«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАН РӨЛІН СОМДАҒАН Шахрух Хамутов топ жарды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әскери институтта өзге ұлт өкілдері арасында “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты байқау өткізілді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған тіл додасында алты әскери қызметші бақ таластырып, қазақ тілін қаншалықты деңгейде меңгергендіктерін байқатты. 

Руслан ЖАНГУЛИН,

Әскери институттың баспасөз хатшысы.

Сахна шымылдығын қазақ халқының хандары, батырлары, ақын-жазушылары мен ұлт көсемдерінің рөлдерін сомдаған курсанттар ашты. Әрбіреуі кейіпкерінің түр-тұлғасына сай бейнеге еніп, ұлтымызға киелі жеті қасиеттің мән-маңыздылығын айтып, көрермендерді өнерлерімен тәнті етті.

Қазылар алқасына ҚР ІІМ Ішкі әскері Бас қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс Бас басқармасының бастығы Савердин Имиров төрағалық етті. Байқау үш кезеңнен тұрды. “Таныстыру” сынында сайысқа қатысушылардың қазақ ұлтының мәдени құндылықтарын насихаттауы, Ішкі әскердің абыройын арттыру, баяндау стилі, сауатты сөйлем құрастыра білуі, сөйлеу мәдениеті, музыкамен көркемдеуі және тапқырлығына назар аударылды. “Өрлеу” деп аталған екінші айналымда сайыскерлер қазақ халқының би, шешен, көсемдері, хандары мен батырларының рөлдерін сомдап, сахналық қойылымдарды паш етті. Мәселен, 5-ші оқу ротасының курсанты ұлты өзбек Шахрух Хамутов Мағжан Жұмабаевтың абақтыдағы рөлін сомдап, ақиық ақынның “Мен жастарға сенімін!” өлеңін оқып берді. Ал қатардағы Александр Иванов Орта жүздің биі Қазыбектің қалмақ қоңтайшысына келген сәтінен көрініс көрсетті. 6-шы оқу ротасының курсанты Сардор Мухтаров та жиналғандардың ризашылығына бөленді. Жетес бидің рөлін ойнаған ол баршаға ақ батасын беріп, жолаушыларға өсиетті сөздерін айту көрінісін нақышына келтіріп сомдай білді. Атақты Моцарттың әуенін домбыраның сүйемелдеуімен орындаған Ашраф Исановқа да көрермендер қол соқты.

“Баяндау” деп аталған үшінші айналымда байқауға қатысушылар берілген тақырыптар бойынша слайдтарды пайдалана отырып, баяндама жасады. Таңдаған тақырыптары да алуан түрлі. Александр Чепурнов баяндамасына “Астана” тақырыбын арқау етсе, “Менің Отаным – Қазақстан” тақырыбын алған Шахрух Хамутов туған жердің қадір-қасиеті туралы ой толғады. Ашраф Исанов та қалыс қалған жоқ. “Қазақстан – көпұлтты мемлекет” деп еліміздегі татулық пен бірлікті меңзеді. Батыр баба Бауыржан Момышұлының даңқты ерлігі жайлы атына заты сай Сардор Мухтаров тебірентті.

Сайыс қорытындысы бойынша Шахрух Хамутов ең көп ұпай жинап, байқау жеңімпазы атанды. Сардор Мухтаров – екінші, Ашраф Исанов үшінші орынға табан тіреді.

Шахрух Хамутов енді Ішкі әскерде қызмет ететін өзге ұлт өкілдері арасында өтетін республикалық байқауда Әскери институт намысын қорғайтын болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp