Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің қызметкерлері тілдердің үштұғырлылығына арналған “Тілдарын” және өзге ұлт өкілдерінің арасында өтетін “Мемлекеттік тіл – менің тілім” байқауларында бақтарын сынады.
Өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тілдің маңызы мен мәнін арттыру мақсатында ұйымдастырылған “Мемлекеттік тіл – менің тілім” байқауы Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілді. Аталмыш байқауды ұйымдастыру жыл сайынғы дәстүрге айналған.
– Облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару” қызметкерлері осымен 15-ші рет тіл байқауына қатысып отыр. Алғашқы жылдары ұйымдастырыла бастаған кезіндегідей емес, қазір қызметкерлер байқауға қатысуға өздері тілек білдіреді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі, оны үйренуге ұмтылатындардың саны артып келе жатқаны қуантады. Сонымен қатар Елбасының тілдердің үштұғырлылығы саясатын жүзеге асыру және бәсекеге қабілетті қызметкерлер қатарын көбейту мақсатында “Тілдарын” байқауын да қатар өткізуді жөн көрдік, – дейді СҚО ТЖД құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы Әсия Баталова.
“Мемлекеттік тіл – менің тілім” байқауына қатысушы 4 қызметкерге қойылған талап бойынша алғашқы кезеңде әркім өздерін мемлекеттік тілде таныстырды. Таныстыру кезінде бірі өз өмірінен қысқаша бейнероликтер көрсетсе, екіншісі ертегі құрастырыпты. Екінші кезең қазақ халқының мақал-мәтелдері мен өз ұлтының мақал-мәтелдерін салыстырып айтуға, мағынасын ашуға арналды. Сонымен қатар өнер көрсету де осы кезеңнің тапсырмасына енді.
Үй тапсырмалары ретінде болған алдыңғы екі кезеңнен сүрінбей өткен сайыскерлердің үшінші кезеңде біраз қиналғандары байқалды. Бұл кезеңнің тапсырмалары мемлекеттік тілде құжат әзірлеу яғни, іс қағаздарын орыс тілінен мемлекеттік тілге аудару, берілген сөздерді тиісті орындарына қойып, сөйлемді дұрыс құрау, көп нүктенің орындарына тиісті қосымшаларды жазу, төтенше жағдайлар терминін аудару болды.
“Мемлекеттік тіл – менің тілім” байқауына қатысқан төрт қызметкердің ішінде “Суда құтқару қызметінің” – аға медициналық қызметкер-құтқарушысы, татар жігіті Рашид Бикчентаев – бірінші орын, Петропавл қаласы төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы, осетин жігіті Владимир Хутинаев – екінші, “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару” қызметінің диспетчері, орыс қызы Ксения Аплеснина үшінші орындарға шықты.
Көптілділікке арналған “Тілдарын” байқауына қатысуға “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару” қызметінің радио-телефоншысы Әлия Шауыпкелова мен Аққайың ауданы төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының аға инженері Айгүл Әбдүлманова ниет білдіріпті. Олар да өзін-өзі таныстыру, мемлекеттік тілде берілген төтенше жағдайлар қызметінің 10 терминін орыс, ағылшын тілдеріне аудару, экранда берілген мәтінге ілеспе аударма жасау және өз таңдаған тілдерінде өнер көрсетуден сайысқа түсті. Бұл екеуінің арасында Айгүл Әбдүлманова басымдық танытты. Ол ағылшын тілін өздігінен үйреніп жүр екен.
Қазылардың ұйғарымымен “Мемлекеттік тіл – менің тілім” және “Тілдарын” байқауларының жеңімпаздары Рашид Бикчентаев пен Айгүл Әбдүлманова қыркүйектің 10-12-сі аралығында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде өтетін тіл байқауларына қатысатын болады.