«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ – МЕКТЕБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданындағы Социал негізгі мектебі әзірге өз деңгейін сақтап келеді. Десе де, қазіргі ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты ондағы оқушылардың саны айтарлықтай кеміп бара жатқаны да рас. Тұрғындар ауылдағы жалғыз жұмыс орыны болып табылатын, елдің ендігі тірегіне айналған оқу ордасының негізгі мектеп мәртебесінен айрылып қалмауын тілейді. Ол бастауыш деңгейге көшірілсе, онсыз да түтіні сиреген ауыл одан сайын ыдырай түсері анық.

Биылғы жаңа оқу жылында мектепке 45 бала барды. Бұл оқушылар санының өткен жылғы деңгейден жеті балаға кемігенін көрсетеді. Оған ауылдан үстіміздегі жылы үш отбасының қоныс аударғаны себеп болса керек. Бұрын мұнда 143 балаға дейін оқыған. Бірінші сыныптағы оқушылар саны орта болып көрген емес. Оған биыл жалғыз ғана баланың баруы көп жайды аңғартса керек. Әйтеуір, көңілге демеуі – келер жылда мектеп табалдырығын алты бала аттайды. Осындай жағдайда мектеп жанынан шағын орталық ашып, ауыл бүлдіршіндерін оқуға бейімдеудің алғышарттары жасалып отырғаны құптарлық жайт. Даярлық тобындағылармен жұмыс істейтін “Балбөбек” шағын орталығында 12 бала тәрбиеленеді. Ондағы тәрбиеші Айгүл Сақашова, күтуші Жайнагүл Ғаббасова және ас пісіруші Бибігүл Досмұқанованың қызметіне ата-аналар өте разы.

Мектептің оқу ісінің меңгерушісі Гүлбану Елиясова айтқанындай, 1975 жылы тұрғызылған мектептің жылма-жыл түзетіп отыратын жұмыстары жетерлік. Соңғы жиырма жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимаратқа мектеп мұғалімдері өз еңбекақыларының 1 пайызы көлемінде қаржы жинап, жыл сайын ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Өзгесін былай қойғанда, сынған терезе шыныларына дейін өздері ауыстырады. Аудандық оқу бөлімі биыл шағын орталықты сырлауға ғана сыр берген. Ал, тозығы жеткен мектеп шатырын жаңарту қажет-ақ. Бірақ оны еңсере алатын демеуші керек, ауылдық округ аумағында ондай қуатты құрылым жоқ. Сондықтан ол әзірге проблемалық мәселе болып қала береді.

Мектеп ішінде шағын орталықтың ашылуы, дәрігерлік қосынның және ауыл кітапханасының орналасуы себепті бала санының аздығына қарамастан, оқушылар екі ауысымда оқытылады. Түстен кейін екінші мен үшінші және қосып оқытылатын 5-6 сыныптар, ал түске дейін одан басқалары оқиды. Дәрігерлік қосынға ауылда басқа лайықты орын жоқ, сондай-ақ оның мектеп ішінде болғаны оқушыларды медициналық бақылауда ұстауға да ыңғайлы. Ал, кітапхана бөлмесінде мектептің және ауылдың кітапханасы бірге жұмыс істейді.

– Біздің ұжымда 14 мұғалім қызмет етеді, олардың 13-і – жоғары білімді ұстаздар, тең жартысы жоғары және бірінші санаттағы мамандар саналады. Мектептің абыройын түсірмей, оқушыларға сапалы білім беруге тырысамыз. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 73 пайыздық үлгерім сапасына қол жеткіздік. Биылғы жылғы бес түлегіміздің екеуі колледжге түссе, қалғандары оқуын Сергеевка қаласындағы тірек мектеп-интернатында жалғастыруда. Жастарға үлгі боларлық, беткеұстар ұстаздарымыз баршылық. Олардың қатарында ширек ғасырға жуық еңбек тәжірибесі бар, жоғары санаттағы бастауыш мұғалімі Раушан Жангудина мен оның әріптесі Жазира Қайыржанованың және математика пәнінің мұғалімі Көгершін Садуақасованың есімдерін атауға болады. Бұл ұстаздар да өз пәндері бойынша аудандық және облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Сол сияқты мектеп директоры Шынар Оңайбекованың тарих және музыка пәнінің шәкірттері түрлі олимпиадалар мен сайыстарда көзге түсуде. Ал, дене тәрібиесінің мұғалімі Нұр Шоқатовтың тәрбиеленушілері футбол жарысында облыста былтыр екінші, биыл үшінші орындарды еншіледі. Мектеп биологы Ләззат Баянтаева – өз ісіне ерекше берілген жан. Оның жетекшілік етуімен жас бағбандарымыз мектептің ауласын гүл мен көкөністерге толтырды, – дейді Гүлбану Исақызы.

Расында да, мектеп маңында осындағы асханада пайдаланылатын көкөністің бәрі өседі. Мектеп оқушыларының оларды күтіп-баптауда жазғы демалыста көп жұмыс жүргізгені байқалады. Бәрі биологтың көктемнен күзге дейін тізе бүкпей еңбектенгенінің арқасы болса керек. Жемісі жинап алынған таңқурай бағында да жинақы тәртіп бар.

Мектеп ішінде көзге бірден түсетіні – жиһаздарының түгелге жуық жаңаланғаны. Жаңа оқу жылының қарсаңында жөндеуден өтіп, саңғырап тұрған сыныптарда олар тіпті жарасымды. Ондағы барлық парталарды, орындықтары және шкафтарды, жиынтығы 600 мың теңгенің жиһазын Астанада тұратын жерлестері, кәсіпкер Сабыр Ахметов сатып әперіпті. Ел ордасындағы тағы бір жерлестері – Астана қаласындағы №24 мектептің директоры Дидар Рақымберлина да одан қалыспай, 7 тақта сыйлаған. Шағын жинақты мектеп үшін төрт компьютерлі арнайы сынып жеткілікті. Өйткені, мұғалімдердің өздерінің де жеке компьютерлері мен ноутбуктері бар. Мектепте бүгінде жетіспей тұрғаны – интерактивті тақта ғана.

– Оның өзі бізге оқу үдерісінде қолайсыздық туғызып жүр. Мұғалімдеріміз санаттарын көтеру үшін аудандық және облыстық семинарларға қатысады. Сонда олардың интерактивті тақтамен жұмыс істеуі қиындық тудырады. Сол жерде оны басқалардан үйреніп, бірден игеріп әкету оңай емес. Төменгі сатыдағы семинарларды кейде өзімізде де өткізуімізге тура келеді. Оған өзге де мектептерден мұғалімдер жиналатындықтан, мұндай тақтамыздың жоқтығына ұяламыз, – дейді оқу ісінің меңгерушісі.

Өткен жылы оқу ұжымында үш мұғалім үш деңгейлі дайындықтан өтіп, қосымша 30 пайыздық еңбекақыға қол жеткізді. Биыл тағы бес мұғалім осындай деңгейлік білім көтеру курсына бармақшы. Олардың ішінде оқу ісінің меңгерушісі Гүлбану Елиясова да бар. Осы жерде сөз етерлік бір проблема – ұжымда ағылшын тілі пәні маманының жоқтығы. Өйткені шалғайдағы шағын ауылға оқу бітірген жас мамандар бара қоймайды, тіпті оларды “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен де қызықтыра алмайсың. Сондықтан осы пән сабағына оған ыңғайы бар орта мектептің түлектерін тартқаннан басқа амал жоқ.

Биыл мектептің 6 оқушысы аудандық “Аютас” сауықтыру лагерінде болды. Сондай-ақ мектеп жанында жазғы сауықтыру алаңы жұмыс істеп, үш топта барлығы 30 бастауыш сынып оқушысы дем алды. Жаңа ғана басталған оқу жылында көп жылғы тәжірибесі бар “Сөз шебері” және “Шебер қолдар” үйірмелері жұмысын жалғастыратын болады. Оған биыл шахмат секциясы қосылып отыр. Ауыл жеткіншектері мектептегі футбол, волейбол және баскетбол секцияларында спортқа баулынады.

Түтіні азайып қалған ауылдың тірегіне айналып отырған Социал негізгі мектебінің шаңырағы шайқалмай, болашағының үміт сәулесі молая түссе екен деп тіледік.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp