Бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 49 мектеп бар болса, соның 8-і ғана таза қазақ тілінде білім береді. Соның бірі – Новоишим қазақ орта мектебі.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облысымыздағы ең үлкен және әлеуметтік-экономикалық жағдайы өзге өңірлерден көш ілгері саналатын Ғабит Мүсірепов атындағы аудан бұрынғы Куйбышев, Рузаев және Чистополь аудандарын біріктіру жолымен 1997 жылы құрылған. Содан бері оған бес әкім басшылыққа келген. Олар ауданның көркеюіне өзіндік үлесін қосып, сол еңбектері үшін тіпті орден-медаль да тағынып жүргендерімен, ұлттық рух пен тәрбиенің, мемлекеттік тілді үйретудің ордасы болып отырған қазақтілді мектепке кең де жарық ғимарат салу қажеттілігі туындағанда бұл іскерліктерін көрсете алмағандығы ойлантады да, қынжылтады да… Керісінше, өзекті мәселе бертінге дейін “жабулы қазан” күйінде қалып келді.
Әйтпесе, аудандық әкімдіктің дәл жанында, Новоишим ауылының қақ ортасында орналасқан қазақ орта мектебінің мүшкіл жағдайы алғаш рет 1996 жылы көтерілген еді. Жыл өткен сайын ана тілінде білім алам деген балалардың көбеюі, мектеп ғимаратының тарлығын сездірген. Сол сәттен бастап облыстың, республиканың құзырлы органдарына, Парламенттің депутаттарына жылына 1-2 мәрте хат жолданып отырған. Хаттар да жолда жоғалмай діттеген органдарға, тұлғаларға жеткенімен, аталмыш мәселені шешуге еш пайдасы болмаған. Өйткені, бұл кезде “Солтүстік Қазақстан облысында 3 ауысымда оқитын мектеп жоқ” деген ресми ақпар айтылатын. Әрине, бұлай жалған айтылмаса, демографиялық өсімі артта қалған өңірімізде санаулы қазақ баласының сапалы білім алуына қалыпты жағдай жасалмауы жергілікті басшылардың беттеріне шіркеу болар еді…
– Бұрынғы аудандық атқару комитетінің мектепке бейімделген ғимаратында орналасқан мектеп 180 орындық болса, бүгін мұнда 440 бала білім алуда. Мектеп ғимараты өте тар. Сол себепті балаларды үш ауысыммен оқытудамыз. Сынып бөлмелері ауаткомның шағын кабинеттері болғандықтан, бала оқытуға бейімделмеген. Бұл бөлмелерге ең көп дегенде 16 бала ғана сыяды. Егер санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің талабы бойынша парта мен тақтаның арасындағы қашықтық 3 метр болуы керек болса, біз мұны орындай алмай отырмыз. Оқушы парталарын дәл тақтаның алдына қоюға мәжбүрміз. Ал мектепте екі үлкен сынып бар. Олардың әрқайсысында 22 бала бар, – дейді Новоишим қазақ орта мектебінің директоры Сәрсенгүл Сүйісінова.
Мектепте небары 12 сынып бөлмесі болса, оқушылар санына байланысты 27 сынып жинақталған. Сол себепті мектептегі оқу үдерісі таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 19.20-ға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында 3 ауысым бойынша сабақ беретін мұғалімдер мектеп ауласынан ұзамайды.
– Менің кабинетім бұрын екінші қабатта болатын. Сынып бөлмелері жетіспегендіктен, оны босатып, бірінші қабатқа көштім. Бұл орын бұрын қойма, кейін буфет болған еді. Кейде бұл кабинет те сынып бөлмесіне айналады. Балалар кабинетімде сабақ оқып жатқанда, 45 минут дәлізде жүріп, мектептің шаруаларын тындырамын. Үш ауысыммен оқығандықтан, факультативтік сабақтар, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық өткізуге мүмкіндік жоқ, – деген Сәрсенгүл Сүйісінова мектептің тағы бір жоғын атап өтті. Ол – спорт залы. Дене шынықтыру пәнін өткізетін өз орындары болмаған соң, аудан орталығындағы Спорт мектебімен келісіп, оқушыларын сондағы спорт залына апарады екен. Өзге мектептің оқу кестесіне тәуелді болып отырған білім ордасының оқушылары дене шынықтыру пәнінде аптасына бір-ақ рет спорт залға барады. Ал қалған күндері сыныптарында отырып, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Қыста күн сынық болса, далаға шығып шаңғы, коньки тебуі мүмкін.
– Біз ғимараттың тарлығынан бала қабылдауға да шектеу қойып отырмыз. Бүгінгі мүшкіл жағдайымызды баласын таза қазақ- тілді мектепте оқытқысы келетін ата-аналар түсінбей: “Конституциялық құқығымызды шектедіңіздер”, – деп шағымданады. 1, 5, 10- сыныптарға сырттан балалар көп келеді. Мысалы, мектептің даярлық сыныбында 45 бала бар. Ертең балабақшадан 10-15 бала келеді деп күтіп отырмыз. 5, 9-сыныптарға маңайдағы қазақ тілді бастауыш және негізгі мектептердің түлектері келеді. Үстіміздегі жылғы жаңа оқу жылында 1,5,10-сынып үш-үштен бола ма деп отырмыз. Бұл сынып бөлмелерінің аздығынан оқушыларға гуманитарлық және жаратылыстану бағытында білім беріп отырған біз үшін өте ауыр. Сонымен қатар, 12 жылдық оқыту үлгісі бойынша 3 эксперименттік сынып бар. Сынып бөлмелері жетіспей жатса да, балаларға сапалы білім беру үшін мектепті компьютермен, интерактивті тақтамен, мультимедиалық кабинетпен қамтамасыз еттік, – дейді Сәрсенгүл Сүйісінова.
48 мұғалім еңбек етіп жатқан Новоишим қазақ орта мектебін осы күнге дейін бір “Алтын белгі” және екі үздік аттестат иесі тамамдаған. ҰБТ-дан оқушылары 100-дің үстінде ұпай алған мектеп басшылығы ғимарат кеңейсе, таза қазақ тілінде білім беретін шағын орталық ашуды да армандайды. Бұл арманның да өзіндік себебі бар. Бүгінгі таңда аудан орталығында таза қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін балабақша жоқ. Осы орайда Новоишим қазақ орта мектебінің ұжымы білім беруді аралас балабақшалардан келген бүлдіршіндердің тілін қазақшаға икемдеуден бастайтын көрінеді.
Міне, осылай үш ауысыммен жұмыс істеп жатқан мектептің мұң-мұқтажына 17 жылдан бері аудан түгілі, облыс басшылары да қанық болғанымен, тек Елбасы 2007 жылы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” Жолдауында сапалы білім беруге қол жеткізу үшін, біріншіден, 3 ауысымдық оқытуды жою керек деген тапсырма бергеннен кейін ғана “сең қозғалған”. Сол “сеңнің» көбесі түбегейлі сөгілмесе де, мектепке жаңа ғимарат салуға қажетті жобалық-сметалық құжатты жасатуға қаржы бөлініпті. Алайда, жалына-жалпая жүріп сұрап алынған қаржы алған тапсырысты адал орындамаған жобалау-құрылыс ұйымының қолына тиіп, ол жасаған құжат мемлекеттік комиссиядан өтпей қалған. Осылай бұл мәселе де аяқсыз қалар ма еді, егер Новоишим қазақ орта мектебінің “Айдың, Күннің аманында” үш ауысыммен бала оқытып отырғанын естіген өңір басшысы Самат Ескендіров биыл облыстық бюджеттен білім ордасына қажетті жобалық-сметалық құжатты жасатуға қосымша қаржы бөлмегенде.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен қазір жобалық-сметалық құжат қайта жасалуда. Ол әлі мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ. 400 орындық мектепке және 200 орындық мектеп жанындағы интернат құрылысына 3 гектар жер бөлінді. Қалай қаржы бөлінеді, солай мектеп құрылысы басталады, – дейді аудандық Білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Эльмира Қарабаева.
Ауданда таза қазақ тілінде білім беретін үш орта мектептің бірінің бүгінгі жағдайы, міне, осындай. “Көбіне шыдағанда енді азына да шыдайық. Көкейкесті мәселемізді облысымыздың бірінші басшысы тікелей өз қолына алғандықтан, оның алдағы жылдары оңынан шешілетініне сеніміміз зор”, – дейді ұстаздар қауымы.