«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“НӘТИЖЕНІҢ МАРДЫМСЫЗ БОЛУЫНЫҢ СЕБЕБІ – БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ САПАСЫНЫҢ ТӨМЕНДІГІНДЕ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әр өңірде білім саласындағы бақылау жөніндегі департаменттер құрылған болатын. Осыдан екі жыл бұрын негізі қаланған жаңа құрылымның атқарған істерімен толығырақ танысу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының Білім саласындағы бақылау жөніндегі департаментінің басшысы Ерлан Әбілдиновті әңгімеге тартқан едік. 

– Ерлан Слямбекұлы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өңірлерде Білім саласындағы бақылау жөніндегі департаменттер құрудағы мақсат не? Олардың құзыреттеріне тоқталып өтсеңіз?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында білім беру қызметінің сапасын арттыруға баса назар аударады. Мемлекет басшысы 2011 жылғы 17 сәуірде облыс әкімдері және Үкімет мүшелерімен өткізген кеңейтілген отырыста білім беру саласын бақылаудың орталықтандырылған жүйесін құру туралы тапсырма берген болатын.

Елімізде білім сапасын бақылаудың өзіндік себептері бар. Ол кезде Білім және ғылым министрлігінің жергілікті жерлердегі білім сапасына әсер ететін әрекет тетігі жоқ еді. Жергілікті жерлердегі білім беру ұйымдарымен кері байланыс, олардағы жүйелі мәселелерді анықтауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік болмады. Жергілікті атқару органдарына жүктелген бақылау қызметтерінің жұмысы тиімсіз болды. Сондықтан, Білім саласындағы бақылау жөніндегі департамент құрылды. Жаңа құрылған департаменттің құзіретіне толығымен бақылау қызметі жатады.  

– Департамент құрылғаннан бері қандай негізгі жұмыстарды атқарды?

– Жаңа департамент 2011 жылдың 28 қыркүйегінде мемлеттік тіркеуден өтті. Оның штатына облыстың үздік педагогтері қабылданды. Біздің негізгі мақсатымыз өңірдің білім беру саласына тиімді әсер етіп, оның сапасын арттыру болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша өңірдегі білім саласының түрлі аспектілеріне ұдайы мониторинг жүргіземіз. Тексеру барысында орталық атқару органдары тарапынан назар аударуды қажет ететін жүйелі мәселелер анықталады. Ондай зерттеулер қорытындысы облыс әкімдігіне мәлім етіледі. Біздің негізгі қызметімізге білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу және білім саласында заңнамалардың сақталуын бақылау, сонымен қатар (мектептер, колледждердің білім беру қызметіне) лицензиялар беру жатады. Өткен оқу жылында 97 аттестаттау мен 100 жоспарлы және жоспардан тыс бақылау тексерістерін жүргіздік.

– Облыстағы білім беру ұйымдарын аттестаттау және оның қорытындысы туралы толығырақ айтсаңыз?

– ҚР “Білім беру туралы” Заңына сәйкес білім беру ұйымдары 5 жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Бұл білім беру ұйымдары ұсынған қызметтердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестігін мемлекеттік бақылаудың бір түрі. Білім беру ұйымдарының қызметін бағалау кезінде біз негізгі өлшем ретінде нәтижені қарастырамыз. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін аттестаттау комиссиясының құрамына облыстың үздік әдіскерлері мен педагогтерін енгіземіз. Сарапшылар ретінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен Астана қаласының үздік педагогтерін тарту тәжірибемізде бар.

Аттестаттау кезінде біздің көмегіміз бен қолдауымызды қажет ететін білім беру ұйымдарына, әсіресе, ауылдық мектептерге әдістемелік көмек көрсетеміз. Аттестаттау қорытындысы педагогтер кеңесінде талқыланып, мектепті одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар жасалады, оған ауылдық округтердің әкімдері мен ата-аналар комитеттерінің мүшелері шақырылады.

Өткен оқу жылында білім ұйымдарының 97-сі аттестаттаудан өтті. Оның нәтижесі бойынша қайта бақылауды есепке алғанда 85 (87,6 %) білім беру ұйымы аттестатталды. 12 мектеп (12,4 %) 2013-2014 жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында аттестаттаудан қайта өтеді.

Аттестаттаудан өте алмаудың негізгі себебі 4, 9, 11-ші сыныптарда өткізілетін білім кесінділерінің қорытындысы көрсеткендей, оқушылардың білім сапасының төмендігі болып табылады. Сонымен бірге білім беру ұйымдарының 20-сында ұсынылған білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сай келмейтіні анықталды. Анықталған заңбұзушылық бойынша кінәлілер ҚР “Әкімшілік құқықбұзушылық туралы” Кодексінің 311-1 бабының 6-тармағына сәйкес әкімшілік жазаға тартылды. Сонымен қатар ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес бұл ұйымдардың білім беру қызметіне лицензиялары 2 айдан 6 айға дейін тоқтатылды.

– Лицензиялау рәсімі мен бақылауды қалай жүзеге асырасыздар?

– ҚР Үкіметінің бағдарламасына сәйкес біздің департамент 2012 жылдан бастап білім беру қызметін лицензиялаудың электрондық түріне ауысты. Енді шалғайда жатқан мектептерге лицензияны қайта ресімдеуге облыс орталығына келудің қажеті жоқ. Құжаттарды қабылдау және лицензиялар беру Интернет арқылы жүзеге асырылады. Оған қоса лицензиялау комиссиясының құрамына департамент мамандарынан басқа, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер өкілдері енеді. Бұл департаменттің колледждердің білім беру қызметіне лицензия беруі кезіндегі ашықтықтығын қамтамасыз етіп, өңірімізде кадрлар қажеттілігі туралы жұмыс берушілердің білікті пікірлерімен санасуына мүмкіндік береді. Бүгінгі күні біз 463 лицензияны қайта ресімдеп, 1 лицензия және оған 4 қосымша бердік.

2012-2013 оқу жылында бекітілген жоспарларға сәйкес білім беру саласындағы заңнамалар мен біліктілік талаптарды сақтау бойынша 3 колледж бен 41 мектепте тексеріс жүргізілді. Оның барысында облыс мектептерінде мамандығы сай келмейтін педагогтердің қызмет істеуі жиі кездесетіні анықталды. Бұл сапалы білім беру қызметін ұсынуға кедергі келтіреді және ҚР “Білім беру туралы” Заңының 51-бабының 1-тармағын бұзушылыққа жатқызылып, ҚР ӘҚБ туралы кодексінің 357-1 бабы бойынша жауапкершілікке тартады. Осы заңбұзушылық бойынша мектеп басшыларына қатысты облыс соттарына 32 әкімшілік материал жолданды.

Басқа да біліктілік талаптарын бұрмалауға: білім беру сапасын қамтамасыз ететін, материалдық немесе материалдық емес активтерді жедел басқаруға меншіктік яки шаруашылық жүргізу құқығына иелігін растайтын құжаттардың болмауы, білім беру ұйымдарының толығымен Интернет желілеріне қосылған компьютерлік сыныптармен жабдықталмауы, жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің үлесінің (30 %-дан кем) сай келмеуі кездеседі. Бұл тексерістер қорытындысы бойынша 8 басшы және 12 заңды тұлға айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Сіз ҰБТ қорытындысын қалай бағалайсыз? Жекелеген мектептердің төмен нәтиже көрсетулерінің себебі неде?

– Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері көрсеткеніндей, облыстың білім беру саласында өткен жылдың көрсеткішін сақтап қалуға ҰБТ-ға қатысушы оқушылардың санының азаюының арқасында ғана қол жеткізілді. Бұл көптеген аудандарда орын алды. Егер 2012 жылы түлектердің 61%-ы ҰБТ-ға қатысса, 2013 жылы 55 %-ы ғана ниет білдірген. Бұл облыста сапалы білімге оқушылардың қолжетімділігінің төмендегенін көрсетеді.

Облыстық білім беру мекемелері мен Шал ақын ауданының мектептері орташа балдың әлдеқайда жоғарылауына қол жеткізді. Аталмыш білім мекемелерінде орташа балл 6,2-ге көтерілді. Ал Жамбыл ауданы орташа балды – 8,2-ге, Тимирязев ауданы – 7,6-ға, Ақжар ауданы 6,6 балға төмендетіп, көрсеткішті түсіріп алды. Өкінішке қарай, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың түлектері екінші жыл қатарынан ауыл мектептерінен де төмен нәтиже көрсетіп келеді.

Менің ойымша, нәтиженің мардымсыз болуының негізгі себебі – білім беру қызметі сапасының төмендігінде. Білім беруді басқару органдарына бұл мәселе жөнінде ойланып, жаңа оқу жылында осы бойынша жұмыс істеу керек. Өңірде білім сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Оны әрі қарай іске асыру – педагогикалық ұжымдардың міндеті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp