«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңа сессияның алдына жаңа міндеттер қойылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында бесінші шақырылған Парламенттің 3-сессиясын ашып, депутаттық корпустың алдағы қызметінің негізгі бағыттарын айқындап берді.

Палаталардың бірлескен отырысын Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ашты. Ол алдымен бірлескен отырыстың күн тәртібін жария етті. Онда бірінші мәселе ретінде бесінші шақырылған Парламенттің 3-сессиясының ашылуы және екінші болып жаңадан тағайындалған Сенат депутаттарының ант беру рәсімі қарастырылған екен. Күн тәртібі бекітілген соң Мәжіліс спикері Парламенттің 3-шақырылымы сессиясының жұмысын ашу үшін сөзді Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

“Құрметті депутаттар!

Құрметті Үкімет мүшелері!

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес бесінші шақырылымдағы Парламенттің 3-сессиясын ашық деп жариялаймын”, – деп бастады сөзін Президент.

“Құрметті Мәжіліс және Се­нат депутаттары! Баршаларыңызды жаңа пар­ла­менттік маусымның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!” – деді одан әрі Мемлекет басшысы.

Бесінші шақырылымдағы Парламент өзінің конституциялық өкілеттігі аясында бір жарым жыл жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде үш партиялы Мәжіліс жоғары деңгейде қызмет атқара алатынын көрсете білді. Отандық парламентаризм тарихында тұңғыш рет заң шығару жұмысын бір шақырылымдағы депутаттардың өкілеттік мерзіміне тұтастай жоспарлау тәжірибесі енгізілді. Бұрын біз ондай жоспарды тек бір сессияға ғана жасайтын едік.

Екінші сессия барысында 100-ге жуық заң қабылданды. Қазақстан экономикасының құқықтық негізі жақсарып, салық жүйесі жетілдірілді, шағын және орта бизнесті дамытудың заңнамалық мәселелері шешілді. Зейнетақы жүйесін реформалау, білім беру жинақтау жүйесін құру, мемлекеттік қызмет көрсету туралы және басқа да көптеген маңызды әлеуметтік заңдар қабылданды. Бүгінгі таңда Парламенттің қарауында 30-ға жуық заң жобасы бар.

Парламентіміз жоғары саяси жауапкершілік режімінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз дамудың ең шешуші сатысы – “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл Стратегияның алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Бұл барша Қазақстан халқына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді, деді Елбасы.

Парламенттің жаңа сессиясы “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру кезінде басталып отыр. Мен өз Жолдауымда тұтас жаңа жарты ғасырға жуық дәуірді – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді қамтамасыз етуді айқындадым, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы.

Жаһандық ахуал бізге күрделі жағдайда бірақ жыл ғана жұмыс істеуге тура келмейтінін көрсетіп тұр. Әлемдік экономиканы болжаудың мүмкіндігі аз. Оның күрт өзгерістері мен әркелкі үрдістері болуы мүмкін. Біз кеше ғана болашағы зор болған және қарқынды дамыған елдердің бір-ақ сәтте ішкі алауыздық пен жанжалдың аймағына айналғанын көріп отырмыз.

Әлеуметтік проблемалар көптеген дамыған елдерде шиеленісіп кетті. Жұмыссыздықтың өсуі, халық табысының төмендеуі, әлеуметтік дамудың үйлесімсіздігі мен кереғарлығы – мұның бәрі әлемнің көптеген елдеріндегі нақты жағдайлар. Бұл орайда Қазақстандағы ахуал олар­дың көпшілігінде болып жатқан жайттарға қарағанда, артықшылығымен ерекшеленеді. Ал­ғаш­қы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ-нің өсімі 5 пайыздан астам бол­ды. ІЖӨ көрсеткіші жан басына шаққанда 12 мың доллардан асты. Қазақстанның Ұлттық қор­дың валюталық активтерін қоса алғандағы ха­лық­аралық резерві 90 миллиард доллардай болады.

Қазақстан экономикасына инвестиция тарту мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде шаралар қабылдануда, оның ішінде заңдық сипаттағылары да бар. Біз инновациялық индустрияны сенімді жалғастырып, экономикамыздың кластерлік дамуға көшуін жүзеге асырудамыз. Қысқа мерзімде әкімшілік реформаның жаңа кезеңі өткізілді.

Біріншіден, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жасалды. “А” корпусы жасақталды. Бұлар – жоғары талаптар арқылы іріктелген 543 мемлекеттік қызметші. Саяси қызметшілердің саны 7,5 есе қысқарды. Өңірлерде аудан мен қала әкімдерінің үштен бірі, ал орталық деңгейдегі атқарушы органдар басшы құрамының 15 пайызы жаңарды.

Екіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы жүргізілді. Ауылдық деңгейге қосымша 5000 штат бірлігі беріліп, 67 мемлекеттік функция бекітілді. Бүгінде ауыл әкімдері салық жинауға, бюджет қалыптастыруға және жергілікті проблемаларды тұрғындардың өздерін қатыстыра отырып шешуге қаржы бөлуге құқылы. Жергілікті 2,5 мың әкімнің сайлауын өткізу маңызды қадам болды. Бұл – еліміздегі барлық әкімдердің 91 пайызы.

Қазақстан басшысы биыл жергілікті билік органдарының мүмкіндіктері айтарлықтай күшейтілгенін атап көрсетті. Оларға әлеуметтік салада қосымша өкілеттіктер берілді. Бұл олардың жергілікті көкейкесті мәселелерді дербес, әрі уақтылы шешуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл әкімдерге отандастары мен мемлекет алдында аса зор жауапкершілік жүктейді. Әрбір әкім бұл жауапкершілікті толығымен сезініп, өз міндеттерін лайықты атқаруы тиіс. Олар өздерін сайлаған халықтың заңды өкілдерінің сенімін адал да шынайы еңбегімен ақтауға міндетті. Бұл жаңадан сайланған әрбір әкімнің қаперінде болуы шарт, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Үшіншіден, деп сабақтады сөзін Президент, “Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы” Заң қабылданды және жүзеге асырылуда. Бұл бизнесортаны жақсартады, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Сонымен қатар, Үкімет бұл жұмыстарды, ең алдымен, медициналық, білім беру қызметтерін көрсетуді жалғастыруы қажет.

Жалпы, біздің жаңа саяси бағытымыз ХХІ ғасырдың ортасына қарай еліміздің дамуына жаһандық, өңірлік және ішкі өлшемдегі сын-қатерлерді қамтиды. Сондықтан 3-сессия барысында Парламент ұзақ мерзімді жаңа Стратегия негізінде мына бес бағыт бойынша заң шығарудағы маңызды міндеттерді шешуге тиіс.

Бірінші. Заң шығару үдерісінің басымдығы тұрақты экономикалық өсімді құқықтық қам­тамасыз ету болып қала беруі керек. Мен бар­шаға ортақ экономикалық тұрақтылық дәуірінің басталуын күтіп отыру бейқамдық екенін бірнеше рет айттым. Жаһандық жаңа дағдарыстар ықтималдығы азаймай тұр.

Экспорттық өнім мен шикізат бағасының тұрақсыздығы – ұзаққа созылатын үрдіс. Тек сыртқы несиелендіруге ғана үміт арту ақылдылық емес. Сондықтан дамудың барлық ішкі мүмкіндіктері мен көздерін толық іске қосу маңызды. Осыған байланысты отандық бизнес өзін сенімді сезініп, тиімді дами алатын құқықтық орта қалыптастыру маңызды болып табылады.

Мен Үкіметке Кәсіпкерлік кодексі жобасын әзірлеуді тапсырдым. Онда қазақстандық кәсіпкерлер қызметінің және олардың мемлекетпен әрекеттестігінің негізгі қағидаттарын белгілеу керек. Бұл “қазақстандық бизнес конституциясы” болуға тиіс.

Тағы бір маңызды заң жобасы – “Рұқсаттар және хабарламалар туралы”. Онда бизнес-құрылымдарға қатысты кез келген бюрократтық озбырлықтан қорғаудың айқын кепілдіктері анық жазылуға тиіс. Үкіметке бұл жобаны Мәжіліске осы жылдың соңына дейін енгізуді тапсырамын.

Аса маңызды және басымдығы бар міндет – “Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы” Заңға өз­ге­ріс­терді қабылдау. Онда барлауға құқық беру жүйесін түбегейлі жеңілдетіп, “же­міс­сіз” кен орындарына қатысты алып­сатарлық тәжірибесінен сақтанған жөн.

Табиғи ресурстарды игеруге құқық алып, бірақ оған ештеңе инвестицияламай, іс жүзінде оны экономикалық айналымнан шығаратын жағдайлар да баршылық. Қаражат салынбайтын кеніштерді мемлекетке қайтарып, басқа инвесторларға беру қажет. Осылайша біз геобарлау саласына жаңа инвестициялар тарта аламыз.

Мен стратегиялық ірі кен орын­дары­ның жұмыстарына қатысты тап­сырма беріп те қойдым. Атап айт­қанда, келісімшарттар жасау немесе олар­ға өзгерістер енгізу кезеңінде инвес­торларға Қазақстан экономикасын әр­тараптандыруға көмектесу тұрғысында міндетті талаптар қою тетіктерін ойлас­тыру қажет.

Сондай-ақ, экономиканы дамытуға және инвестиция тартуға көмектесу үшін мен өз Жарлығыммен Парламентке 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін “Бәйтерек” ұлттық басқару холдингі қызметінің заңнамалық негізін әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырдым.

Міндеттердің екінші блогы ин­но­вациялық үдерісті, әсіресе, басымдығы бар салаларды ынталандыратын жаңа заңнамалық нормаларды қабылдауға байланысты, деді одан әрі Мемлекет басшысы. Парламент қазірдің өзінде “Инновациялық технологиялар паркі” инновациялық кластері туралы” Заң жобасы мен оған ілеспелі құқықтық нормалар кешенін қарастыруда.

Энергия тиімділігі мен энергия жи­нақтауды арттыру да маңызды болып са­налады. Энергия жинақтаудың жаңа мәдениетін экономика тәрізді күнделікті өмірде де жаппай қалыптастыру қажет. Өздеріңіз білесіздер, менің Жар­лы­ғыммен “жасыл экономикаға” өту тұ­жы­рым­дамасы бекітілді. Алайда, оны жүзеге асыру энергия пайдаланудың тиімділігіне қатысты мүлде жаңа тәсілдерді қажет етеді. Мен қойған міндеттерді орындау үшін 2020 жылға дейін бізге энергия үнемдеуді жыл сайын 2,5 пайыз, ал 2020 жылдан кейін 3,5 пайыз көлемінде қамтамасыз ету қажет. Сонда біз отандық кәсіпорындардың энерготиімділігінің қажетті деңгейіне жетеміз және сонымен қатар “жасыл экономика” құру аясындағы міндеттерді орындаймыз.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру да заңнаманы жетілдіруді талап етеді. Парламент үшінші сессиясы барысында “жасыл экономиканың” қалыптасуы мен дамуына қажетті заңнамалық негіздерді қарауға кірісуі үшін бұл жұмысты жедел жүргізу керек. Осыған байланыс­ты Үкіметке тиісті заң жобаларын Пар­ламенттің қарауына тездетіп енгізуді тапсырамын. Астанада “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің өтетіндігіне байланысты бұл айрықша маңызды. Биылғы жылғы қарашада Үкімет “ЭКСПО – 2017” көрмесін ұйымдастыру мен өткізуге қажетті нормалары қамтылған заң жобасын енгізеді. Оның қаралуын мен шұғыл деп жариялаймын. 2014 жылдың бірінші тоқсанында бұл заңды қабылдау қажет.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекет азаматтардың әлеуметтік тұрмыс жағ­дайын, соның ішінде баспанамен қам­туды мақсатты түрде жақсартып келеді. Парламентке үлескерлік тұрғын үй құ­ры­лысы саласындағы қатынастарды же­тілдіруге бағытталған, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарының өзге де аспектілері бой­ынша заң жобалары енгізіледі. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс тиісті деңгейде жүргізілуде. Бізге қаражаттың жергілікті жерлерде уақтылы игерілуін және тұрғын үй құрылысының белгіленген көлемде қамтамасыз етілуін бақылау қажет.

Үшінші. Азаматтарды әлеуметтік қам­тамасыз ету, ең алдымен, зейнетақы жүйесін реформалау жұмыстарын жан­дандыру маңызды. Зейнетақы жүйесі реформасына байланысты қазақ­стандықтарға Үндеуімде мен Үкіметке аза­маттардың зейнетақы жинақтары өсі­міне қосымша кепілдіктер туралы бірқатар тапсырмалар бердім.

Атап айтқанда, біріншіден, жұмыс істейтін әйелдердің бала туу және бала күтіміне байланысты демалыста болу кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаттары есебінен субсидиялауды қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, жұмыс берушілер қаражатынан өз жұмысшыларының зейнетақы шоттарына 5 пайыздық міндетті аударымдар енгізуі керек. Үшіншіден, міндетті кәсіптік жарналар мөлшерлемесін тағы 5 пайызға кезеңдік ұлғайтуды қарастыру. Төртіншіден, зейнетақы активтерін елдің мейлінше перспективалы салаларына инвестициялау тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету.

Осылай дей келіп, Елбасы әлеуметтік жаңғыру еңбек қатынастары мәдениетін арттыруды талап ететінін алға тартты. Сондықтан қазақстандық кәсіподақ қоз­ғалысын жаңғырту қарқындырақ жү­руі тиіс. Үшінші сессия жұмысы бары­сын­­да “Кәсіптік одақтар туралы” жа­ңа Заң қабылдау қажет. Оның жоба­сын Үкі­мет таяу арада енгізеді, деді Прези­дент.

Әлеуметтік жаңғырудың маңызды аспекті – жастар саясатының заңнамалық негізін нығайту. Бұл ретте заң шыға­ру­шы­лар мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасын қарауы қажет. Сондай-ақ, алда минималдық стандарттар мен ке­пілдер, дене шынықтыру және спорт туралы және басқа да заңдарды қарау және қабылдау мәселесі тұр.

Мемлекет басшысы заң шығарушылық міндеттердің төртінші маңызды блогы құқық қорғау заңнамасын жаңғырту және терең реформалаумен байланысты екеніне назар аударды. Парламентті Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің жаңа жобаларын, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексті қарау жұмысы күтіп тұр. Іс жүзінде, Қазақстанның құқық қор­ғау және сот жүйесінің әлемдік тәжірибені қолданған жаңа құқықтық негізі қалыптастырылатын болады.

Үкіметке және заң шығарушыларға қылмыстық құқықты ізгілендіру мен қоғамда құқық бұзушылыққа төз­беу­шілікті қалыптастыру үдерістерінің ара­сында ортақ вектор түзу маңызды. Кез келген қылмыс пен заңбұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы мен әділдігіне ешкімнің ешқандай да күмәні болмауы тиіс. Сонымен бір мезгілде, құқықбұзушыларды еркіне жіберіп, аза­мат­тардың заңға “жеңіл-желпі қарауына” жол беруге болмайды.

Жаңа актілерді қабылдау қылмыстық сот өндірісі жүйесін жаңғыртады. Қа­зақ­стандық құқық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз ететін сапалы деңгейге кө­теріледі.

Бесінші. Маңызды бағыттың бірі – Қа­зақстанның өзге елдермен қол қойған мемлекетаралық келісімдерін ратификациялау.

Қазақстанның БСҰ-ға кіру кезінде қабылдайтын міндеттемелерін ратифи­ка­циялау бойынша Жол картасын Үкімет биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін әзір­лейді. Таяу екі жылда Біртұтас эко­номикалық кеңістікті дамыту бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Біз Ресей және Беларусьпен бірге Еуразиялық эко­но­микалық одақ қалыптастырамыз. 2014 жылы еуразиялық интеграцияның жаңа деңгейінің базалық келісімдерінің негізгі пакетін әзірлеу жұмыстары аяқталады.

Мәжіліс пен Сенат депутаттары заң шы­­ғар­­машылығының барлық осы ба­ғыт­­тары бойынша жемісті жұмыс жүргізетіндігіне сенімдімін.

Құрметті депутаттар, мен Парла­мент депутаттары әрдайым тарихи мін­дет­тердің биігінен табыла білеріне сене­мін, деді Нұрсұлтан Назар­баев сөзінің соңында. “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзе­ге асыруды заңнамалық тұрғыдан қам­тамасыз етуде Үкіметпен қоян-қол­тық жұмыс істейді деп санаймын. Бір­ліксіз істе береке болмайтынын, ын­тымақ жүрген жерде ырыс бірге жүре­тінін қаперден шығармайық! Басты бай­лығымыз – ел бірлігін сақтай отырып, биік мақсаттарға ұмтылуды мақсат еттік. Сол мақсаттарға бастайтын заңнамалық алғы­шарттарды жасайтын – Сіздер.

Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебенің салмағын ауырсынбай арқалайтындарыңызға мен сенемін. Сіздерге Қазақстанның өркендеуі жолында маңызды шешімдер қабылдайтын жұмыста зор табыс тілеймін. Назар­ларыңызға рахмет!

Елбасы 3-сессия жұмысын ашып, ондағы жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындағаннан кейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар атынан алға қойылған міндеттердің толық орындалатынына сенім білдірді. Одан әрі бірлескен отырыс күн тәртібіндегі екінші мәселеге көшті. Жаңадан сайланған және Конституцияға сәйкес Президент тағайындаған Сенат депутаттары Ел­ба­сыға ант берді.

Сонымен, Парламент палаталарының бірлескен отырысы аяқталды. Оның жұмысына депутаттардан басқа орталық мемлекеттік органдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ басшылары қатысты. Сөйтіп, Парламент 3-сессияның жұмысына кірісіп кетті. Бүгінгі күні оның қоржынында қаралуға тиісті 35 заң жобасы бар.

(“Егемен Қазақстан”,

2013 жылғы 3 қыркүйек.)

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp