«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КАДАСТРЫНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ КҮМӘНСІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімдігінде Петропавл қаласының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құру мәселесі жөнінде кеңес өтті. Оған облыстық және қалалық мемлекеттік органдардың, энергетикалық, коммуналдық және құрылыс саласы кәсіпорындарының басшылары қатысты. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Самат Ескендіров мәселенің өте маңыздылығына тоқталды.  

Қала кадастры дегеніміз – қаланың бас жоспары емес, ол қаладағы барлық нысандардың және инженерлік-техникалық құрылымдардың нақты дәл сызбасынан тұратын жұмыс картасы болып табылады. Кадастрда әуе түсірілімдерімен бірге, жерасты инженерлік-техникалық желілерінің де толық және дәйектелген деректері көрініс табуы тиіс.

Міне, қалада осындай жұмыс құралының жоқтығы өңір өндірісін одан әрі дамыту іс-шараларында қиындық келтіруде. Әйтеуір, көптеген себептермен осы күнге дейін қол жетпей келген қала кадастрының қажеттілігі қазір өткір сезіліп отыр. Алдын ала жасалған есептеу бойынша, оны жасауға 384 миллион теңге қаржы қажет. Оның негізгі үлесі машақаты көп инженерлік-техникалық құрылымдарды зерттеп, түгендеуден өткізуге кететін көрінеді. Қала әкімі Төлеген Закариянов кадастр құруға кемінде үш жылдай уақыт қажеттігін айта отырып, оны жеделдету үшін осы бағытта жұмыс істейтін арнайы ЖШС немесе баланс ұстаушы желілер құруды ұсынды.  

Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затай еліміздің Астана мен Алматы қалаларынан басқа, Орал, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және іргедегі Көкшетау қалаларының кадастрлары бар екендігін тілге тиек етті.

Кеңесте астаналық “Надир” ЖШС-нің директоры Андрей Четверня жиналғандарды өздерінің ұсынып отырған Петропавл қаласының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құру жобасымен таныстырып, тұсаукесерін өткізді. Онда атап өтілгеніндей, компания бұл іспен 8 жылдан бері айналысады. Жоғарыда аталған қалалардың көбінің кадастрын жасаған – солар.

Өңір басшысы өз кезегінде бағдарламаның ең қымбат тұратын бөлігі барлық инфрақұрылымға түгендеу жүргізу екеніне назар аударып, оның арзанырақ әрі жедел шешілуі үшін қаланың баланс ұстаушы кәсіпорындарының мүмкіндіктерін саралау қажеттігін айтты. Электр, жылу, су, кәріз және байланыс желілерін басқарып отырғандардың айтуынша, әр кәсіпорынның өз желісінің сызбасы бар. Биылдан бастап олар оны дәйектеп, түгендеу жұмыстарын да қолға алыпты. Десе де, бұл кәсіпорындардың желілік карталары бір-бірімен байланыстырылмаған, яғни бірыңғай қалалық кадастр жоқ. Андрей Четверняның айтуынша, жекелеген деректерді пайдалануға болады, ал жалпы алғанда қала кадастры бір қолдан шығуы тиіс. Оларға баланс ұстаушылардың желілерінің техникалық-технологиялық сипаттамалары емес, дәл параметрлері қажет.

Жиынды қорытқан өңір басшысы қаладағы жербеті нысандарының үй нөмірлеріне дейін көрсетіліп, барлық жерасты инженерлік желілерінің тарамдануын дәл белгілейтін кадастрдың қажеттілігі күмән тудырмайтынын, оны қалайда жасау керектігін айтты. Алайда, бұл жұмысты қаржыландыруды жергілікті бюджеттің бірден еңсере алмайтыны себепті оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға назар аударып, бюджеттік комиссия мен қаржылық органдардың оны саралап, зерттеуін тапсырды. Облыстық Құрылыс, Сәулет және қала құрылысы басқармаларына жыл соңына дейін жобаны іске қосуға әзірлікті аяқтау үшін бірлесе жұмыс жүргізу міндетін жүктеді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp