«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МАҒЖАН” ЖУРНАЛЫ ҚАЙТАДАН ЖАРЫҚ КӨРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Мағжан” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының тұсаукесері болды. Жиынды жүргізген облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов биыл облысымызда әйгілі жерлесіміз Мағжан Жұмабевтың 120 жылдығын атап өтуге байланысты ұйымдастырылған шараларға тоқтала келіп: “Бүгін тағы бір елеулі дүниенің тұсауы кесілмек. Біздің оқырмандар “Мағжан” атты журналмен қайта қауышып отыр. Ақиық ақынның шығармашылығын насихаттайтын, өңіріміздің қаламгерлерінің тың туындыларын жариялайтын журналдың араға жылдар салып, қайта жарық көруі біз үшін қуаныш”, – деді.  

Журналдың бас редакторы Жарасбай Сүлейменов:

– Облыс әкімі Самат Ескендіров руханиятқа көңіл бөліп, жанашырлық танытып, осы ісімізге үлкен қолдау көрсетті, – дей келіп, үш айда бір рет шығатын басылымның мақсаты өңіріміздің сөз өнеріндегі тұлғалары мен жас толқынын елге таныту, жастардың шығармашылығына жол ашып, олардың еңбектерін насихаттау екендігін айтты. Жарасбай Қабдоллаұлының айтуынша, аталмыш басылымның қайтадан шығарылуына өңіріміздің зиялы қауымы ғана емес, сондай-ақ еліміздің белгілі жазушылары мен ғалымдары атсалысып, қол ұштарын берген. Сондықтан бұл журнал облыстық деңгейде қалып қоймай, елімізге Мағжанды кеңірек таныту үшін республика аумағына таратылғаны дұрыс болар еді деген ойын да ортаға салды журналдың бас редакторы.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Мүтәллап Қанғожин дарынды жастардың шығармалары “Мағжан” журналы арқылы жарияланып, танылып жатса нұр үстіне нұр болатынын айтса, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев қызылжарлықтарға атақты жерлестерінің шығармашылығы мен өмір жолын жақсы білу парыз деген ойын жеткізіп, осы мақсатты жүзеге асыру жолындағы құралдардың бірі аталмыш журнал деген сенімін білдірді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің Тіл институтының директоры Жанар Таласбаева журналдың бұған дейін шыққан тоғыз саны туралы өзінің жылы пікірін білдіріп, университеттің ұстаздары мен студенттері аталмыш басылымның мазмұнды әрі танымды болуы үшін өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.  

– Биыл Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығы ерекше сипатпен атап өтілуде. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің қолдауымен өткізілген “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалі өшпес із қалдырды. Фестивальда жұрт жеңімпаз атанған бес ақынды танып, бес бірдей ән өмірге жол тартты. “Мағжан” туралы фильмнің таныстырылымы да облыс басшысының қолдауымен жүзеге асырылды. Ал “Мағжан” журналының 2007 жылы бірінші саны жарық көргенде, бұл облыс қана емес, республика көлеміндегі айтулы оқиға болғантын. Бірақ, түрлі себептермен үш жыл шығарылмай қалды. Енді, міне, қайта жарық көре бастаған басылым үшін бәріміз қуаныштымыз, – деді “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, бас редакторы Кәрібай Мұсырман. Ол өз әріптесі Жарасбай Сүлейменовтің журналды шығарудағы ізденістері мен еңбегіне үлкен баға беріп, тұсауы қайтадан кесіліп отырған басылым Мағжан сөзімен айтқанда, түркі балаларын бауырына тартатын рухани шаңыраққа айналсын деген игі тілегін білдірді.

Салтанатты басқосудың соңында жас ақын Аманжол Зағыпар өзінің Мағжан рухына арналған “Қызыл от” өлеңін оқып берді.

 

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp