Облыс әкімі Самат Ескендіров “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс корпорациясы” АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Әйтекеновпен кездесті. 2014-2015 жылдары бұл корпорация Петропавлдың “Набережный” шағынауданында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.
Жиын барысында алдағы уақытта облыс орталығында жүргізілетін жұмыстар жайында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, “Шығыс” ауданында 24 гектар жер бар. “Мұнда барлық инженерлік желі тартылған. Алайда, 2006 жылдан бастап бұл аумақ “Құлагер құрылыс корпорациясы” ЖШС-нің иелігінде. “Набережный” шағынауданының аумағы – 10 гектар, оған су, жылу желілері тартылған. Болашақта мұнда 2-3 қабатты тұрғын үйлерді тұрғызу жоспарланып отыр, – деді ол.
Басымдық “Набережный” шағынауданына беріліп отыр. Мұнда 2014-2015 жылдары “Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс корпорациясы” көпқабатты үйлердің құрылысын жүргізетін болады.
Корпорация алдағы жұмыстарға әзір. Өңір басшысы Самат Ескендіров қала әкімі мен Құрылыс басқармасы басшысына бірқатар тапсырма жүктеп, мінсіз жұмыс істеуді қадап айтты.
“Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс корпорациясы” биыл облыс орталығындағы “Береке” ауданында екі үйдің құрылысын бастамақ. Қайрат Әйтекенов: “Береке” ауданында 11 мың шаршы метрді құрайтын 212 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйді қазан айында бастаймыз. Оны келер жылы күзде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қалада магистральді желілер тартылған аудандар баршылық екен. Алдағы уақытта жобалар әзірленсе, біз жұмысқа кірісетін боламыз”, – деді.
Аталмыш корпорация бүгінгі күні Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуде.