«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР АЗ ЕМЕС, ал алдағы міндеттер тіпті ауқымды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың ХVІІІ сессиясы өтті. Сессияда облыс әкімі Самат Ескендіров “2013 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы” есеп берді. 

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Онда айтылғанындай, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңірлік жалпы өнім өсімі 5 пайызды немесе 116,5 млрд. теңгені құраған. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда оң ырғақ байқалады. Егіншілікті әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар егістігі 68 мың гектарға ұлғайтылып, оның жалпы егіс көлемі 440 мың гектарға жетті.

Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері есепті кезеңде жалпы құны 8,7 млрд. теңгенің 658 бірлік осызаманғы жоғары өнімді техникаларын алды, ол өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 1,3 есе көп.

Мал шаруашылығын дамытуда да мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері Қызылжар және Есіл аудандарында 321 басқа арналған 2 асылтұқымды репродуктор құрылды. “Тайынша Астық” ЖШС-інде 3 мың басқа арналған мал семірту алаңы құрылды.

Фермерлік шаруашылықтар мал басын көбейту үшін белсенді жұмыстар жүргізуде. Соның нәтижесінде жоспардағы 3,4 мың бастың орнына облыстың мал табыны 13,3 мың бас жас ірі қарамен толықты. Өткен жарты жылдың ішінде ет өндірісінің 5,5 пайызға, сүттің – 6, жұмыртқаның – 17 пайызға өскені осы жұмыстардың экономикалық тиімділігі болып табылады.

Өңір басшысы есепті кезеңде облыс өнеркәсібінің, соның ішінде машина жасау саласы мен тамақ өнімдері өндірісінде айтарлықтай ілгерілеу барын тілге тиек етті. Мысалы, тамақ өнімдері өндірісі есепті кезеңде 30,6 млрд. теңгеге жеткен болса, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы жартыжылдықтың қорытындысында өндіріс көлемі бойынша 1,4 еселік өсіммен жұмыс істеген. Есепті баяндамада мұндай оң нәтижелі істер мысалы көп.

Сондай-ақ “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Қол жетімді тұрғын үй – 2020”, “Даму-Өндіріс”, “Жұмыспен қамту – 2020”, “Балапан”, “Ақ бұлақ” және тағы басқа бағдарламалар бойынша көптеген шаралы істер атқарылуда және олар өз жемісін беруде.

Облыс экономикасы өсімінің маңызды факторы болып табылатын негізгі капиталға инвестициялар көлемінің өсімі 14,5 пайызға жетті, ол нақтылы мөлшерде 31 млрд. теңгені құрайды. Сол сияқты, инфляция деңгейінің есепті кезеңде 2 пайыз деңгейінде қалып отырғаны да көңіл жұбатарлық көрсеткіш. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны шағын және орта бизнеске тартылып, бұл салада еңбекке тартылғандар саны 98,8 мың адамға жеткен. Сонымен бірге, облыс әкімі тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс деңгейі, еңбекақы мәселесі, тұрғын үй құрылысы, қазір ерекше маңыз беріліп отырған тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету және жол жөндеу мәселелері бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға назар аударды. Сондай-ақ Самат Сапарбекұлы облыс тұрғындарын толғандыратын мәселелердің әлі де аз емес екенін, олардың күн тәртібінен түспейтінін айтып, ортақ міндеттің бірлесіп шешілетінін білдірді. Баяндама бойынша облыстық мәслихат депутаттары Юрий Шоль, Бақытжан Сәмиева және Әлім Шөкенов өз пікірлерін айтып, өңір басшысының есебіне қолдау танытқаннан кейін, депутаттар оны бірауыздан бекітті.

Күн тәртібіндегі келесі “2011-2013 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысының құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасының орындалу барысы туралы” мәселе бойынша сөз алған облыстық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Таев баяндады. Оны тыңдағаннан кейін Самат Ескендіров департаменттің тәрбие және кадрлық жұмыстары көрініс таппағанын, бұл ретте, алдымен облыстық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері құқық бұзушылыққа жиі жол беретінін сынға алды. Ал аудан әкімдеріне жергілікті құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесіп, тәрбие жұмыстарын алдымен солардан бастауды тапсырды.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp