«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛМАСЫН ДЕСЕК…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1994 жылдан бастап Қазақстан бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қатысушы болып табылады.

Конвенция ережелерін іске асыра отырып, біздің мемлекет балалардың құқығын қорғау үшін көптеген маңызды шараларды іске асыруда. Солардың бірі – балалардың конституциялық құқықтарын бұзғандығы үшін басшылардың, лауазымды тұлғалардың, ата-аналардың жауапкершілік нормаларының әкімшілік заңнамаларға енгізілуі. Әкімшілік кодексінің сәйкес бабы педагогтің педагогикалық этиканы бұзғандығы үшін, ата-аналардың өз міндеттерін лайықсыз орындағаны үшін және басқа да балалар құқығына қысым жасау әрекеттері үшін айыппұл салуды қарастырады.

Осыған қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның барлық өңірлерінде 2011 жылы құрылған Білім саласындағы бақылау департаменттерінің құзырына білім саласындағы заңнамалардың сақталуын бақылау ғана емес, сонымен қатар балалардың құқығы және заңды мүдделерінің бұзылуы бойынша мәселелерді қарастыру да жатады.

Үстіміздегі жылы Солтүстік Қазақстан облысының Білім саласындағы бақылау департаменті балалардың құқығын бұзу жағдайларына байланысты прокуратура органдарының ресми өкімдері бойынша үш әкімшілік іс қарастырды.

Санаторийлік орта мектеп-интернатта тәрбиеші Ш.-ның салғырттығы салдарынан тәрбиеленуші К.-ге өзінен үлкен жолдастары біраз уақыт бойы қол жұмсаған. Істің мәнжайы қарастырылғаннан кейін аталған тәрбиешіге, сонымен қатар білім беру ұйымы басшысы Д.-ға, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жалпы сомасы 69 240 теңге құрайтын айыппұл салу түрінде жаза қолданылды.

Осы жылғы тамыз айында Петропавл қаласы прокуратурасының тапсырмасы бойынша біздің департамент мектепке дейінгі шағын орталық тәрбиешісіне қатысты әкімшілік материалды қарастырды. Тәрбиеші балаға психологиялық қысым көрсеткен, оған деген өзінің жеккөрушілік көзқарасын білдірген. Топтағы басқа балаларды да осындай әрекеттерді көрсетуге тартқан. Тәрбиешінің бұл іс-әрекеті ҚР ӘҚБК 311-1-бабының 1-тармағын бұзу деп бағаланып, аталған педагогке 13 848 теңге құрайтын 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ұсынылатын білім беру қызметінің сапасын қадағалау білім алушылардың құқығының қорғалуын, тәрбиеленушілердің сапалы білім алуын қамтамасыз ететінін атап өту қажет. Білім мекемелерінде бұл мәселе жағынан бәрі де ойдағыдай деуге келмейді. Мысалы, Петропавл қаласының мектеп-гимназияларының бірінде науқастанған физика пәні мұғалімін басқа ұстаздың уақытша ауыстыруын әкімшілік қамтамасыз ете алмаған. Нәтижесінде бірнеше апта бойы біраз оқушылар ҰБТ-да таңдау пәні түрінде физика пәнін таңдаған 11-сыныпта физика сабақтары өткізілмеген. Ұсынылатын білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес болмағаны үшін білім мекемесі басшысына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды және білім беру қызметіне берілген лицензия қолданысы 1 ай мерзімге тоқтатылды.

Жоғарыда аталған заңбұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 68 АЕК құрады. Сонымен қатар, білім білім беру ұйымдарында тиісті бақылаудың болмағаны үшін кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар білім бөлімдеріне жіберілді.

Педагогикалық этика нормаларын бұзу, өз қызметінде немқұрайдылық пен салғырттық таныту – педагогтердің кәсіби деңгейінің төмендігінің айғағы. Ұстаздар арасында мұндай оғаш жайттардың көрініс беруі балалар мен қарым-қатынастағы қатыгездікке, жас өркендердің ар-намысының тапталуына, олардың құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтырады.

Аталған жайттарға ұқсас жағдайлар бойынша азаматтардың дер кезінде хабарласуы баланың ар-намысын, абыройын және денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Сенім телефоны: 8(7152) 36-66-25.

Асыл ЖҮНІСОВА,

СҚО Білім саласындағы

бақылау департаментінің

бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp