«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕБІМІЗДІ МАҚТАН ТҰТАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп, білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қатарында Айыртау ауданындағы Саумалкөл қазақ орта мектебінің мұғалімдері де бар. Мектебіміз 1994 жылы ашылған. Егемен елдің солтүстік өңірінде алғашқылардың бірі болып ашылған қазақ мектебі болғандықтан, мектебіміз өзімізге ыстық. Сол кездері мектебіміз үш буын өкілдерінен қалыптасқан болатын. Аға буын өкілдері – ең алғашқы директорымыз, құрметті ұстазымыз Темір Іргебаев, Әлімжан Наймантаев, Ерік Молдағанапов, Светлана Молдағанапова, Қанипа Шариманова, Жібек Қаскеева, мектебіміздің іргесін қалаушы азаматтар қатарын бастаған ұстазымыз Айгүл Есенғалиева, орта буын өкілдері Сәуле Молдағайыпова, Күләш Ярулина, Асхан Есмағанбетова, Жұмағазы Садықов, олардың ізін жалғастырған кейінгі буын жастарымыз Бағлан Қожақов, Жанар Қуандық, Марат Кенжеболатов, Зейнегүл Қазбекова, Махаббат Жүкенова сияқты өз істеріне жетік, жалынды жас мамандар еді.

Мектебіміздің жеткен жетістіктеріне келсек, бірнеше “Алтын белгі” иегерлері, “Болашақ” бағдарламасы грантын жеңіп алған шәкірттеріміз, білекті де жүректі палуандар, білімімен мыңды жығар оқу үздіктері мен мың бұралған бишілер, күміс көмей әншілер, саусақтарынан сыр тамған күйшілер бар.

Қазіргі таңда мектебімізде бар қуаты мен білімін шәкірттерінен аямай, олармен бірге қуана да, күйіне де алатын ұстаздар ұжымы нәтижелі еңбек етуде. Ғылымдар патшайымы – математиканың  сан-салалы құпиясын ашуда үздіксіз ізденіс үстінде жүрген мектептегі математика пәні мұғалімдері А.Есмағанбетова, Б.Исмагулова, Т.Садвакасова, А.Оразалинова, шәкірттерін адамзат данасы Абай мен жыр алыбы Жамбыл бастаған халқымыздың ақын-жазушыларының құнды қазыналарымен сусындатып, мемлекеттік тілдің қадірін терең зерттеп, танытуда тыным таппай еңбектеніп жүрген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері С.Қажыкенова, А. Әшербекова, Д.Бекпасова, жас талап Р. Дүкетбаев, биологтар А. Мұқашева, Г.Жетібаева, орыс тілі мұғалімдері Г.Сүлейменова, Г. Айтимова, Б.Жанахметова,С.Малаева, география пәні мұғалімі А.Бықсыбаева, тарихшылар М. Кенжеболатов, Д.Ержанова, Г.Мырзахметова – атай берсеңіз орындары да, атқарған еңбектері де ерекше бағаланып, аудан, облыс, республика көлемінде құрметке иеленген ұстаздар қатары қалың десем, артық айтқаным емес. Білім мен өнерді егіз алып келе жатқан мектебіміздің “Ақ әжелер” тобы, “Саумалкөл толқындары”, өзім жетекшілік ететін “Абажур” поэзия клубы, “Нұрай” би ансамблі аудан, облыс деңгейінде өнер сайыстарына қатысып, жеңістерімен қуантып жүр. Сонымен қатар дарынды балалармен жұмыс бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Жаңа буын оқулықтар бойынша да, электронды білім беру ісі де жақсы жолға қойылған.

Мектеп ұстаздардың дені – жастар. Мектеп әкімшілігі де – жастар. “Жас келсе, іске” деген сөз менің әріптестеріме арналғандай. Олар – XXI ғасыр талабына сай заманауи білімді игеріп, жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды инновациялық технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген талантты да талапты жастар.

Зүбайраш СЕЙТҚАСЫМ,

Саумалкөл қазақ орта мектебінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp