«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН БҮКПЕСІЗ ӘҢГІМЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейсенбі күні “Абакшино” демалыс базасында үш күн қатарынан “Жастар – Отанға! атты жазғы саяси жастар лагері жұмыс істеген болатын. Оған 50-ге жуық белсенді жас қатысты. Лагерьдің жабылу салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров және Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл басқосудың мақсаты – билік пен белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, емін-еркін пікір алмасу. Жастар қауымы бұл кездесуде өздерін барынша еркін ұстап, облыс әкіміне ұсыныс-тілектерін де жеткізе білді. Бейресми кездесу барысында өңір жастары бүгіннен бастап саясатқа араласуға дайын екендіктерін танытты.

– Менің ойымша, біздің облыстың жастары өте белсенді. Қазір өңірімізде елуге жақын жастар ұйымдары бар. Аталмыш ұйымдар бүгінде өз міндеттерін тиісінше орындап жүр. Жастар саясатын іске асыруға бөлінген қаржы көлемі де жыл санап ұлғайып келеді. Білікті де білімді жастар Қазақстанның қарқынды дамуына өз үлестерін қосуда. Сіздерге қазір барлық жағдай жасалған. Оқуда да, жұмыста да жастарға қажет дүниелердің бәрі бар. Билік өкілдері көп жағдайда жастармен кеңселерде, тым ресми жағдайларда кездеседі. Ал бүгінгідей басқосулар екі жақ үшін де пайдалы, – деді Самат Ескендіров.

“АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің төрағасы Ақжан Қарым мұндай кездесу жастар үшін өте қажет екендігін айтып, билік өкілдерімен қоғамдық мәселелерді шешуде өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сонымен қатар, өңір басшысына мүгедектер ісі жөніндегі кеңесші тағайындау мәселесі бойынша сұрағын қойды. Осы орайда Самат Сапарбекұлы бұл мәселе жуық арада шешімін табатындығын, жауапты қызметке кандидаттың бар екендігін хабарлады. Ол алдағы уақытта ресми түрде өз ісіне кірісетіндігін айтты.

Белсенді жастар өкілдерінің: “Көшбасшы қандай болуы керек?” – деген сұрағына өңір басшысы: “Әр көшбасшы, біріншіден, айналасындағыларға сеніммен қарауы тиіс. Шыншыл болғаны абзал. Барлық адамгершілік қасиеттерді бойына дарыта білуі керек. Әрине, кәсіби шеберліктің де маңызы зор. Күш-қайратын пайдаға асыра алатын жігер қажет. Сондай-ақ қандай білікті басшы, мықты маман болсын, ең алдымен ар-ұяты болуы қажет”, – деп жауап қайтарды. Жергілікті телеарналарда белсенді жастардың жұмысы мен қол жеткен жетістіктерін насихаттайтын телебағдарламаның жоқ екендігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта осындай бағдарлама жасау мүмкіндігі жайында сұрақ қойған жастарға облыс әкімі телебағдарлама жүргізу үшін эфир уақыты мен қаржы қарастыратын жағдай бар екендігін, өңірімізде майталман спортшы мен еңбекқор жас мамандар аз еместігін атап өтіп, аталмыш мәселе ұмыт қалмайтындығын жеткізді.

Шара барысында компьютер мен электрондық желілердің “құлағында ойнайтын” белсенді жастар Самат Сапарбекұлымен ғаламтор арқылы байланысқа шығуға мүмкіндік жасалса екен деген өтініштерін айтты. Бұл ретте облыс әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Әсем Уақышева өңір жетекшісінің күнделік жүргізетін жеке блогы бар екендігін еске салды. Кеңесшінің айтуына қарағанда, кез келген адам ол бетке кіріп, өз ұсынысын қалдыра алады. Сондай-ақ Самат Ескендіровтің виртуалдық қабылдауы да тәулік бойы жұмыс істейді. Онда түскен сауалдың жауабы 4 күннің ішінде беріледі.

Кездесуде Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков өз өмірінен қызықты жайттарды әңгімеледі.

Білімді де жігерлі жастар ашық диалогтың қызықты өткенін айтып, әңгіме құрған билік өкілдеріне алғыс білдірді. Ал өңір басшысы барлық көтерілген мәселелерге тұшымды жауаптар бере келе, жастар көтерген мәселелердің біртіндеп оң шешімін табатындығын айтты.

Үш күнге созылған “Жастар – Отанға!” жазғы саяси жастар лагері барысында елу белсенді жасқа табысты іс жүргізудің, саясатқа араласудың алғышарттары түсіндірілді. Танымдық акцияның шеберлік сабақтарын Астана, Өскемен қалаларынан арнайы шақыртылған оқытушылар өткізді. Сондай-ақ қатысушыларға әлеуметтік саяси мәселелерді шешуге бағытталған өз жобаларын құру мүмкіндігі туғызылды.

Қазылар “АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің тың ойын үздік деп танып, жеңімпаздар игі бастамаларын жүзеге асыру үшін 100 мың теңгенің грантына ие болды.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp