«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНАТ – ЕҢ ҮЗДІК СҮҢГУІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде суда құтқару қызметінің сүңгуірлері арасында “Үздік сүңгуір” сайысы өтті. Бұл іс-шара сүңгуірлердің кәсіби шеберлік деңгейін арттыру және облысымыздың су айдындарында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу машығын жетілдіру мақсатында өткізілді. 

Сайысқа суда құтқару қызметінің 11 сүңгуірі қатысты. Олардың барлығы 10 кезеңнен тұратын 4 қашықтықты өтті. “Теориялық бөлімде” қызметкерлердің сүңгуір ісі бойынша білімдері тексерілді. “Физикалық дайындық”, яғни 3000 метрге жүгіру, 50 метрге еркін жүзу, жаттығулар барысында олардың төзімділігі анықталды. Сонымен қатар сайыскерлер “Құтқару дайындығына” қатысып, онда қайықпен 500 метрге дейін жүзу, зардап шеккендерге Александров шеңберін немесе құтқару дөңгелегін беру, алғашқы медициналық көмек көрсету сындары енгізілді. “Сүңгуір дайындығы” бойынша қызметкерлер полигонда 4 дыбыс белгілерін іздеп, сүңгуірдің шешіну және киіну тәртібін көрсетті.

Сайыс барысында құтқарушы-сүңгуірлер шыдамдылық пен төзімділікті және кәсіби шеберліктерін көрсетті, сонымен қатар судағы төтенше жағдайда іздестіру-сүңгуір жұмыстары кезінде және суда құтқаруда жаңа дағды мен тәжірибе жинақтады.

Сайыс қорытындысы бойынша барлық сыннан жақсы нәтиже көрсеткен 21 жастағы Қанат Илюбаев ең үздік сүңгуір атанды. Суда құтқару қызметінде жұмыс істеп жүрген бір жыл ішінде ол 37 адамның өмірін сақтап қалды. Сайыс жеңімпазы Суда құтқару қызметі бастығының Құрмет грамотасымен марапатталды.

СҚО ТЖД-нің суда құтқару қызметі.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp