«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛАРДЫ ТАҒДЫР ТАБЫСТЫРҒАН Біріне – ана, біріне – бала керек…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрылғанына 12 жыл өткен отбасылық үлгідегі Балалар ауылында бүгіндері 4 отбасыда 31 бала тәрбиеленіп келеді. Ауыл ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің туған үйіндей. Әр үйде 9 баладан тұрады. Үйдің өз тәрбиеші анасы мен тәтесі бар. Жеткіншектердің барынша үй жағдайында ержетуі мақсатында құрылған Балалар ауылының бірінші үйіне қонақ болып қайттық.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әр үйдің есігінің алдында балалар асыр салып ойнап жүр. Улап-шулаған олардың даусы анадайдан естіледі. Бойжеткен қыздар қол ұстасып, ауылдың көшесінде қыдырып, әңгіме-дүкен құруда. Ауылға келген бейтаныс адамға олар бірден жалт қарады. Арасындағы пысықайлары жүгіріп шығып, амандасса, ұялшақтаулары тек бас шұлғып, ағашты тасалады. “Бірінші үй қайда?” деген сұрағыма жауап берместен, ойнап жүрген балалардың арасынан ересектеуі “Яна, Лидия, Леонид, Юля, Кристина, домой!” деп шақырып, маған жол нұсқады. Ауылға кіреберістегі сол жақтағы екінші үй мен іздеген бірінші отбасының үйі екен. Артымнан ерген бүлдіршіндер осы үйдің балалары болып шықты.

Үйдің табалдырығында аяқкиімдер қазқатар тізіліп тұр. Бұл отбасының көпбалалы екендігін бірден байқатады. Ең үлкені 17 жаста болса, ең кішкентайы 3-сыныпта оқиды. Інілері мен сіңлілерін үйге шақырған бойжеткен қыз мені анасына дейін шығарып салды. Қарсы алдымнан шыққан бойшаң, сымбатты келген Ирина Драчевская – осы үйдің анасы. Қонақ бөлмедегі жайлы диванға жайғасып, әңгімемізді бастап кеттік.  

Ирина Александровна әрбір әйел сияқты бала кезінен отбасының үлкен болғанын армандаған. Бірақ өмірлік арманы іске аспайды. Қайғылы жағдайда екі ұлының бірінен айрылып, сал ауруына шалдығады. Бірнеше айдай мүлдем үн қата алмайды.

– Қапыда ұлымнан айрылдым. Ананың баласынан айрылуы қашанда қиын. Үйреншікті жұмысымды тастауыма тура келді. Өмірімнің тең жартысы бала тәрбиесімен байланысты болды. Қалалық мектептерде, балабақшаларда да қызмет еткен кездерім болды. Аудиториялық сөйлеу мәнерінен айрылғандықтан, мектептерде сабақ бере алмадым. Бухгалтерлік курсты аяқтап, жеке кәсіпкерлерде қызмет атқардым. Бірақ өзіме көптен бері таныс бала тәрбиесі ісіне қайта оралғым келді. Сондықтан ойланбастан Балалар ауылына тәрбиеші ана болып жұмысқа орналастым, – деген Ирина Александровна әңгімесін одан әрі жалғады:

– Білесіз бе, әр ұстаз бастапқыда кәсібилігін шыңдайды. Содан кейін оқыған пәнін оқушыларға түсінікті жеткізудің техникасын меңгеруге тырысады. Бұл деңгейлерден өткен мен үшін енді балалардың өмір сүруді қалай үйренетіндігі қызықты болды. Өмірлік тәжірибемді пайдаланып, балаларға дұрыс өмір сүруді үйреткім келді. Десе де, бүгінгі күні кімнің кімге керектігі анық емес. Олардан бұрын мен оларға мұқтаж сияқтымын. Себебі, Балалар ауылына келіп, арманымдағы отбасымды тапқандай болдым, – деді Ирина Александровна көзіне іркіліп келген жасты жасыра алмай.

Физика және математика пәндерінің мұғалімі болып 23 жылдай қызмет еткен оның Балалар ауылы үйінің анасы атанғанына 2 жылдай уақыт өтіпті. 5 бөлмелі үйді таза ұстап, балалардың тоқ, киімі бүтін болуын қадағалайды. 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отырған Ирина Александровнаның күнделікті атқаратын жұмыстарының кәдімгі ананың үйдегі жұмысынан айырмашылығы жоқ. Перзенттерінің барлығы мектеп табалдырығын аттаған. Сондықтан таңертең барлық балаларын мектепке дайындайды. Жуындырып, киіндіріп, таңғы астарын пісіріп береді. Олар кеткен соң үй шаруасымен айналысады. Түскі ас. Оқушылардың сабақтан оралар кезі. Олардың тамақтарын беріп, бірлесе үй іші мен ыдыс-аяқтарды жуып, жинауға кіріседі.

– Балалар ең алдымен еңбекке үйренуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да үйдегі жұмысты бірлесе атқарамыз. Кей кездері шеге қағып, ток розеткаларын, үй жиһаздарын жөндеу керек болса, мен ұл балалардың өздері жасап үйренгенін қалаймын. Мұндайда ер адамның тәрбиесі маңызды. Сондықтан да үлкен ұлым келініммен үйге келіп, ұлым балаларға шеге қағып, балға мен балтаны қалай ұстауды, ал келінім қыздарға үй ішінде шағын жөндеу жұмыстарын жасауды үйретеді, – деді ол.

Отбасының әр мүшесінің тағдыры әрқилы. Бірі тірі жетім болса, бірі – тұл жетім. Бірақ әрбіреуінің бір арманы бар: ол – туған ата-аналарының тағдырын қайталамау. Бұл үйдің ғана емес, бүкіл балалар ауылындағы отбасылардың арасындағы балалардың ішінде ең үлкені – Юрий Колесников. Кішкентай кезінен шешесінен озбырлық көріп өскен бала 12 жылдан бері анасын көрмепті. Тек оның Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында тұратынын біледі. Алғашқы қоңырау үнін 9 жасында естіген ол мектепке қатарластарына қарағанда кеш барса да, оқу озаты. Әсіресе, информатика, математика, физика, әдебиет және психология пәндерін жақсы көреді екен. Бұл уақытта өзге балалар асыр салып, далада ойнап жүргенде тек Юрий ғана бөлмесінде кітап оқып отырды. Өмірінің басы қатты болғанымен, аяғы тәтті боларына сенімді жас өрен жетімдер үйінде өзі сияқты тәрбиеленген үлкен ағасы мен інісінің басын қосып, бір шаңырақ астында тұрғанын қалайды. Іштей туған анасына деген реніші болғанымен, “Анаңды көргің келе ме?” деген сұраққа ойланып: “Жоқ” деп жауап берсе де, көзінде анасына деген сағынышы байқалды. Юрий сияқты бұл үйде өз әке-шешесіне деген ренжісін жасыра алмайтын талай бүлдіршін бар. Бірақ барлығы да бірауыздан: “Біздің үйіміз де, отбасымыз да осы. Анамыз да жанымызда”, – деп жауап берді.

– Бірде қызымның біреуіне “қызып” алған анасы күн батқанда келді. Анасын көрген әлгі қыз жылап жіберді. Туған анасының қылығына ұялып, қызым менен кешірім сұрай бастады. Мен сонда: “Сенің анаңның мұндай болғаны үшін сен кінәлі емессің. Оның үстіне сені тәрбиелеп, ауырып, қиналған шағыңда қасыңнан табылатын, кіріңді жуып, ыстық тамақпен үйде сені қарсы алатын анаң – менмін. Сондықтан ұялмай, басыңды көтеріп жүр, – дедім жұбатып. Мұндай жағдайларды балалар көрмесе екен деп тілеймін.

Балалар ауылы құрылғаннан бері бұл отбасыдан 5 бала түлеп ұшқан. Павел Кривогузов облыс орталығында тұрады. Қазіргі таңда өз отбасы бар. Николай Смагло Алматы қаласындағы жоғары оқу орнының бірін тамамдап, бүгіндері Алматы қаласында “Каспий банкте” қызмет етіп келеді. Ирина Проценко Ақжар ауданында қызмет етсе, Кристина Рыжикова М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 3- курсында оқиды. Биылғы түлек Елена Соколова Санкт-Петербург қаласына киім дизайнері мамандығына оқуға түсіпті.

Талай жылдар бойы ұстаздық еткен Ирина Драчевская балалардың оқу үлгерімін қадағалап, болашақта барлық балаларының жоғары оқу орнын аяқтап, өз еңбектерімен нанын тауып, шаңырақ көтеріп, баспаналы, үбірлі-шүбірлі болғанын қалайды. Үлкен ұлы Юрий анасының ізін қуып, физика-математика саласын меңгеріп, компьютердің маманы болғысы келеді. Қалған балаларының жасы кіші болғанымен, армандары асқақ.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp