыз. Бізде жолдама арзан. Табиғатымыз әсем, жағажай тиіп тұр, лагерьде барлық жағдай жасалған. Сондықтан алдағы жылдары да басқа облыстардың өрендерін қабылдап, жылдан-жылға абыройымызды көтере бермекпіз, – дейді Мұқтар Сәдуақасов.

СУРЕТТЕРДЕ: лагерьдегі демалыстан көріністер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp