«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІР ХАЛЫҚ – БІР ЕЛ – БІР ТАҒДЫР” рухындағы оқушыларды тәрбиел е у мақсатымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шолпан КАРИНОВА,

облыстық Білім басқармасының басшысы.

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі білім беруді дамыту болып табылады, өйткені алдағы жылдарда ел экономикасының даму қарқыны, әлеуметтік және мәдени өрлеуі, сонымен қатар ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейі біліммен байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан – 2050″ Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында білім беру жүйесінің даму қорытындысын шығарып, жаңа міндеттер жүктеді. Бұл міндеттерді орындау үшін білім беру жүйесін реформалауға, оны қазіргі заман талабына сай бейімдеуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Олар: ұлттық деңгейде білім беру сапасына бақылау жүргізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін түбегейлі өзгерту, электрондық оқытуды, жан басына қаржыландыруды енгізу, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін жалпы білім беретін мектептер жүйесіне тарату, жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің тәуелсіз сертификатталуын, кадрларды даярлаудың дуальдық жүйесін енгізу.  

2013-2014 оқу жылында жалпы білім беру мекемелері жаңа Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру стандарты бойынша жұмыс істей бастайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің айқындауымен бұл стандарт 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу ретінде белгіленген. Осыған орай өскелең ұрпақтың көптілділігін қалыптастыру мақсатында ағылшын тілі 1-сыныптан, информатика 5-сыныптан енгізіледі, бұл жоғары оқу орындары, колледждер, жалпы білім беретін мектептер түлектерінің ақпараттық құзыреттілігін дамыту талаптарына байланысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында жаңа оқу жылынан “Өлкетану” (7-сынып), “Алаштану” (9-сынып), “Абайтану” (9-11-сыныптар) курстарын таңдау бойынша енгізу ұсынылуда.  

Балалардың түрлі білім беру бағдарламаларына тең қолжетімділігі, мектепке дейінгі сапалы тәрбие және білім берумен толық қамтамасыз етілуі – басты мемлекеттік міндет.

“Балапан” бағдарламасы жүзеге аса бастағаннан бері біздің облыста 8699 жаңа орын ашылды. Үстіміздегі жылы “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруға 1 446105 мың теңге бөлінді, оның 1372222,0 мың теңгесі бұрынғы қолданысқа енгізілген (8699) балабақшаларды ұстауға және 73 883 мың теңгесі жаңа 691 орын ашуға жұмсалды. Бүгінгі таңда балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 3 пен 6 жас аралығындағылар бойынша – 88,6 %, 1 мен 6 жастағылар бойынша – 64,1 %-ды құрады.

Тайынша, Тимирязев, Мамлют аудандарында балалар мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамтылған. Керісінше Петропавл, Сергеевка қалалары мен Новоишимка (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан), Благовещенка (Жамбыл ауданы), Қиялы (Аққайың ауданы), Бәйтерек (Қызылжар ауданы), Кішкенекөл (Уәлиханов ауданы) ауылдарында балабақшалар құрылысына қажеттілік бар.

Мектеп жасына дейінгі балалардың заманға сай дамуы білім беру мазмұнының ғана емес, бұл мекемелердегі оқыту мен тәрбиелеу әдістемелерінің инновациялық білім беру технологияларын пайдалана отырып жетілдірілуін талап етеді. Ол үшін білім беру қызметін ұсынатын педагогтер соңғы үлгідегі оқу-әдістемелік құралдарымен жұмыс істей алуы қажет. Бүгінгі күні аталмыш мекемелерде қызмет атқарып жүрген 2227 педагогтің 18%-ы ғана бірінші және жоғары санатты.

Жалпы орта білім беру жүйесінің алдында 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу міндеті тұр. 2015 жыл – 12 жылдық білім беруді біртіндеп енгізудің алғашқы кезеңі. 11-12-сыныптар оқушыларының болжамдық контингентін ескере отырып, 102 жалпы білім беретін мектепте бейіндік оқыту енгізіледі, оның ішінде облыстың 14 мектебі тірек мектептер режімінде жұмыс істейді.

Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде 905 жаңа үлгідегі кабинет бар. Оның ішінде кабинеттермен жабдықталған мектептер үлесі: химия кабинеттері – 31%, биология – 35%, физика – 55%, лингофонды-мультимедиалық – 58%. Барлық кабинеттер республикалық бюджет есебінен жабдықталған.

Электрондық оқыту жүйесі білім беру үдерісінің барлық деңгейлерінде түбегейлі өзгерістер енгізуде. Аталмыш жүйе 60 білім беру ұйымында қолданылуда, үстіміздегі жылдың соңына дейін олардың саны тағы 35-ке артады. Бүгінгі күні 2014 жылға оқу орындары іріктеліп жатыр. 2015 жылға дейін осындай мектептер саны 50 пайызға жетуі керек.

Үстіміздегі жылы республикалық олимпиадада облыс оқушылары 20 (1 алтын, 10 күміс, 9 қола) медальға ие болды. Оқушылардың ғылыми жобалар сайысының республикалық қорытынды кезеңінде 2 грант пен 10 мақтау грамотасына ие болды және 5 баланың шығармашылық жұмысы (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) медальдарды жеңіп алды. “ЛОРД” лицейінің түлегі Вадим Усик физика және астрономия пәндері бойынша Оңтүстік Корея, Бразилия, Украина және Қазақстанда өткен халықаралық олимпиадалардың 4 мәрте жеңімпазы, республикалық олимпиадалардың алты мәрте жеңімпазы (2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальдар). Арнайы мамандандырылған қазақ-түрік лицейі, “ЛОРД” мектеп-лицейі, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты, жалпы білім беретін Бірінші лицей, “БЭСТ” гимназиясы оқушыларының жетістіктері жақсы.

2013 жылғы біздің түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу деңгейі төмен болғандығын атап көрсеткен жөн. Ең жоғары нәтиже Қызылжар ауданы Шаховское орта мектебінің түлегіне (122 балл) тиесілі болды. Біздің облыстың түлектері ағылшын тілінен екінші жыл қатарынан республикада үздік білім деңгейін көрсетіп келеді, пәнді таңдаған 205 оқушының 48,2%-ы “5″, 45,4%-ы “4″ алды. Математика мен биологиядан облыс түлектері орташа республикалық деңгейден жоғары балға ие болды. 20 түлек оқудағы жетістіктері үшін үздік аттестатқа лайықталды. “Алтын белгіге” үміткер 111 түлектің тек 29-ы өз білімдерін дәлелдеді.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибелерін тарату және білім сапасын арттыру мақсатында жалпы білім беретін мектептердің педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету үшін Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы мен Бескөл мектеп-гимназиясы базалық мектеп болып айқындалды.

Облыста 18 жасқа дейінгі 5,1 мың мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұр. Олар әлеуеттік мүмкіндіктеріне қарай арнайы коррекциялық педагогикалық қолдауға ие. Балаларға медициналық-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық кешенді көмек көрсету үшін 70 арнайы білім беру ұйымы қызмет етеді. Соның ішінде: 7 коррекциялық мектеп-интернаттар, 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, 11 психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері, 49 логопедтік пункттер бар. Оларда 3 мыңға жуық балалар мен оқушыларға білім беріліп, қызмет көрсетіледі. Петропавлдағы №13 орта мектепте жақсы тәжірибе қалыптасқан.

Облыста 2006-2013 жылдар аралығында жетім балалар арасынан 30 адам баспаналы болды, олардың 18-і – балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, 12-сі – қамқоршылықта болғандар. Балалар үйлерінің 1209 тәрбиеленушісінің 21-і ғана өздеріне бекітілген үйлеріне оралды. 800-ден астам бала Петропавл қаласынан үй алуға кезекте тұр. 2013 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілгендіктен, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй мәселелері алдағы уақытта оң шешілетін болады. 2010 жылмен салыстырғанда интернаттық мекемелердегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны 99-ға кеміді. 2013 жылы аталмыш типтегі мекемелер тәрбиеленушілерінің 30-ы отбасыларға патронаттық тәрбиеге берілді. Патронаттық тәрбиешілерге берілген 180 баланы күтіп-бағуға облыстық бюджеттен 83 млн. теңге бөлінді.

Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің алдында аталмыш жүйені қоғам мен экономиканы индустриялық-инновациялық дамыту сұраныстарына сәйкес жаңғыртудың, әлемдік білім беру кеңістігіне шоғырландырудың стратегиялық мақсаты белгіленген. Бүгінде мамандарды даярлау еңбек нарығының болжамдық қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады.

Оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамыту мақсатында жоспардағы өндірістік тәжірибенің үлесі жұмыс берушілермен серіктестік есебінен оқу уақытының 60 пайызына дейін арттырылды. Оқытудың аталмыш жүйесін енгізу бүгінде 6 колледж негізінде 9 мамандық бойынша жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік серіктестер бүгіннің өзінде колледж түлектерінің кәсіби даярлық деңгейлерін тәуелсіз бағалау шараларына белсене қатысады. Үстіміздегі жылы 3,4 мың студент тәуелсіз бағалау шараларына қатысып, олардың 99%-ы (2012 жылы бұл көрсеткіш 96%-ды құраған) шектеулі деңгейден өтті. Кәсіптік даярлық деңгейін тәуелсіз бағалаумен алғаш рет 252 сырттай оқу бөлімінің түлектері қамтылды, олардың 251-і немесе 99,6%-ы шектеулі деңгейден өтті.

2012-2016 жылдарға арналған функционалдық сауаттылықты дамыту жөніндегі Ұлттық әрекет ету жоспары тәрбие жұмысына жаңа серпін берді. Оның аясында (32 мың оқушыны қамтитын қосымша білім беру ұйымдарының 73 желісі 43,8%-ды құрайды) қосымша білім беру жүйесі жетілдірілуде және дамуда. Қосымша білім беру мекемелерінде балалар өздерінің қызығушылықтары мен бейімдеріне қарай сүйікті істерін таңдап, сабақтан тыс уақытта сонымен айналысады. Осы мақсатта штаттық кестеге психологтер (446), әлеуметтік педагогтер (432) және мектеп инспекторлары (78) енгізілген.

Өскелең ұрпақпен жұмыста қоғамдық бірлестіктердің орны елеулі. Республикалық “Бірыңғай “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы” ҚБ-нің құрамында 9 мыңнан астам оқушы бар. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласының жасұландықтары 1 млн. теңге қолдауға ие болды. Аудандық білім бөлімдері де осыған теңесуге тырысу керек. Өйткені, бұл ұйым Отанымыздың патриоттарын тәрбиелейді.

Қазіргі кезеңде дене тәрбиесі мен спортқа ерекше назар аударылады. Спорттық жұмыстың басты назарында қазақстандық спортшылардың Лондонда өткен 30-шы Олимпиадалық ойындардағы жетістіктері болуы керек.

Оқушылардың үйлесімді дамуына қол жеткізу үшін Өңірлік дене шынықтыру, спорт және бастапқы әскери дайындық оқу-әдістемелік орталығы жыл сайын облыстық деңгейде 120 спорттық бұқаралық шара өткізеді және жас спортшылар 80 республикалық, халықаралық жарыстар мен турнирлерге қатысады. Біздің облыстың командасы республикалық оқушылар сайыстарында 1 орын алды.

Аталған жағдайды ескере отырып, оқушылардың денесінің шынығып өсуі үшін қажетті жағдайлар жасау керек. Ең алдымен оқу жоспары талаптарына сай спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету қажет.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барлық бағыттарда жетілдірілуде. Дұрыс және мазмұнды ұйымдастырылған жазғы сауықтыру шаралары – тәрбие және білім беру сапасына әсерін тигізетін білім беру үдерісінің маңызды құрамдасы.

Білім беруді мұғалімнің белсенді қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Өңірлерде шоғырландырылған орталықтары бар мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру Ұлттық орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектептері жанындағы педагогикалық шеберлік орталықтары құрылды. Оларда мектеп мұғалімдері 3 ай бойы әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңа бағдарламаларға дайындықтан өтеді. Бұл курстардың негізгі мақсаты – мұғалімдердің дәстүрлі педагогикалық ойлауын өзгертуге және пәндерді жаңаша оқыту әдістерін басқа мұғалімдерге насихаттауға қабілетті сыни тұрғыдағы педагогтерді қалыптастыру. Жоба 5 жылға шақталған. Осы кезеңде аталмыш курстардан еліміз бойынша 120 мыңнан астам адам қамтылуы керек. Біздің облыста жаңа бағдарламалар бойынша оқыту курстарынан 762 мұғалім өтті. Оның ішінде базалықта – 674, негізгіде 88 адам оқып шықты.

Жаңа көзқарастағы ұстаз – бүгінгі заманға тән сипат. Облыс мектептерінде осызаманғы мұғалімдердің тұрақты ұжымы қалыптасты, олар оқу-тәрбие үдерістерін ұйымдастыруға түбегейлі жаңа көзқараспен қарайды. Оған оқушыларымыздың республикалық және халықаралық олимпиадалардағы оқу жетістіктері дәлел.

Оқу-тәрбие жұмыстарында жіберілген олқылықтар – педагогтердің сапалы және кәсіби шеберліктерін шыңдауда жеткілікті жұмыс істемеуінің салдары. Білім беру бойынша мұғалімдердің сапалық көрсеткіші – 82% (республикада – 87,9%), санаттары бойынша облыста – 15%, (республикада – 16,3%). Облыстағы 17573 педагогтің жоғары біліктілік санаттысы – 15%, бірінші санаттысы – 28,4%, екінші санаттысы – 28,4%-ды құрайды.

Алайда, Тимирязев, Ақжар, М.Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бұл көрсеткіш екі есе төмен.

2013-2014 оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды, осы уақытта оқу үдерісін ұйымдасқан түрде бастауға байланысты кейінге қалдыруға болмайтын міндеттерді шешуге күш салу қажет. Ең бастысы – білім беру мекемелері сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуге дайын болуы керек.

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтіп жатқан республикалық “Мектепке жол” акциясының барысы қатаң бақыланып, мектеп жасындағы барлық балалардың білім алуға конституциялық құқығы қамтамасыз етілуі тиіс.

Биылғы жылы Білім күнінің салтанатты сапқа тұру шарасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр” тақырыбына арналады. Шараның мазмұны бірыңғай азаматтық қоғам құруға, көпэтносты және көпконфессиялы мемлекетімізді нығайтуға, оқушылардың патриоттық сезімдерін тәрбиелеуге бағытталуы тиіс.

Жаңа оқу жылы шығармашылық ізденістерге, кәсіби табыстарға, тәрбиеленушілеріміздің білім алудағы жоғары нәтижелеріне толы болсын!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp