«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өзің жайлы сағыныштың сәлемін ұшқан құстың қанатына байладым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Сәруар Қамаева 1959 жылғы 2 қаңтарда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы, Жасқайрат ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. “Жыр жұлдызын таңдадым” кітабының авторы. Республикалық “Елім менің” және “Тәуелсіздік толғауы” байқауларының бірнеше мәрте (2008, 2009, 2011, 2012) лауреаты.    

Сағындым

Өлең, сені сағындым,
Жоламадың көп күндер.
Екі өкпем қабынды,
Орағандай өткін жел.

Уақытыңда тостырған,
Жолықтыра алмадым.
Орыныңды бос тұрған,
Толықтыра алмадым.


Тұңғиыққа батырып,
Інжу-маржан сүзгенім.
Таңды көзбен атырып,
Ой кемесі жүзгенім.

Сыңарымдай болып ең,
Есіне алмай жүр деме.
Айдыныма қонып ең,
Үркітті ме бірдеңе.

Қайырылмай кеттің бе,
Жанарымды талдырып.
Сынық қанат еттің бе,
Мені жалғыз қалдырып.

Қалар болсаң табыла,
Тұрар едім аялап.
Жабырқаған жаныма,
Қылар едім саябақ.

 

 

ТУҒАН ЖЕР ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Туған жерім, атамекен, қонысым,
Бабалардың басып өткен жолысың.
Ақ жаулықты әжелерім кеңіткен,
Қасиетті шаңырақтың өрісін.

Бай болыпты Әлімсүре елде өткен,
Бақ-дәулеті сыймағандай жер-көкке.
Аты аңызға айналған сол бабамның,
Мекенінде анам бесік тербеткен.

Уақыт ізін тарих алға тарта ма?
Жылдар жүгін салғандай-ақ арқаға,
Әлімсүре ауылы деп Жасқайрат,
Жазып қойған картаға.

Дейді оны қырық мың қой айдаған,
Желісіне жүздеп бие байлаған.
Өзгелерден биік тұрған бейіттің
Әр кірпіші саумал сүтке қайнаған.

Мыңдаған қой жүнін қосып салғаны,
Жылқы жалын арасына жалғады.
Ұмытпасын деп ұрпағы кейінгі,
Ел шетіне салып қойған қорғаны.
Бой түзеген балғын қыз ем бойжеткен,
Ой түзеген кестелі сөз өрнекпен.
Бұрымымды бұра тартқан самалың,
Нөсерің де ерекше еді селдеткен.

Еске түссе, алай-түлей бораның,
Жазық далаң ақ көрпеге оранып,
Әжем тігіп берген жылы шұлығым,
Жүретіндей аяғыма оралып.

Туған жерім, жаздық жасыл жайлауым,
Қыраттарың, сарқыраған сайларың.
Өзің жайлы сағыныштың сәлемін
Ұшқан құстың қанатына байладым.

 

Сағыныш – сары жамылғы…

Сағыныш – сары жамылғы,
Тынысым мүлде тарылды.
Өзіңе, жаным, жете алмай,
Шарқ ұрып, көңіл сабылды.

Сұп-суық бөлме, сыз төсек,
Қойғандай бейне мұз төсеп.
Жылыта алмай келемін,
Жүректің отын жүз көсеп.

 

Сіз жаққа…

“Сағыныш” атты сары құс,
Ұшырдым, аға, сіз жаққа.
Көңілге түрлі сабылыс,
Түсірдім, аға, сіз жоқта.

Елітіп ойдың елегі,
Өтеді, аға, сіз жоқта.
Сағыныш толы өлеңім,
Жете ме, аға, сіз жаққа?

Қамығып, көңіл жабығып,
Қалады, аға, сіз жоқта.
Өзіңді іздеп сағынып,
Барады, аға, сіз жаққа.

Сағыныш бұлты байланып,
Көшеді, аға, сіз жоқта.
Самал желге айналып,
Еседі, аға, сіз жаққа.

 

Оңаша оймен сырласқанда…

Сен мені,
Сірә,
Ұға алмай жүрген шығарсың,
Мың ойдан
Мына
Шыға алмай жүрген шығарсың.
Жырларым
Жүрек жылытқан,
Кездерді ойлап
Ұмытқан,
Сонда ұғарсың…

Тегіңе сеніп,
Теңгергенімді,

Сезімге еріп,
Сенделгенімді,
Сонда ұғарсың.

Сыр бөлісіп,
Достасқан,
Кездесіп,
Қайта қоштасқан
Күндерді,
Сағынғанда ұғарсың.

Оңаша оймен,
Сырласқанда,
Көңілді
Бір сәт
Мұң басқанда,
Ұғарсың, іштей тынарсың.

 

ЖАНДЫ-СӨНДІ

Жанды-сөнді,
Сезім өлді.
Жоғалды…
Түйір тамшы
Жанарыма
Неге үйір боп алды?

Тамшы тамып,
Суық қарып,
Есімді алып барады.
Мұздатады,
Сыздатады
Іште бітеу жараны.

Нала басып,
Жағаласып,
Түн қарайды түнеріп,
Қалмай тіптен,
Сезім біткен
Айға көшті үдеріп.

Ілесе алмай,
Түгесе алмай,
Жұлдыздардың санауын.
Бір егілдім,
Жүрегімнің
Жеткізе алмай қалауын.

 

Сенің келетініңді…

Сенің келетініңді…
Күткенмін шын жүректен.
Сенің келетініңді…
Күтумен көп жыл өткен.

Сол жылдар арасында,
Жазылды өлең талай.
Жолықпай қаласың ба?
Сөзіңе сенем қалай?

Көктем боп кезігіп ең,
Жалынды жас шағымда.
Бір бақыт сезініп ем,
Жоғалттым қас-қағымда.

Жылжытып сынақпенен,
Уақыттың көшін алға.
Жүз түрлі сұрақ берем,
Сене алмай осыларға.

Өзіңді бөлек көрем,
Тұлғаң да бір төбе еді.
Сәбидей өбектеп ең,
Жүрегім жыр төгеді.

 

Есіңде ме?

Есіңде ме,
Мойныңа асылғаным?
Бұлттан шыққан
Күндей боп ашылғаным.
Сезгендей-ақ секілді ем
Сезімдерім,
Жүрегіңді тулатып басылғанын.

Есіңде ме,
Үзіле қарағаным?
Қиял кернеп,
Қалықтап барады әнім,
Көріп қана кетіп ең

Ай арудың,
Алдына алып, бұрымын
тарағанын.

Есіңде ме,
Жыр болып төгілгенім?
Ағыл-тегіл алдыңда
Егілгенім.
Ай айналып, күн кірген
Есіңде ме?!
Айқасқанда қос құшақ
Сенің, менің.

Есіңде ме,
Өлең боп өрілгенім?
Өзгелерден
Еректеу көрінгенім.
Сол өзгелік, еректік,
Еркіндіктен
Өзің үшін біржола бөлінгенім?

Есіңде ме,
Өзгелеу көрінгенім…

АПА, АЙТШЫ!

Әжем Мінуара (Мапыш) Нұртазақызына

Апа, айтшы,
Ұзақ жасау қиын ба?
Бара алмайсың жиынға.
Өткен-кеткен алмасып,
Жаңғырады миыңда.

Апа, айтшы,
Ұзақ жасау оңай ма?
Жүректі мұң орай ма?
Қалып қойған жандайсың,
Қалтарыста солай ма?
Апа, айтшы,
Ұзақ жасау жақсы ма?
Замандасың тапшы ма?
Отырасың күбірлеп,
Ұқсап кейде бақсыға.

Апа, айтшы,
Көргеніңді қиындық,
Қасыңа кеп жиылдық.
Деуші едің ғой,
Жаратқанға күні-түні
сиындық.

Апа, айтшы,
Тартқаныңды диірмен,
Астық та жоқ үйілген.
Масақ теріп қырманда,
Шүберекте түйілген.

Апа, айтшы,
Сонау соғыс жылдары,
Соқа менен сырманы,
Өгіз айдап жер жыртқан,
Қыз-келіншек туралы.
Апа, айтшы …

 

Бұл не?

Бұл не?
Жүрегімді сыздатқан,
Жылытқан әрі мұздатқан.
Жасқанып бір,
Жас тамып тұр,
Жанарымнан мұң жапқан.

Бұл не?
Шуақ па жанға нұр сепкен,
Бұлақтай әсем жыр төккен.
Мейірленіп,
Пейілденіп,
Қарағандай күн көктен.

Бұл не?
Көктем бе, келген кештетіп,
Қалғанда ғұмыр еш кетіп.
Талқы тағдырым,
Жалқы қалдырып,
Есейткен кезде есті етіп.

Бұл не?
Қарманып қиял қуу ма?
Өртеніп, қайта суу ма?
Жалын шарпып өткендей ме,
Жеткендей ме?
Қас-қағым қалған ғұмырға.

 

Сүйдім сені

Сүйдім сені есім кетіп,
Несін оны жасырамын.
Өзің болдың есіл-дертім,
Жолығуға асығамын.

Үкідейін түнде ұшып,
Айдан сені таба алмадым.
Кетем бе деп, отқа түсіп,
Күнге жақын бара алмадым.

Түні бойы көз ілмедім,
Түсті жаным арпалысқа.
Кетті оянып сезімдерім
Қалып қойған қалтарыста.

Елес болып, еріп күнде,
Көз алдымда тұрып алдың.
Жан дүниеме еніп мүлде,
Хан сарайын құрып алдың.

Табанында қалдым ұқпай,
Мазалаған сен кім едің?
Жанарымда таңғы шықтай
Жалғыз тамшы мөлдіреді.

 

Қайыра алмаспыз көктемді

Сүйгенмін дейсің бұрын да,
Әзілің, әлде, шының ба?
Айтылмаған жан сыры
Жазылар бүгін жырымда.

Сүйгенмін дейсің сол шақта,
Алшақта әр кез болсақ та.
Сездіре алмай сезімді,
Жасырып мәңгі қалсақ та.

Жеткені осы кез келіп,
Мүмкін де емес сезбеуің.
Жаныма балап жүргенде
Келгенсің дейсің өзгеріп.

Аса алмай достық сенімнен,
Жолымыз екі бөлінген.
Қайырылмай кеткем, қайтесің,
Қарсы алып тұрған жеріңнен.

Өткізе берме өкпеңді,
Қозғама өткен-кеткенді.
Қайталап қанша айтсақ та,
Қайыра алмаспыз көктемді.
 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp