«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢ ҚАСИЕТТІ ҚАДІР ТҮНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алланың берген ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Жаратушының ризалығын табуды қалаған мүмин мұсылман үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Осы түнде жасалған құлшылықты Жаратушы иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Қасиетті Қадір түнінің аталуында терең мән бар. Бұл түнде адамзатқа қасиетті Құран кітабы түскен.

Алла тағала Құран Кәрімдегі “Қадір” сүресі түгелдей осы күннің қадір-қасиеті мен мән-мағынасына арналған. “Шындығында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екендігін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Онда (бұл түні) періштелер мен рух (Жәбірейіл а.с.) раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс (Алланың әмірі) үшін түседі. Ол (түн) таң атқанға дейін бейбітшілікте болады”. (“Қадір” сүресі).

Қай күні келеді?

Ғалымдардың көзқарастары бойынша бұл түн Рамазан айының тақ түндерінің біріне, әсіресе, 26-сынан 27-сіне қараған түніне сәйкес келеді.

Бұл түннің шығу тарихы жөнінде мынадай мәлімет бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алла тағалаға: “Уа, Раббым, менің үмбетімнің өмірлері қысқа, амалдары аз”, – деп дұға еткен. Сонда Алла тағала Пайғамбарымызға Қадір түнін сыйлады және былай деді: “Қадір түні саған және сенің үмбетіңе мың айдан артық”.

Осы жылы Қадір түні – тамыз айының 3-інен 4-іне қараған түні.

Басты белгілері

1. Қадір түні өте тыныштық мамыражай күйде өтеді.

2. Қадір түнінен кейін таң атып, күн көкжиектен көтерілгенде аппақ болып, жарық сәулесі әдеттегідей бірден жайылмайды.

3. Ағаштар мен өсімдіктер барлық жаратылыс Жаратушыға сәжде етіп тұрғандай болады.

4. Қадір түні қатты ыстық та, қатты суық та болмайды.

Қалай өткізген жөн?

Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуі керек. Олай болса мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылық жасап, нәпіл және қажет намаздарын оқып, Құран, уағыз насихат тыңдап, азды-көпті үлкен кіші күнәға тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі”, деген.

Сондай-ақ бұл түнде рухани азық болатын діни кітаптар оқып, ұлы Жаратушымызды ұлықтап, уағыз-насихат тыңдағанымыз жөн.

Оқылатын намаздың тәртібі

Қадір түнінде 4 рәкат қажет намазы оқылады. Екі рәкатта бір сәлем беріледі, ал бұл намазға ниет: “Иә, раббым, ниет еттім бір Өзіңнің ризашылығыңмен осы түннің құрметіне 4 рәкат қажет намазын оқуға” деп ниет етеміз. Бірақ бұл намаздың басқа намаздардан айырмашылығы бірінші рәкатта: “Фатиха” сүресіне қосымша “Қадір” сүресі 3 рет оқылады, ал екінші рәкатта “Фатиха” сүресіне қосымша 3 рет “Ықылас” сүресі оқылады, қалған екі рәкат осы тәртіппен. Намазды оқып болғаннан кейін “Қадір” сүресі 100 рет, “Шарх” сүресі 100 рет оқылады.

Дұғасы

Құлшылық ғибадаттың сауабы мың еселенетін түнді дұғаменен өткізген ләзім. Ал енді Қадір түнінде оқылатын дұғаларға келсек, Айша анамыз (р.а.) Алланың елшісінен (с.а.с.): “Уа, Расулалла! Қадір түні екенін білсем, не деймін? – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): “Уа, Алла! Сен Кешірімдісің және кешірім еткенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!” деп айт”, – деген.

Оқылуы: “Аллаһумма иннака ъафуун тухиббулъафуа фаъфу ъанни”.

Алла тағала бұл түні жасаған бар құлшылықтарыңызды қабыл етіп, Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иманды арттыра берсін! Халқымыздың ырыс несібесі молайып, Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ – бірлігі берік болсын! Әмин!

Қызылжар” орталық мешіті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp