«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙГӨЛЕККЕ” АТА-АНАЛАР РИЗА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған “Балапан” бағдарламасы аясында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында “Айгөлек” балабақшасы ашылған. Онда бүгінде 100 бала тәрбиеленуде. 

Бес қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан балабақшаның бөлмелері кең, жайлы. Бүлдіршіндер мекені қазіргі заман үлгісіндегі жиһаздармен, сапалы тәрбие мен білім беруге қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.  

Аумағы кең аулада балалардың ойнап, бойларын сергітуіне, түрлі спорттық жаттығулар жасауларына ыңғайлы алаңқайлар жабдықталған. Сонымен қатар ғимарат аумағында бүлдіршіндерді еңбекке баулуға арналған баубақша мен гүлзарлар бар. Ондағы өсімдіктер мен жемістерді күтіп-баптауды, ауланы таза ұстауды балалар тәрбиешілермен бірге жүріп үйренеді.

Оқу мен тәрбие – бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайтын күрделі үдеріс. Тәрбиешілер мен ұстаздар осы екі үдерісті тең алып жүру үшін өздерінің білім-біліктерін шеберлікпен жүзеге асыруға тырысады. Бүлдіршіндер үш қазақ және бір орыс тобында тәлім-тәрбие алуда. Сонымен қатар ағылшын тілінде де қосымша сабақ беріледі. Балабақшадағы 24 қызметкердің 8-і тәрбиеші.  

– Мектепалды білім беру жүйесі – бүгінгі күні жан-жақты, көпсалалы, ата-аналардың сұрауларына жауап беретін, мектепалды білім беру сапасын көтеретін бірден-бір орын. Сондай-ақ әрбір қызметкер алдында тәрбие, білім беру саласында жұмыс мазмұнын қайта қарау, баланы дамытудағы жаңа жолды іздеу мәселелері тұр. Мекеме тәрбиешілері мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде В.Воскобовичтің дамыта оқыту әдістемесіне баса назар аударады. Ондағы жаңа технологиялар арқылы дамыту ойындарының балалардың интеллектуалдық қабілеттерін арттыруға ықпалы зор. Біздің педагогикалық ұжым қызығушылық танытып отырған білім беру технологиясы мектеп бағдарламасын қайталамайды. Бір ойын көмегімен бірнеше мақсат-міндеттерді қамтамасыз етуге болады. Бала ойнап отырып-ақ сандар мен әріптерді үйрене бастайды. Түстер, пішіндер, ұсақ, жеңіл моторикасын , сөйлеу тілін, байқау, есте сақтау, көру қабілеттерін дамытады. Бүлдіршіндердің қабілеттерін шыңдау үшін ән-күй, би сабақтары да қосымша өткізіледі. Балабақша ішінен кішігірім мұражай да ашып қойдық. Ондағы мақсат – ата-бабаларының салт-дәстүріне деген құрметті, туған жерге деген сүйіспеншілікті жас ұрпақ бойында бала күндерінен қалыптастыру,–дейді “Айгөлек” балабақшасының меңгерушісі Ағнұр Батақанова.

Балабақша ұжымы мектепке дейінгі мекемелер арасында өтетін ауданаралық, облыстық деңгейлердегі жарыстардан тыс қалмайды. Ұжым мектепке дейінгі ұйымдардың “Ең үздік табиғат мүйісі” атты сырттай конкурсқа қатысып, диплом иегері атанған. Педагогтердің тамыз конференциясында тәрбиеші Алмагүл Тәшімова әріптестерімен өз іс-тәжірибесімен бөліскен. Облыстық Білім басқармасы тарапынан марапат алған Рысты Сейітқасымова, Райхан Абылова, Динар Шәкеева, Динар Молдағұлова сынды қызметкерлердің еңбектері елеулі.

– Ашылғанымызға көп болмаса да, жұмысымызға ата-аналар риза. Еліміздің болашағы болатын бүлдіршіндердің тәрбиелі, білімді болып өсуі үшін еңбек етіп жүрген балабақша ұжымына ата-ана ризашылығынан асқан алғыс жоқ, – дейді Ағнұр Батақанова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp