«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАНАГӨЙ САЯСАТКЕР, ДАРЫНДЫ БАСШЫ Бәйкен Әшімов туралы кітап жарық көрді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Даңқты жерлесіміз, көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов 14 жыл бойы Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқарды, Жоғарғы Кеңес Төралқасының төрағасы болды. Оның өмір жолы баяндалған туындының авторы – Қазақстанның Құрметті журналисі Николай Колинко облысымызға арнайы келіп, Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебеп кітапханада зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиынға қатысқан облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, жерлесіміз Бәйкен Әшімовтің өмір жолы үлгі-өнегеге толы. Ол ашаршылық пен соғыстың ауыр зардабын көріп, өсті. Бірақ қиындыққа мойынсынбаған азамат жарқын өмір сүруге ұмтылды. Талай жыл талантты басшы болып, Тәуелсіздік жылдарында зейнеткерлікке шықса да, еліміздің барлық маңызды оқиғаларының басықасында жүрді, тәуелсіз Қазақстанды құруда Елбасымыздың барлық бастамаларын қолдап отырды, – деді.

Бәйкен Әшімов Ұлы Отан соғысы кезінде екі мәрте ауыр жараланған. Майданнан кейін Ленинградта оқыған. Еңбек жолында түрлі жоғары партиялық қызметтер атқарған. Бірақ, ол Министрлер Кеңесінің теңдессіз басқарушысы ретінде елдің есінде қалды. Үкімет басшысы қызметін ең ұзақ атқарған саяси қайраткердің кезінде Қазақстанның өнеркәсібі жоғары деңгейде дамып, әлеуметтік сала жанданды.  

Мұның бәрі “Премьер” кітабында көрініс тапқан. Автор Николай Колинконың айтуынша, оның басты кейіпкерінің тарихи тұлғасы әрдайым бүгінгі және болашақ оқырманның ықыласын тудыратын болады. “Бәйкен Әшімұлымен бірге қызмет еткен жылдары оның парасаттылығына, еңбекқорлығына, адамгершілігіне тәнті болдым. Ол ел қамын ойлап, халықтың болашағы үшін тер төкті. Нағыз елінің патриоты деп осындай жандарды атар едім. Бұл кісінің жүріп өткен жолы бүгінгі саясаткерлерге өнеге”, – деді Николай Сергеевич.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко және басқалар Бәйкен Әшімовтің азаматтық келбеті жайында ой толғады.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp