«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕЛЕР анасыз қалған балаларын жеткізем деп әлек…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жалғызбасты әке… Бұл тіркес құлаққа түрпідей тиеді екен. Бірақ қазіргі таңда жалғызбасты әкелер көбейіп барады. Өкініштісі де сол.  

Екі жас бірін-бірі сүйіп, өмір-бақи қол ұстасып өтеміз деп шаңырақ көтерді. “Үбірлі-шүбірлі болып, перзенттеріміз ержеткен шақта немерелерімізді құшағымызға алсақ, шөбереміздің маңдайынан иіскесек арман жоқ” деп толғанды екі жас. Бірақ арман қол жетпес қиялға айналып, аспан жерге айналып түскендей кезде бірін-бірі сүйген қос ғашық енді немере сүйдіретін, шөберенің маңдайынан иіскететін перзенттері үшін қырық пышақ болып, әділдік іздеп, соттың табалдырығын тоздыруда.

Біздің өңір де бұдан ада емес. Руслан Нұрахметов барлық ер жігіттер сыңайлы отбасын құрып, дүниеге ұрпақ қалдырып, әкесінен аманат болып қалған әулеттің жалғасуын қалады. Өмірлік жарын кездестіріп, отбасын құрды. Барлығы әдеттегі отбасылардағыдай болды алғашында. Дүниеге тұңғышы келе салысымен қанаты қатая бастағанын сезгендей болды. Алар асулары әлі алда деп ойлады. Отбасында тағы бір сәби дүние есігін ашты. Оның артынан кіші қызы да көп күттірмей ата-анасына, әпкесі мен ағасына қуаныш сыйлады. Сүйікті жұмысы, өз баспанасы мен “темір тұлпары” бар Руслан Кәрімұлының жары екеуі құрған отбасы шайқалмауға тиіс болып көрінген. Екеуара келіспеушілік, басқа да келеңсіз жағдайлар берік отбасын қақ айырды. Жұбайымен ажырасқанда балалары анасының қасында қалуға тиіс, деп санады Руслан Кәрімұлы. Сол себептен де пәтері мен барлық тапқан табысын балалары үшін бере салды. Бірақ балаларының анасы тиісті аналық қамқорлық танытпағанын байқаған кезден бастап перзенттерін өзіне қайтарып алуды көздеді. Мамандығы бойынша заңгер Руслан Нұрахметов сот ісінің 3 жылға созылатынын ойламаған да еді. Ақырында сот шешімімен бұрынғы әйелі балаларға тиісті тәрбие бере алмайды деген шешім шығарылып, қазіргі таңда балалары әкесімен бірге өмір сүріп келеді. Содан бері ол жалғызбасты әке атанып, балаларына ананың орнына ана да болып жүр.  

Үлкен ұлы мен қызы кәмелеттік жасқа толып, өз отбасыларын құрса, 11 жасар Альбина есімді кенже қызы қазір әкесімен бірге тұрады.

– Бастапқыда қатты қиналдым. Үйде әпкелерімнің арасында жалғыз ұл болып өскендіктен, бірде-бір рет өздігімнен тамақ пісіріп көрмедім. Сондықтан алдымен тамақ дайындауды үйрендім. Байқасам, оның еш қиындығы жоқ екен. Қазір менен асқан аспаз жоқ шығар. Қыз бала болғандықтан, кішкентай кезінде шашын өріп, жуындыру қиынға соқты. Оны жасырмаймын. Бұл жағдайда маған үлкен қызым көмектесті. Тұрмысқа шыққанына қарамастан, қаланың бергі шетіне келіп, сіңлісін жуындырып, киімін жөндеп, бізге көмегін тигізді. Ал қазір барлығын өзім меңгеріп алдым. Әрине, әйелдің орны бөлек қой. Десе де, үй күтіміне, тамақ пісіруде, әсіресе, бала тәрбиесіне келгенде мен ешбір әйелден кем емеспін, – деген Руслан Кәрімұлы жалғызбасты әкенің басынан өтетін бірталай қиындықтарымен бөлісті.

Облысымызда Руслан Кәрімұлының кебін киген 200-дей жігіт бар екен. Солардың бірі – құрылғанына бірер жыл өткен “Әкелер мектебі” клубының жетекшісі Александр Дробышев. Оның тағдыры Руслан Нұрахметовтікіне қарағанда өзгеше. “Әкелер мектебі” клубы мүшелерінің арасында жалғыз ол ғана бұрынғы әйелін бала тәрбиесіне тікелей араластырады. Биылғы жылы 1-сынып табалдырығын аттаған Валерия есімді қызы онымен екі жыл бойы бірге тұрып келеді. Әйелімен бір бітімге келген ол, бала үшін ата-ананың екеуі де маңызды деп санайтындардың қатарында. Сондықтан да аптаның белгілі бір күндерінде қызының анасымен уақыт өткізіп, сол арқылы шешенің қызының тәрбиесіне тікелей араласуын қамтамасыз етеді.

Ата-ананың ажырасуы қай балаға болсын ауыр тиеді. Тіпті, үйден анаң немесе әкең бір күнге кетсе, үйдің іші бос қалғандай болады. Ересектерден бұрын мұндай жағдайдан бала тым қатты соққы алмай шығуы тиіс. Сондықтан қызыма барынша ыңғайлы болуы үшін ең бастысы тұрмыстық жағдайымды түзеуге тырыстым. Қызыма бөлек бөлме бөліп, оны ойыншықтармен, түрлі кітаптармен толтырдым. Сосын барынша тазалықты сақтауға тырыстым. Анасы болған кездегідей киімдердің, заттардың үйреншікті жерде тұруын қадағаладым. Ең бастысы – тамақты дәмді пісіруді үйрендім. Тағам әзірлеу жайында көптеген кітаптарды оқыдым. Ғаламтор арқылы рецептер алып, тамақтарды қызыммен бірге дайындауды әдетке айналдырдым. Қызым: “Әке сенің тамағың барлығынан да дәмді”, – десе болғаны – мен қызым үшін бәрін дайындауға әзірмін. Жұбайым екеуіміздің ажырасуымыз қызымызға кері әсерін тигізгенін қаламаймын, – дейді Александр Геннадьевич.

“Әкелер клубының” құрылуына Балалар құқығын қорғау басқармасының өкілі Ольга Черепанова мұрындық болған екен. 20-дан астам жалғызбасты әкелер тоғысқан клуб оларға әлеуметтік, педагогикалық, психологиялық, құқықтық көмек түрлерін көрсетіп келеді. “Жалғызбасты әкелер көбінесе тұйық келеді. Ұялшақ болады. Қайырымдылық шараларға қатыса қоймайды. Бірде демеушілер бөлген азық-түлікті алуға бірде-бір әке келмеді. Сонда азық-түлікті өзімнің таратуыма тура келді”,- дейді Александр Геннадьевич.

Әкелерге барынша көмектесу мақсатында құрылған аталмыш клубтың мүшелері – бір-біріне демеу. Ұқсас өмірлік жағдайға тап болғандықтан, кездесетін мәселелерді шешуде ақыл-кеңестерімен бөлісіп тұрады. Мәселен, Руслан Нұрахметов адвокаттың кеңесі қажет кезде ешқашан көмегін аяған емес. Сол сияқты жеке кәсіпкер Александр Дробышев өзінің фитнес орталығында жалғызбасты әкелердің балаларының спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туғызып отыр. Әсіресе бала тәрбиесінде олардан асқан кеңесші жоқ. Тіпті, қызының шашын әдемі өру үшін Александр Дробышев арнайы курсқа қатысқан. Осылайша тағдыр бастарына салған қиындықты бірлесе еңсеріп келе жатқан әкелер клубының мәселелері де жоқ емес. Кей жалғызбасты отбасылардың баспанасы болмаса, кейбірінде балаларын балабақшаға орналастыру мәселесі өзекті. Мәселен, Руслан Нұрахметов қызын мектепке апарып, алып келу сабақтан кейін үйде бірге отыру мақсатында тіпті жұмыстан да шыққан екен. Қазіргі таңда қолға тиген жұмыстарды атқарып жүрмін, дейді. Осы сияқты мысалдар жетерлік. Жалғызбасты әкелер ішінде мүгедектері де бар. Бірақ соған қарамастан, қызын – қияға, ұлын ұяға қондырғандары да жетерлік. Қуантарлығы да сол. Өмірдің сынағына мойымай, балаларының жанынан табылып жүрген мұндай әкелерге қарап, “Әке – бәйтерек, бала – жапырақ” дегің – ақ келеді.

Суреттер

Отбасылық мұрағаттан алынған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp