«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАРА ЕМЕС, ҚАРЫЗЫМДЫ ҚАЙТАРУЫН СҰРАДЫМ”, – деп ақталған Салық басқармасының қызметкері мен “басқа біреу үшін сабақ берген” мектеп директоры қызметтерінен босатылатын болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің жаңа басшысы Мұрат Қадырбектің төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып, онда алты мәселе қаралды. Олардың бесеуі – мемлекеттік қызметшілердің үстерінен қозғалған тәртіптік істер.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның соты 2012 жылғы 19 қазанда осы ауданның Целинное ауылындағы “Целинное – 2004” ЖШС заңды иесі болып табылатын тұрғын үйді Н.Авсиевичтің атына мемлекеттік тіркеуден өткізу туралы шешімді заңсыз деп танып, күшін жойған екен. Судья А.Касимова Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департамент басшысының атына жолдаған хатында соттың жеке ұйғарымы бойынша аталмыш заңсыз шешімнің шығарылуына негіз болған жалған актіні жасап берген аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы М.Шамшетовке қатысты шығарылған жеке ұйғарым “Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің аппараты” мемлекеттік мекемесіне 2012 жылғы 20 желтоқсанда жіберілгенімен, оған жауап қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, тым кешіктіріліп берілді деген кінә таққан. Бұған қоса, судья “М.Шамшетовке қолданылған шара оның жасаған әрекетінің ауырлық дәрежесіне сәйкес келмейді” деген пікірін де білдіріпті.

Осыған байланысты Тәртіптік кеңес төрағасы М.Шамшетовтің үстінен тәртіптік іс қозғағанымен, Тәртіптік кеңес мүшелері оны қарай келе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оған тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кетуіне байланысты, талқылаумен шектеліп, істі тоқтату туралы шешім қабылдады. Ал М.Шамшетовті жіберген ағаттығына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу судьяның өз құзырындағы шаруа деген пікір айтылып, ол Тәртіптік кеңес мүшелерінің бірауызды қолдауына ие болды. Ал аудан әкімінің орынбасары Н.Мацедон мен аудан әкімінің кеңесшісі Ә.Әлімғожин соттың жеке ұйғарымын қолданыстағы заңнамаға сәйкес дер кезінде қарап, тиісті жауапты аудандық сотқа жолдағандықтарын, оған сот кеңсесінің арнайы мөртабаны басылып, айғақтандырылғанын айтып ақталды. Алайда, аудандық сот екінші рет жіберген жеке ұйғарымға жауапты кешіктіріп жолдағаны үшін Ә.Әлімғожин кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметшілердің Арнамыс кодексінің талаптарын бұрмалағандығы үшін ескерту жариялау түрінде жаза беруді ұсыну ұйғарылды. Ал Н.Мацедонның тәртіптік ісі талқылаумен шектелді.

Тәртіптік кеңес мүшелері Қаржы полициясы департаментінің ұсынымына сәйкес Петропавл қаласы бойынша Салық басқармасының бас маманы Ж.Нұрғалиевке қатысты қозғалған тәртіптік істі қызу талқылады. Өйткені, оның үстінен бір жеке тұлға өзінің мемлекет қазынасына салық бойынша берешегін азайту үшін ақша сұрады деп айып тағып, Қаржы полициясына арыз түсірген екен. Алайда, қаржы полицейлеріне Ж.Нұрғалиевтің кінәсін дәлелдеу қиынға түскенге ұқсайды. Өйткені, ол “Мен пара сұраған жоқпын, керісінше қарызға берген ақшамды қайтаруды сұрадым” деген мағынадағы жауабынан танбаған көрінеді. Сондықтан да Қаржы полициясы департаменті оның үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқартуға мәжбүр болғанымен, ол сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасады деген кінә тағып, Ж.Нұрғалиевке тәртіптік жаза қолдану туралы мәселені Тәртіптік кеңестің қарауына енгізген екен. Талқылау үстінде Ж.Нұрғалиевтің айтқан уәжі Тәртіптік кеңес мүшелерін де иландыра алмай, ол сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылыққа жол берді деп танылды және оны қызметінен босату туралы ұсыныс қабылданды.

Ал Ақжар аудандық прокуратурасы Талшық орта мектебінің қызметіне тексеру жүргізгенде осы білім мекемесінің директоры С.Бекбаеваның бұйрығымен аудандық Мәдениет үйінде әдістемеші болып қызмет істейтін адам мұғалімдікке алынғаны және ол сабақ бермесе де еңбекақы төленіп тұрғандығы әшкереленген. Заңсыз төленген еңбекақы мөлшері – 25 826 теңге. “Мен ол кісі мектепке келе алмаған кезде сабақты өзім жүргіздім…”, – деп ақталуға тырысты директор Тәртіптік кеңес мәжілісі барысында. Тіпті, ол “мұғалімнің” жоғары оқу орнында өзімен бірге оқығандығын да жасырған жоқ. Тәртіптік кеңес мүшелері С.Бекбаеваның үстінен қозғалған тәртіптік істі қарай келіп, оны сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметінен босату қажет деген ортақ ұйғарымға келді.

Тәртіптік кеңесте М.Жұмабаев ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің конкурстық комиссиясы мүшелеріне қатысты облыстық Қаржы инспекциясының хаты да қаралды. Бұған дейін мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларын бұзғаны үшін аталмыш бөлімнің басшысы С.Құсановқа, бас мамандары А.Халимоненко мен С.Никитинаға және аудан әкімінің заң мәселелері жөніндегі кеңесшісі Б.Ысқақоваға М.Жұмабаев аудандық прокуратурасының ұсынымымен “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға сәйкес тәртіптік жазалар қолданылған. Ал Қаржы инспекциясы олардың әрекеттерінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылық белгісі бар деген пікірде. Қаржы инспекциясының пікірінше, олар мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұрмалай отырып, автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі конкурс жеңімпазы деп “Искандарян Мхитар Федяевич” жеке кәсіпкерлігін таныған. Қаржы инспекциясының ұстанымымен келіскен Тәртіптік кеңес мүшелері көтерілген мәселе бойынша тиісті шара қолдану жөнінде облыс прокурорының атына хат жолдау туралы шешім қабылдады.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp