«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МАҚСАТЫМ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУЫН ЖЕЛБІРЕТІП, ГИМНІН ШЫРҚАТУ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазан қаласында өткен Бүкіләлемдік XXVII жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы 15 жеңілатлетшінің үшеуі алтын медальмен оралған еді. Солардың бірі – жерлесіміз Маргарита Мұқашева. Осы орайда Қызылжардың желаяғымен сұхбаттасып, газет оқырмандарына Маргаританы жақынырақ таныстыруды жөн санадық. 

– Маргарита, Универсиадада жеңіп алған алтын медаліңізбен құттықтаймыз! Аталмыш байрақты бәсекеге дайындық кезінде қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

– Рақмет! Өзімнің жеңімпаз атанғаныма әлі де сене алар емеспін. Жұдырықтай жүрегім кеудемнен ытқып шығардай күй кешудемін. Енді тек қана алға қанат қағамын. Универсиадаға дайындық Алматы қаласында өткен болатын. Дайындық барысында аса қиналдым деп айта алмаймын. Күнделікті жаттығуларымды жасап, жоспарға сәйкес жаттықтым. Ең бастысы сайыстарға аса жауапкершілікпен қарау керек екендігін естен шығармауға тырыстым. Жарысқа жаттығу барысында тек бір қиындыққа тап болдық. Ол – Алматының ми қайнатқан ыстығы болатын. Петропавлда да соңғы күндері сынап бағанасы отыз градустан түспеуші еді. Бірте-бірте оған да үйрендік. Универсиадаға ерекше дайындықпен бардым. Себебі, қарсыластарымның қайсысы да жеңісті қолдан бергісі келмейтіні анық. Жарысқа дайындалған кезде де, жол жүрер уақытта да ешкімге алтын жеңіп аламын деп уәде бермесем де, финалға шығуды жоспарлаған болатынмын. Қарсыластарымның кілең мықты болғандықтарына қарамастан, бәрімен қатар жүгірдім. Шын мықтыны анықтайтын жарыста барынша күш салып, ақыры мерейім тасыды. Универсиаданың өзінде 800 метр қашықтықты 1 минут 58, 96 секундта жүгіріп өтіп, ұлттық рекордты жаңарта алдым. Жаттығулар барысында төккен тердің, қайрат-жігердің арқасында ресейлік Екатерина Купина мен литвалық Эгле Балчюнайтені басымдықпен оздым. Мәре сызығын бірінші болып қиғанымда төбем көкке жеткендей болғаны рас.

– Жеңіске жеткенде алдымен ойыңызға не оралды?

– Мен Қазақстанда туып-өстім. Осында спортқа қадам бастым. Әр жетістігіме жерлестерім қуанып, үнемі қошемет көрсетіп отырады. Сондықтан жарыстарда топ жарғанымда қиындықтарға қарамастан, қолдау білдірген ағайын-туысқандарыма, үлкен спортқа жол ашқан жаттықтырушыма және сенім артып жүрген жерлес жанкүйерлерге деген ризашылығым шексіз. Үздік атанып, жеңістің биік сатысына көтерілгенімде алдымен осы сезім ойға орала берді. Қазақстанның Туы көкте асқақ желбіреп, Гимніміз шырқалғанда туған елдің абыройын биікке көтергенімді өзіме мақтаныш тұттым. Өз жеңісімді туған еліме, тілеулес барша жұртқа, жерлестеріме арнадым.

– Газет оқырмандары Универсиадада топ жарған желаяқтың өмір жолы туралы білгісі келетіні сөзсіз. Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

– Мен 1989 жылы Шал ақын ауданының Новопокровка ауылында дүниеге келдім. 1991 жылы ауыл мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, оны 2002 жылы аяқтадым. Ал 2003 жылы Петропавл қаласындағы облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына ауысып, оқуымды жалғастырдым. Аталмыш оқу ордасында 11-сыныпты тамамдаған соң, Петропавл қаласының гуманитарлық-техникалық колледжiнде “Техник-бағдарламашы”, ал 2011 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да “Жаттықтырушы-оқытушы” мамандықтары бойынша білім алдым.

– Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарынан кейін спорттық мансабыңызды аяқтауға бел буған едіңіз. Дегенмен, қазір жаттығуларыңызды жалғастырып жүрсіз. Яғни, ойыңыздан қайтқан боларсыз?

– Иә, ойлана келе бұл ойымнан қайттым. Спортшы алтын уақытын, мүмкіндігін биік асуларды бағындыруға жұмсауы керек деген ойға келдім. Қазіргі уақытта алдымдағы басты мақсатым – Мәскеу қаласында жеңіл атлетикадан өтетін әлем біріншілігіне қатысып, сайыс маусымын сәтті аяқтау. Ал келесі жылы мен үшін басты сайыс Корея елінің Инчон қаласында өтетін Азия ойындары болмақ.

– Әлем біріншілігіне дайындығыңыз қалай?

– Қазір сайыс маусымының бел ортасы болғандықтан, демалатын уақыт жоқ. Алда әлі жарыстар бар. Сондықтан бар қайрат-жігерімді жұдырыққа түйіп, жаттығуларды үдете түсуім қажет. Дәл қазір додада алтын жүлде еншілеймін деп айту дұрыс емес. Себебі, сайысты жоспарлау мен оған қатысу – екі түрлі нәрсе. Әлбетте, қарсыластарыңның мүмкіндіктерін, дайындық деңгейлерін анықтау мүмкін емес. Өзгелерден дайындығым мықты деп те дөп басып айта алмайсың. “Бақ пен бап қатар шабады” деген сөз бар. Оның дәл айтылғанына талай мәрте көзім жетті. Рас, бабың келіп тұр делік. Бағың шаппаса ше? Сәтсіздіктер де болып тұрады. Қазір мен әлем біріншілігіне дайындалып жүрмін. Мақсатым – Мәскеуге “қонақ” болып барып келу емес, ақтық сынға шығып, жүлделі орындардан көріну.

– Сіз алғаш рет 2005 жылы Шымкент қаласында өткен ҚР бірінші жастар ойындарында жеңіске жеткен едіңіз. Сол уақыттан бері талай белестерді бағындырып, сан дәрежелі медальдар тағындыңыз. Сіз үшін жүлделеріңіздің қайсысының орны бөлек?

– Шынымды айтсам, жүлделерімнің барлығы да өзіме ыстық. Себебі, ел біріншілігінде алған қола медаль болсын, оларды жеңіп алу маған оңайлыққа соққан жоқ. Әрқайсысы үшін шелектеп тер төктім. Сондықтан бір жүлдені ерекше деп бөліп-жарып айта алмаймын.

– Әлемдегі танымал коммерциялық сайыстардың бірі – “Гауһар лигасы – 2013” кезеңіне қатыспақшысыз. Ол қай елде өтпек?

– 2010 жылдан бастап өткізілетін “Гауһар лигасына” жеңіл атлетиканың 32 түрінің өкілдері қатысып, бақ сынасады. 14 кезеңнен құралып, әлемнің 12 елінде өткізілетін лиганың жалпы жүлде қоры 416 мың АҚШ долларын құрамақ. Ал барлық кезең қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған спортшы 40 мың доллар тұратын 4 караттық гауһар тасты олжалайды. Бұл сайысқа тек мықтылар ғана қатысады. Әзірге қай елде өтетін кезеңге қатысатыным белгісіз. Ол Мәскеудегі аламан бәйгеде алатын орныма да байланысты болады.

– Халықаралық додалардың, әлем біріншіліктерінің жүлдегері атақтарын иеленген бақытты жансыз. Осындай белестерді бағындыруыңызға кімдердің еңбегі сіңді деп бағалайсыз? Жалпы, жеңіл атлетші қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Спорттағы табыстардың бәріне шын мәнінде “қан мен терді” қатар төге жүріп қол жеткіздім. Бұл – мүмкіндіктің шарықтау шегіне апарған көп жылғы жұмыс, барлық нәрседе де ұдайы өз-өзіме шектеу қою, қатаң тәртіп, үнемі психологиялық ширығу, ұйқысыз түндер мен үздіксіз жаттығулар. Мұндайда отбасының, туған-туыстың, жақындар мен жерлестердің қолдауы аса маңызды-ақ. Спортшыға тән қасиеттерге тоқталсақ, ең бастысы еңбекқорлық, тәртіпке бас ию, сосын… аздаған дарын қажет. Әрі жаттығудан жалтармай, бапкердің сөзіне құлақ асқан абзал. Себебі, жеңіс тұғырынан көрінер-көрінбеуің жаттықтырушыға тікелей байланысты. Осы орайда менің бағым жанды деуге болады. Мені спортқа әкелген тәжірибелі бапкер – Петр Литвиненко. Халықаралық ареналарда Петр Николаевичтің еңбегі арқасында ел намысын қорғап жүрмін. Үлкен спортқа қадам басуыма мүмкіндік берген жаттықтырушыма деген алғысым шексіз.

– Жеңіл атлетиканы таңдаған солтүстікқазақстандық ұл-қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ізбасарларыма жеңістің оңай келмейтіндігін еске салғым келеді. Барлығына уақыт пен шыдамдылық қажет. Спорттық мансабыңызда талай жеңіс те, жеңіліс те кездеседі. Ең бастысы – кемшіліктерді ескеріп, оны түзете білген дұрыс. Әр уақытта бойыңыздағы дарынның ұшқынын байқап, от қылып лаулатқан жаттықтырушыларыңыз бен қасыңыздағы туысқандарыңыздың сенімін ақтауға тырысыңыз. Сонда ғана Айыңыз оңынан туып, байрақты додаларда топ жарасыз.

Ал өзіме келер болсам, ірі жарыстарға қатысу мүмкіндігі туып тұрғанда соны мейлінше пайдаланып қалуым керек. Демек, қалған уақытта шеберлігімді шыңдай түсемін. Бабым келіп, бағым жанса, келесі жылғы бәсекелі додаларда Қазақстанның Туын көкте асқақ желбіретіп, Гимнін шырқатсам деген үмітім бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бет қапталып жатқанда: Қазақстандық спортшы Маргарита Мұқашева Мәскеуде өтіп жатқан жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында 800 метрге жүгіруде жартылай финалға өте алмады, деп хабарлайды, Vesti.kz тілшісі.

27 жастағы қазақстандық спортшы өз тобында 2 минут 2,6 секунд нәтижемен 7-ші орынға табан тіреді. Ал бұл топта америкалық Бренд Мартинез 800 метрді 1 минут 59,39 секундта жүгіріп өтіп, үздік нәтиже көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, жеңіл атлетикадан XIV әлем чемпионаты Мәскеудегі “Лужники” стадионында өтуде. 10 тамызда басталған жарыстар 18 тамызда аяқталады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp