«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бибігүл ИСИНА,

Горький орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Бүгінгі таңда әр салада жемісті еңбек етіп, үнемі білімін жетілдіріп, жігерленіп тұратын өңіріміздің жастары жетерлік. Осы орайда жастардың жұмысқа орналасып, мамандығы бойынша қызмет етуіне “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы мүмкіндік беріп отырғандығын айта кеткен жөн.  

Горьковское ауылы аудан орталығынан 100 шақырым қашықтықта орналасқанымен, мұнда елді мекен тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Горькиліктердің басым бөлігі жергілікті “Ақниет-Ақжар” және “Горьковское АҚП” ЖШС-де жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр.

Ауылдың мәні мен сәні саналатын мектеп ұжымының құрамы жаңарып, қатарымыз жас мамандармен толыға түсті. Соңғы екі жыл ішінде біздің мектепке 10 жас маман қызметке орналасты.

“Жас келсе – іске” демекші, жас мамандар алғаш келген күннен бастап аянбай еңбек етуде. Олардың нәтижелері де, жетістіктері де аз емес.

Әрқайсысына жеке тоқталатын болсақ, математика пәнінің мұғалімі Динара Сәдуақасованың оқушылары – Алиат Абай мен Регина Марочка пән олимпиадасының аудандық кезеңінде ІІІ орынды иеленсе, география пәнінің мұғалімі Айгүл Сүлейменованың оқушысы Леонид Сумцов ІІ орынға табан тіреді. Сондай-ақ қазіргі уақытта Айгүл Нұрланқызы 6-7-сынып оқушыларымен бірге Горьковское аймағында орналасқан ауылдардың тарихи-географиялық сипаттамасы” атты ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу үстінде.

Білім ордасының еңбекқор мамандарының бірі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әйгерім Мәжитова. Былтырғы жылы оның оқушылары Мәдина Қайырденова пән олимпиадасының аудандық кезеңінде ағылшын пәнінен үшінші орыннан көрінсе, үстіміздегі жылы Николай Дянков екінші, ал Михаил Гришаев үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ 11-сынып оқушысы Айнаш Мұқышева ҰБТ тестілеуінде ағылшын пәні бойынша 22 ұпай жинап, ұстазының сенімін ақтады.

Оқушыларының жетістіктерімен мектеп беделін көтеруге атсалысып жүргендердің қатарында қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Динара Төлебаева да бар. Атап айтқанда, Ғабит Мүсіреповтің 115 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық сайыста өз оқушыларымен “Ұлпан” романының үзіндісін сахналап, жүлделі үшінші орын, ал 7-сынып оқушысы Айдана Ақбар қазақ тілінен аудандық олимпиадада екінші орынды жеңіп алды.

Ал биылғы оқу жылында “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша ауыл мектебіне қызметке келген жас маман Ілияс Жұманов аз уақыттың ішінде мектебіміздің ғана емес, сонымен қатар округіміз бен ауданымыздың мақтанышына айналып үлгерді. Дене шынықтыру пәні бойынша ауыл балаларын саламатты өмір салтына баулып жүрген Ілияс Жексенбайұлы үстіміздегі жылы Щучье қаласында өткен ел біріншілігіне қатысып, қысқы президенттік көпсайыс бойынша алтыннан алқа тағынды. Сөйтіп, спорт шебері нормативін орындады.

Қазіргі кезде жас маман ретінде білгенін көрсетіп, шәкірттерін де спортқа баулып жүрген Ілияс Жексенбайұлы жаттықтырған ауылдық округтің құрамасы қысқы және жазғы аудандық спорт ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші, екінші орындардан көрінуде.

Биылғы жылы осы мемлекеттік бағдарлама бойынша ауыл мектебіне қызметке келген дене шынықтыру пәнінің тағы бір мұғалімі Гүлсанат Мұсайыпова хорегорафиялық үйірме ұйымдастырып, “Болашақ” атты би тобын құрды. Енді топ мүшелері ауылда және мектепте ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға қатысып, ауыл тұрғындарын өз өнерімен тәнті етуде.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp