Сейсенбі күні “Нұр Отан” ХДП ОФ төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров жетекші партиядан қолдау іздеп келген азаматтардың бір тобын қабылдады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
М.Жұмабаев ауданындағы Бастомар ауылының тұрғыны Мұрат Сәдуов қосалқы шаруашылығында ірі қара, жылқы, қой өсірумен айналысады. Соған орай “Жанат” шаруа қожалығын құрған. Биыл “Сыбаға” бағдарламасы бойынша “Кәсіпкерлікті қолдау қоры” арқылы бөлінген 12 млн. теңге қаржыға 50 бас ірі қара сатып алыпты. Жыл сайын 6-7 бие сауып, қымыз өндіреді. Шаруа қожалығында өндірілген ет-сүт өнімдерін облыс орталығындағы 3 сауда нүктесіне өткізеді. Соның өзінен шамамен 1,5-2 млн. теңгедей кіріс кіретін көрінеді. Бірақ соның өзі делдалдармен жұмыс істегендіктен, жаңа техника сатып алуға мүмкіндік бермей келеді. Мұрат Әбдірахманұлы делдалдарсыз жұмыс істеу үшін Петропавл қалалық Мәдениет және демалыс саябағында ауыл шаруашылығының халал өнімдерімен сауда жасайтын орын бөлуге көмек сұрады. ШҚ-дағы қыруар малға қосымша жайылымдық жер де қажет. Самат Сапарбекұлы кәсіпкердің бастамасын қолдай отырып, көтерілген мәселелерге орай мүмкіндігінше көмек көрсетілетіндігін жеткізді.
Петропавлдық Алексей Кох пен Светлана Оралбаева өз иеліктеріндегі “Азия”, “Изюминка” азық-түлік дүкендері заңсыз жабылды деп санайтындықтарын айтып, шағымдана келіпті. Партия филиалының төрағасы аталмыш мәселені жауапты органдармен ақылдаса отырып, шешетіндігін айтты.
Ағайынды Құсановтар қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт пен қалдықтарды іріктеп айыратын желінің кластерлік жобасын назарға ұсынып, инвестициялық қолдау көрсетілуін сұрады. Аталмыш жобалар жан-жақты зертелгеннен кейін өтініш білдірушілерге тиісті жауап берілетін болды.
Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының тумасы Бектұрған Рамазанов Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкиннің ұйытқы болуымен қазылған жерасты құдықтарының жарамсыз болып қалғанын, жаңа су құбыры 51 түтіні бар елді мекеннен екі шақырымдай қашықтықта өтетіндігін тілге тиек етті. Жоба бойынша онда үлгіліктерге су құбырын тарту қарастырылмаған көрінеді. Оның үстіне жергілікті тұрғындар жер үлестерін берген Жамбыл МТС-і банкрот болғалы 2010 жылдан бері пай ала алмай жүр. Облыс әкімі Самат Ескендіров көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Петропавлдың Орман ықшамауданын электр қуатына қосу туралы арыздана келген Ендіғой Опанованың, тұрғын үй мәселесіне байланысты сот шешімімен келіспей жүрген Айман Сәрсекееваның мәселелеріне де тиісті жауаптар берілді.
“Бескөл ауылындағы әлеуметтік қызметімнен заңсыз шығарылып, мекеме басшысының қудалауына ұшырадым” – деп шағым айта келген Жәния Тұрғынова өз мәселесінің шешілуі үшін Қызылжар ауданы әкімінің қабылдауына баратын болды.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.