Жыл басынан бері облыста 453 өрт болып, одан 220 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 33 азамат қайғылы қазаға ұшырады, оның 5-еуі – бала. 26 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында 11 жасар баланың темір қалбырдағы еріткішке еріккеннен от қоюынан 5 пәтерлік 2 қабатты үйдің бірінен өрт шықты. Сыйымдылықтағы от жалыны ғимараттың ағаштан жасалған құрылғыларын шарпыды. Өрт бөлмелердің қабырғасын, есік пен терезені жарамсыз етті. Әйтеуір, адамдар зардап шеккен жоқ.
Петропавлдағы Копай ықшамауданында түн ортасында шыққан өрт 35 жасар ер адамның өмірін қиды. Үйдің өртеніп жатқанын сезген 10 жасар қыз бала ұйқылы-ояу күйінде әкесін оятып үлгерген. Бұл кезде оның анасы үйде болмаған. Ащы түтін мен от жалынының ішінде жан ұшырған әке қызын терезеден шығарып үлгергенмен, өзі оттан құтылып кете алмады. Қыз бала 2-ші дәрежелі термикалық күйікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Өрт салдарынан үйдің шатыры, дәлізі, қора-қопсысы, сол сияқты көрші үйдің қора-қопсысының шатыры жанып кетті. Өртсөндірушілердің айтуына қарағанда, тілсіз жауға белгісіз адамдардың от қауіпсіздігін сақтамауы себеп болған.
Облыс орталығының Жуков, 9 мекенжайында орналасқан 10 қабатты үйдің 7-қабатындағы пәтерге де от ойран салды. Өрт электржылытқышты қараусыз қалдырып кеткеннен шыққан. Оны №2 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлері жарты сағаттың ішінде бұғалықтап, от ошағын жойды.
Тайынша ауданындағы Донецкое ауылының тұрғыны түнде дәлізде мас күйінде темекі шеккен. Лақтыра салған темекі қалдығынан шыққан өрт 2 пәтерлі тұрғын үйді қора-қопсысымен бірге отқа орады, оның аумағы 375 шаршы метрді құрады. Адамдар аман.
Өрт Есіл ауданының орталығындағы моншаны, Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында қора-қопсының шатыры мен 2 тонна шөпті жалмады.