Петропавл қаласындағы “Жас натуралистер стансасы” МКҚК-ның іргетасы қаланғанына биыл 65 жыл толып отыр. 1948 жылдың 28 қыркүйегінен бері үздіксіз жұмыс атқарып келе жатқан мекеме қоғамдық өзгерістегі қаншама ауыртпалықты бастан өткерсе де, өз қызметін бір уақытқа да тоқтатқан емес. Бұл кәсіпорынның жас жеткіншектердің білімін жетілдіруге, ұлттық құндылықтар мен табиғи ортаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты қалыптастыруға, сондай-ақ еңбекке баулуға қосар үлесі елеулі. Жасыл желекке көмкерілген 2,2 гектар жердің берер ырысы да, сыйлар шаттығы да мол.
– Біздің стансада 8 үйірме жұмыс істейді. Ұжымда 27 адам еңбек етеді. Былтыр облыс орталығының 735 жас жеткіншегі біздің мекеменің мүшесі бола алды. Мұнда 6 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалар келеді. Үйірмелерде жүргізілетін сабақтар тегін, – дейді кәсіпорын директоры Ғалым Темірбеков.
Қыркүйек айынан бастап мұнда да жаңа оқыту бағдарламасы бекітіліп, арнайы оқу кабинеттері жабдықталып, қала мектептерінің оқушылары үйірмелерге шақырыла бастайды. Аталмыш мекеменің қызметкерлері қала мектептерінің әкімшілігімен шартқа отырып, оқушыларға қосымша білім беру кестесі жасалады. Көп жағдайда стансаның тәлімгерлері мектептердің өзіне барып сабақ өткізеді. Өйткені көптеген ата-аналар баласының қоғамдық көліктерге мініп, қаланың басқа шетіне баруына келісе бермейді. Сондықтан білім беру жүйесіндегі бұл міндетті мектеп ішінде ұйымдастыру қалыптасқан. Дегенмен, стансаның аумағында өткізілген сабақтар тиімді деп саналады. Өйткені, оқушылардың арнайы жабдықталған жерде тақырыптарды жақсы меңгерері анық.
Бұл жер аумағында жаз айларында М.Қозыбаев атындағы университеттің және медициналық колледждің студенттері келіп, біліктіліктері мен тәжірибелерін жетілдіреді. Былтырғы оқу жылында қаладағы №№1, 14, 40, 42, 43, 44 білім беру ошақтары, №1 даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзеу мектебі мен есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттың шәкірттері белсенділік танытқан. Ал қазақ тілінде білім беретін мектептердің ішінде облыс орталығындағы әл-Фараби мектеп-лицейі ғана қызығушылық танытып отыр. Әрине, қаракөз балалардың тіршілікте маңызы да, қажеттілігі да зор салаға немқұрайлы қарауы орынсыз. Бүгінде мекеме әкімшілігінің мақсаты қазақ мектептерін өзіне тарту болғандықтан, онда қазақ тілді тәлімгерлер қатары көбейіп келеді.
“Жас натуралистер стансасы” МКҚК-сі Петропавл қалалық Білім бөліміне қарайды. Аталмыш кәсіпорын бюджеттік мекеме болғанымен, жұмыстарын одан әрі жандандыру үшін қосымша табыс көздерін пайдаланады. Қалалық бюджеттен бөлінетін қаржы мекеме еңбеккерлерінің табысына, коммуналдық және әлуметтік төлемдерге жетерлік, ал, бірақ, балаларды өз жұмыстарына ынталандыру үшін бірқатар шаралар ұйымдастыру қажеттігі де бар. Сондықтан стансада өсірілетін көкеністерді, жеміс-жидектерді, ағаш көшеттері мен гүлдерді сатып, кәсіпорын өзінің бірқатар мәселелерін шешіп алады.
Ондағы 13 жылыжайды мекеме қызметкерлерінің өздері жайнатады. Әр тәлімгерге екі-екіден жылы-жай бөлініп берілген. Кәсіпорын бағбандарының арасында сайыс ұйымдастыру да дәстүрлі. Олар көкөністерді тұқымынан бастап өздері отырғызып, нарыққа шығарып, одан түскен қаржысы бойыша сайыстың қорытындысы шығарылады. Бұл – өзін-өзі қаржыландырудан туған шара. Қаржы жеті жүзден астам оқушыға тегін ұйымдастырылатын үйірмелерге керекті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ тәлімгер-ұстаздар стансаның айналасындағы өсімдіктерді жинап, оларды қосымша материал ретінде пайдаланады.
– Біз биыл тұқым мен көшет сату арқылы бір жарым айдың ішінде 37 мекемені қамтып, 1 миллион теңге қаржы түсірдік. Былтыр табыс 735 мың теңге болатын. Тауардың барлығы қалалық Білім бөлімінің бекіткен бағасы бойынша сатылды. Гүлдеріміз жайқалып өскеннен-ақ оны да арзан бағамен сата бастадық. Біз ақырындап өз тірлігімізді күйттеуге көштік, бірақ, шамамыз жетпейтін мәселелер де бар. Биыл біз облыс орталығындағы “Балалар ауылының” тәрбиеленушілерімен қарым-қатынас орнаттық. Оларға мекемеміздің ұстаздары сөмке толы құрал-жабдықтарын сүйретіп, өздері барады. Ал №1 даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзеу мектебінің балаларының біз келген кезде қуанатынын көрсеңіз! Жарымжан балалармен өткізген әр сабағымызда оларды рухани байытып, денсаулықтарын жақсартуға септігіміз тиіп жатқанына біз де разымыз. Ал егер ол балаларды біздің мекеме орналасқан жерге әкелсе, тіпті керемет болар еді, – деген мекеме басшысының әңгімесі көлік мәселесіне келіп тірелді.
Иә, стансада көлік мәселесі өзекті болып, ол көптеген іс шараларды атқаруға қолбайлау жасауда. Осыдан 30 жыл бұрын берілген автобус ескіргендіктен, қолданыстан шығарылған. Ұстаздар үйірмеге қатысатын балалармен бірге облыс аумағындағы табиғаты көркем жерлерді араламақ түгіл, оларды станса аумағына әкеліп, сабақ өткізуге де мүмкіндіктері жетпейді. Олар сабақ өткізетін жеріне керекті құрал-жабдықтарды қоғамдық көліктермен тасып жеткізеді. Кәсіпорын әкімшілігінің көлік мәселесін көтеріп, жергілікті билікке өтініп жүргеніне де бір жыл. Әрине, олардың қолдауынсыз бұл мәселенің шешілмесі анық.
Кәсіпорын ұстаздары жас жеткіншектерден нағыз табиғат жанашырлары қалыптасатынын айтады. Олар мұнда көп нәрсені өздері жасайды, үйренеді, қиялға беріледі. Бала 5-7 сыныптан бастап гүлдердің немесе көкөністердің қалай өсетінін үйренсе, тіршілікте мұның пайдасы молынан тиері сөзсіз. Көбіне 7-14 жастағы балалар бау-бақшадағы тіршілікке қызыға қарайды екен. Әсіресе, бастауыш сынаптардың оқушылары үйірме сабақтарынан қалмайды. Ал бала есейіп кетсе, оның қызығушылығын табиғатпен байланыстыру қиынға соғады. Мұндағы 8 үйірменің бағыттары да сегіз түрлі. Қыздар бисермен өрнектеуді үйренсе, ұлдар ағаш немесе теріден түрлі бұйымдар жасайды.
– Балаларға ерік берсең, қиялдарына өзің таңғаласың. Осы қосымша бағдарламадан-ақ олар көп нәрсені үйренеді. Мен өз сабағымда өңіріміздегі аң-құстардың түрлері қандай, жануарлар азайып бара жатыр деген мәселелерді жиі көтеремін. Өйткені, қоршаған ортаның ертеңгі жанашырлары – бүгінгі жас ұрпақ, – дейді Ғалым Ақанұлы.
Сондай-ақ мұнда түрлі фестивальдар, байқаулар және көрмелер ұйымдастырылады. Жақында Астана күніне арналған “Флористика” байқауын өткізіп, оған өңіріміздің 100 жуық жас натуралистері қатысқан. Олар гүлдер мен шөптен неше түрлі композициялар жасап, өз талаптарын ортаға салған. Жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілген. “Құстар күні”, Балалар қорғау күніне арналған “Әлемге бүлдіршіндердің көзімен қарағанда”, “Бағбан” байқаулары өткізілді. Енді “Табиғат байлығын көре білеміз” байқауы ұйымдастырылмақ. Жалпы бұл шараларға қала мектептерінің оқушыларынан басқа Уәлиханов, Айыртау, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарының жасөспірімдері белсене атсалысады екен.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.