«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАНЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, тек оларды өзіңе тарта білу керек”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат Тілеутай Тайынша қаласындағы №5 орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. 25 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан ол – Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің, “Шапағат” медалінің иегері. Елбасының қолынан Алғыс хат та алған. Тарих пәні бойынша аудандық әдістемелік бірлестіктің жетекшісі. 

– 2004 жылы Қазақстан мұғалімдерінің съезіне делегат болдым. Оның жұмысына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарих пәнін оқытуда көптеген кемшіліктер барын сынға алған болатын. Шынында да, 5-6 сыныптардың тарих оқулықтары оқушылардың қабылдауына ауыр. Ежелгі дүние тарихында көбінесе цифрларға негізделген мәліметтер берілген. Ол балаларды қызықтырмайды. Олардың орнына сақ дәуірінің Алтын адамы мен Египеттің Фараонын салыстыра оқытса, сабақ әлдеқайда тартымды болар еді. Өз тәжірибемде байқағаным: балаларға, әсіресе, ақтаңдақтар тарихын зерттеу өте қызық. Сондай-ақ ұлттық патриотизмді дамытуға септігін тигізетін сақ жауынгері, Алтын адам, Тұмар ханым сияқты тарихи тұлғаларды оқытуды әр сыныптағы балалардың жас ерекшелігіне лайықтап, оқушы қабылдайтындай етіп түсіндіруге тырысамын, – дейді Қанат Тілеутай.  

Оқушыларды ғылыми жоба жазуға тартуға аса мән беретін ұстаз шәкірттерін туған өлкенің топонимикасын зерттеуге баулиды. Шәкірттері сырттай өтетін “Тарих ата” олимпиадасына қатысып, республикада жүлделі орындарға ие болуда. Олардың арасында жақсы көрсеткіштері үшін марапат ретінде Бурабайдағы “Балдәурен” сауықтыру лагерінде демалып келгендері де бар.

Қанат Тілеутай мектепте “Жас дарын” дебат клубын құрған. Оған қатысқан “Алтын белгі” иегері Еркебұлан Сапарғалиев – қазір республикалық дебаттың мүшесі.  

Ұстаздың алдынан түлеген шәкірттерінің алды – Қазақстанның және Ресей мен Беларустің түрлі жоғары оқу орындарының студенттері. Ұлы Ерлан Абай атындағы мемлекеттік ұлттық университеттің информатика факультетіне грантпен түсіп, бітірді, қазір әке-шешесімен бірге осы мектепте мұғалім болып жүр. Зайыбы Бағира физика-математикадан сабақ береді.

– Жаман бала жоқ, балаларды тек өзіңе тарта білу керек. Сонда кез келген пәнді оқытуға болады. Балаларды артқа тартуға болмайды, – дейді Қанат Мағжанұлы.

Қазір ол атақты “Тайынша жәрмеңкесінің”, Тайынша, Красноармейск, Субботино атауларының шығу тарихын оқушылармен бірге зерттеуге ден қойып жүр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Тайынша ауданы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp