Қазір “Тортуманов және К” ЖШС-і шығарған қалбырланған ет өнімдері облыстан тысқары жерлерге де кеңінен танымал. Кәсіпорын талай мәрте ел Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алу байқауына және “Қазақстанның үздік тауарлары” көрмелеріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп келді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өңіріміздегі қалбырланған ет өнімдерін өндіретін бірден-бір кәсіпорын Бескөл ауылындағы “Тортуманов және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Оны осы саладағы бұрынғы атағы одаққа танылған әйгілі Петропавл ет комбинатының мұрагерлерінің бірі деуге де болады. Бұл жерде көпше түрде айтып отырған себебіміз, ет комбинатының негізінде жеке кәсібін ашқан кәсіпорындар бірнешеу. Алайда, қалбырланған ет өнімдерін шығаруды қолға алып, оны сәтті жалғастырған “Тортуманов және К” серіктестігі ғана. Комбинаттың қалбырлау цехының автоматты желісін ғана емес, оның білікті маман қызметкерлерін де өзіне тартқан серіктестік шын мәніндегі мұрагерлік міндетін мінсіз атқарып отыр.
Осыдан он бес жыл бұрын құрылған серіктестіктің іргетасын бұрын дайындаушылық қызметте бірге жүрген Вячеслав Адамов пен Серік Тортуманов тең дәрежелі құрылтайшылықпен бірлесіп қалаған. Олар өзара ақылдаса отырып, бас директорлық міндетін – Вячеслав, ал өндіріс жетекшілігін Серіктің атқаруына келісті. Серіктестік басында осы саладағы өзге кәсіпорындар сияқты шұжық өнімдерін дайындаудан бастады. Ол үшін, алдымен, ауылдағы өндіріс орнына қажетті бос тұрған ғимараттарды қарастырып, бұрынғы аудандық тұтынушылар одағының шаруашылық тауарлары дүкенін таңдап алды. Оған жөндеу жүргізіп, төңірегін тәртіпке келтіруге қыруар қаржы жұмсалды. Абырой болғанда, өндірістері бірден өрге басып, серіктестікте шығарылған шұжық өнімдері ауданда және облыс орталығында жақсы сұранысқа ие болды. Өзгелер сияқты олардың да осы арнаға түскен өндіріс жолымен жүре берулеріне болатын еді, алайда, күрделі өндіріс технологиясын қалаған серіктестік басшылары өңірдің атақты қалбырланған ет өнімдерін қайта шығаруды ұйғарды. Сөйтіп, тәп-тәуір жұмыс істеп тұрған шұжық өнімдері желісінің орнына ет комбинатынан сатып алынған қалбырланған ет өнімдерін шығаратын қондырғыларды орнатты.
Міне, осы жаңа тауар маркасымен жұмыс істеп жатқандарына да он жылдан астам уақыт өтті. Қазір “Тортуманов және К” ЖШС-і шығарған қалбырланған ет өнімдері облыстан тысқары жерлерге де кеңінен танымал. Кәсіпорын талай мәрте ел Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алу байқауына және “Қазақстанның үздік тауарлары” көрмелеріне қатысып, жүлделі орындардан көрініп келді. Оның “ГОСТ” сапа белгісімен шығарылатын өнімдері елдің мемлекеттік материалдық сақтық қорында сақталады, сондай-ақ республиканың Қорғаныс министрлігінің, жабық мекемелерін және әлеуметтік мекемелерді жабдықтау тендерлеріне қатысып, олардан ірі көлемді өндірістік тапсырыстар алады. Сонымен бірге кәсіпорын өнімдері тұтынушылар сұранысына орай ашық сауда орындарында да еркін сатылады.
Серіктестіктің бас директоры Вячеслав Адамовпен осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген кеңсе ғимаратындағы кабинетінде жолықтық. Ол сөзге сараң болса да, іске мығым жан екені аңғарылады. Оның айтуынша, қазіргі ең басты проблема дайын өнімдерді өткізу жайы көрінеді. Өйткені қазіргі тауарлар нарығындағы еркін сауда бәсекесінде Қытайдың жылдам дайындалатын және арзан өнімдері сапасы төмен болса да жергілікті тауарөндірушілердің алдын орап кетеді екен. Ал, дайын өнімдерді тендер арқылы өткізудің де машақаты жетерлік.
– Дегенмен де біртіндеп өткізу нарығын кеңейтуге тырысып отырмыз. Мемлекеттік сақтық қорын толықтыруға, әскери бөлімшелерді және ішкі істер органдарының жабық мекемелерін жабдықтауға жұмыс істейміз. Біздің өнімді тұтынатын әлеуметтік мекемелер қатарында ауруханалар мен демалыс орындары, мектеп асханалары және тағы басқалары бар. Бүгінде қалбырланған ет өнімдерінің 18 түрін шығарамыз, оның ішінде ең негізгісі “ГОСТ” бойынша өндірілетін бұқтырылған сиыр еті. Ал, жылқы, қаз, тауық еттері қалбырларын жеке тапсырыстар бойынша шығарамыз, сондай-ақ ет қосылған ботқалардан дайындалған қалбырлардың оннан астам түрі өндіріледі және өндіріс қалдықтарынан қалбырланған ит пен мысық азықтары да шығарылады. Ұжымымызда 38 адам еңбек етеді, маусымдық қажеттілікке және тендерлер нәтижесіне байланысты жұмысшылар саны бірде азайтылып, бірде көбейтілуі де мүмкін. Жуырда мемлекеттік қордың тендерін ұтқандықтан, қосымша жұмысшылар қабылдап, қызу жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді Вячеслав Николаевич.
Сонымен бірге кәсіпорында 20 тонналық тоңазытқыш барын, күніне 3 тоннадай еттен өнім өндіретіндерін, 2010 жылы – 227,3 тонна, 2011 жылы – 201,3 тонна, 2012 жылы – 232 тонна, ал биыл өткен алты айда 148 тонна өнім шығарып, өндіріс көлемін арттырып отырғандарын, алайда орташа айлық еңбекақының 36,6 мың теңге ғана құрайтынын бүкпесіз жайып салған кәсіпорын басшысы әңгіме өндірісті ет шикізатымен қамтамасыз ету жайына ауысқанда күмілжіп, кібіртіктей берді. Онысы бекер де емес екен. Мәнісін өндіріс басшысы Серік Тортумановпен сөйлескенде білдік.
Оның айтуынша, өндірісті ет шикізатымен Астананың “Қазхолод” компаниясы қамтамасыз етеді. Одан жеткізілетін жиырма килограмдық ет брикеттерінде сүйек болмайды, ет қалбырлау өндірісіне өте қолайлы және қалбырға қосылатын қорытылған таза сиыр майы да жеке жәшіктермен келеді екен. Бір сөзбен айтқанда, “Қазхолод” ет шикізатын үзіліссіз жеткізуді жолға қойған. Брикеттерге лайықты ет елден табылмаса, Беларусьтен алатын көрінеді. Бас директордың күмілжуінің бір себебі де осы, өйткені өңірдің өз мал өнімдеріне сұраныс табылмай отырғанда сонау Беларусьтің етін пайдалану, әрине, ыңғайсыз. Оны Серік Қадырұлы:
– Жергілікті мал өте ұсақ, Елбасымыздың Жолдауларында етті ірі қара өсіру және оларды құнарлы жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері тегін қойылып отырған жоқ. Ұсақ малдан қонды ет алу қиын, ал малдың салмақтанып өсуі үшін лайықты азық қоры жетіспейді, – деп түсіндірді. Пәтуәлі сөзге қалайша тоқтамасқа, тіпті, бізде қоңды мал табылған күннің өзінде оны сүйектен сылып, таза ет шикізаттарын дайындайтын орын тағы жоқ. Кластерлік өндіріс жайы тегін айтылмаған ғой, олар бір-бірімен сабақтасып жатуы керек.
Серіктестіктің басты өндірістік цехында қалбыр жасайтын және қалбырланған ет дайындайтын екі желі бір шатырдың астында жұмыс істейді. Қалбыр жасау желісіндегі Людмила Москвина, Күлзат Қанафина және Бейнегүл Сейітмағанбетова күніне 15 мыңға дейін қалбыр шығарады. Қалбырланған ет дайындау желісінде 7-8 адам еңбек етеді. Жуырдағы мемлекеттік материалдық қордың тендерлік тапсырмасын жеңіп алуы себепті оған уақытша алынған жұмысшылар қосылған. Бұл жерде күніне 10 мың данаға дейін ет өнімдері қалбырлары шығарылады.
Қалбырлау желісінде ет қоспасын дайындаушы Елена Сычева мен сиырдың тоң майын ерітуші Валентина Пухова өз істерін жетік меңгерген озаттар саналады. Ал, қалбырланған етті термикалық қазанда қайнатып шығаруда бұл өңірде, сірә, Николай Мирошниковтан асқан шебер жоқ шығар. Бұрынғы ет комбинатындағы бүкіл термикалық қондырғыларымен бірге Бескөлге қоныс аударған білікті маман сол. Қалбырланған етті термикалық қазанда 120 градус ыстықта 110 минут қайнатады. Мұндай өңдеуден өткен өнім “ГОСТ” талабына сәйкес ұзақ уақыт бүлінбейді және оны тоңазытқышқа қоюдың да қажеті шамалы.
Петропавл ет комбинатынан осында ауысып келгендердің бірі – Күлзат Қанафинаны сөзге тартқанымызда ол көңілдегісін бүкпей ашық айтты.
– 1979 жылдан бастап ет комбинатында еңбек еттім, осында ауысып келгеніме ешқандай өкінішім жоқ. Жұмысқа келіп-қайту жолақымызды кәсіпорын төлейді, қиын жағдайда қол ұшын беруге әзір. Кәсіпорыннан пайызсыз кредит алып, ұлым Русланды оқытып, жоғары білім әпердім. Қазір оның жеке кәсібі бар. Жұмыс орнындағы тамағымыз тегін, қажет еткендерге отынмен көмектеседі. Жалақымызды уақытымен беріп тұрады, әрине, оның аз екені рас. Бірақ табысымыздың өндірген өніміміздің өтуіне байланысты екенін біз де түсінеміз. Жақында кәсіпорын бір ірі тендерді ұтты, тағы да басқа тендерде ұтар болсақ, еңбекақымыз өседі деп ойлаймын, – дейді ол.
Иә, кәсіпорын табысы өткізу нарығымен тығыз байланысты. Серіктестікте бұл жұмыспен мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман Ерік Есмағамбетов айналысады. Ол электрондық желідегі тендерлік хабарландыруларды саралап, солар бойынша жұмыс жүргізеді. Кәсіпорынның электронды сайтына тұтынушыларға ұсынылатын өнімдердің сапалық менеджмент көрсеткіштерін көрсетіп, ықтимал сатып алушылардың талап-тілектерімен танысады.
– Біз 2007 жылдан бастап халықаралық сапа стандартын алып, 2009-2010 жылдардан бері “ИСО 9001″ сапа менеджменті бойынша жұмыс істеп келеміз, ал негізгі тендерлік өнімдеріміз бұрынғы “ГОСТ” нормаларына сай шығарылуда. Алдағы уақытта тұтынушыларымыз жаңа сапа менеджментін талап етіп, “ГОСТ” нормаларынан бас тартар болса, біздің де халықаралық сапа талабына сәйкес “ritop” пакеттегі өнімдер шығаруымыз керек. Оған әзірге мүмкіндік болмағанымен, оны бүгіннен бастап ойластырмаса болмайды, – дейді кәсіпорын менеджері.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.