Гүлнар ИГІБАЕВА,
Тайынша аудандық Білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай 2020 жылға дейін ұзартылған “Балапан” бағдарламасы біздің Тайынша ауданында ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен ауылдық және қалалық бүлдіршіндердің барлығы 100% қамтылған. Бүгінгі күні ауданда 280 орындық 1 бөбекжай-балабақша, 215 орындық 4 балабақша, 310 орындық толық күн жұмыс істейтін 12 шағын орталық, 1095 орындық жарты күн жұмыс істейтін 50 шағын орталық мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет көрсетеді. “Болашақ” бөбекжай-балабақшасында 20 орындық санаторлық топ ашылды. 72 мектеп алды сынып бар 62 мектепте міндетті мектепалды даярлықпен 666 бала қамтылған.
Мектепке дейінгі мекемелерде балалар тәрбиесімен 303 педагог айналысады. Олардың ішінде 21-і – жоғары, 163-і – арнаулы-орта білімді мамандар. Педагогтердің жоғары санаттылары – 3, бірінші санатты – 63, екінші санатты – 87, қалғандарының санаттары жоқ. Мектепке дейінгі мекемелер “Алғашқы қадам”, “Зерек бала”, “Біз мектепке барамыз”, “Балбөбек”, “Қайнар”, “Қарлығаш” бағдарламалары бойынша жұмыс істейді.
Топтар әдемі, ашық түстермен ерекше талғаммен безендірілген. Спорттық-музыкалық залдар, логопед, психолог, өзін-өзі тану кабинеттері, бассейн, физкабинет бар. Барлық кабинеттер керекті құрал-жабдықтармен, ең соңғы талаптарға сай келетін интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің мәртебесін көтеретін педагогтер десек, балабақшалар мен шағын орталықтарда еңбек етіп жүрген мамандардың сапалы білім беруге, балалармен оқу-тәрбие үдерістерін жаңа бағдарлама және педагогикалық технология бойынша сауатты жүргізуге біліктілік санаттары сай. Педагогтер облыс, республика көлемінде өтетін сайыстардан тыс қалмайды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен бастауыш сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылған облыстық “Нұрлы көжек” ғылыми жобалар байқауында Мироновка орта мектебінің тәрбиеленушісі Эвелина Тесля 2-орын (жетекшісі З.Б.Сапарова), Новодворовский орта мектебінің тәрбиеленушілері Ксения Ковшова, Герман Гаар 3-орын (жетекшісі С.А.Синягина) иеленді.
Педагогикалық ұжымдар мектепке дейінгі мекемелер мен отбасы қарым-қатынасының инновациялық үлгілерін тәжірибелеріне енгізуге зор көңіл бөледі. Облыстық балалар мен ата-аналар, педагогтер бірлескен “Полет фантазии” сырттай шығармашылығы конкурсында Тайынша қаласындағы “Болашақ” бөбекжай-бақшасы және “Дәстүрлі емес” аталымы бойынша Обуховка шағын орталығы 2-орындарды жеңіп алды.
“Мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғырту жағдайындағы инновациялық жұмыс түрлері мен әдістері” тақырыбында мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері үшін облыстық семинар өткізіліп, жұмыс сапасы жоғары бағаланды.
Өздерінің мамандығын және тәрбиеленушілерін жан тәнімен сүйетін, балалармен күнделікті қызметтерінде түрлі әдістемелер мен жұмыс әрекеттерін шебер қолданатын, кәсіби біліктіліктерін, педагогтік дарындарын балалармен қарым-қатынастарында сарқа пайдаланатын өз істерінің энтузиастары ауыл, қала, аудан, облыс және республика өміріне белсене араласады. Олардың қатарында балабақшалар меңгерушілері: Л.Врублевская, А.Горай, О.Туровская, Б.Алпысова; әдіскерлер: А.Мұқатова, Ж.Исенова; тәрбиешілер: Л.Клинг (облыстық “Мектепке дейінгі білім беру ұйымының үздік педагогі – 2013″), З.Сапарова, О.Бурдыга, Н.Сергееня, Л.Нестерко, А.Азбаева, Ш.Тәшетова, С.Жұмаділова, Г.Цыба, А.Жұмабаева, Н.Хабыл, А.Исмағұлова, Д.Мейрамбек, И.Башинская, Ф.Желновская; музыкалық жетекшілер: Л.Михейкина, А.Крикунова бар.