Облыс орталығында жасөспірімдер арасында КСРО-ның спорт шебері, Алексей Мартыновичті еске алуға арналған республикалық велокөпкүндік өз мәресіне жетті. Осымен 17-ші рет өткізіліп отырған көпкүндікке 1999-2000 жылдары туған спортшылардан жасақталған 12 команда, 80-ге жуық жасөспірім бақ пен бап таластырды. Оның ішінде 18 солтүстікқазақстандық велошабандоз өңір намысын қорғады.
5 күнге созылған жарыс барысында спортшылар бірінші кезеңде әуежай тас жолында жекелей сын бойынша 10 шақырым, екінші кезеңде Соколов тас жолында командалық жарыс бойынша 40, үшінші кезеңде Явленка тас жолында 45 және Омбы тас жолында 51 шақырым қашықтықты бағындырды. Сондай-ақ жарыстың бағдарламасына 21 шақырымдық критериум жарысы кірді.
Тартысты өткен спорттық шараның қорытындысында жекелей есепте бәрінен бұрын мәре сызығын кесіп өтіп, бірінші орынды олжалаған Алматы қаласының велошабандозы Дмитрий Глазунов жарыс жеңімпазы атанды.
Сайыс қорытындысы бойынша Талдықорған облысының саңлақтары өздерінің шапшаң спортшылар екендігін паш етіп, бірінші сатыға көтерілді. Өңіріміздің намысын қорғаған велоспорттан Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған мектептің құрамасы екінші орынды еншілесе, екі қарсылас командадан оза алмаған Астана қаласының құрамасы үшінші орынды иеленді.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.