«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ” АТАНҒЫСЫ КЕЛГЕНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет “Парасатты полицей” өңірлік байқауы болып өтті. Байқау ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тәртіп сақшыларының бойында Отанға сүйіспеншілікті арттыру мақсатын ұстанды. Оған аудандық Ішкі істер бөлімдерінен – 10, облыстық бөлімшелерден 9 команда қатысты. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Байқау бес кезеңнен тұрды. Команданы таныстырған соң сайыскерлер “Болашақтағы полицей” атты үй тапсырмасын сахналады. Олар полиция қызметінің ерекшеліктеріне қатысты және тәртіп сақшыларының оң имиджін қалыптастыру бойынша өз ой-толғамдарын ықшам әрі қызықты сахналық көріністермен бейнеледі. “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімше, Жедел қимылдайтын арнайы жасақ, Айдауыл қызметі және Оқу орталығы қызметкерлерінен құрылған “Тұлпар” командасының әжелер көрінісі көрермендерді күлкіге кенелтті. Қызметтерінде үнемі ұстамды, бірқалыпты жүретін полицейлер қарт аналардың рөлін сомдағанда, сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін көрсетті. Ал, “Парасат” командасы бірнеше жылдан соң полиция қызметінің қандай дәрежеде болатындығын шебер сахналап берді. “Нар тәуекел деп…” атты тосын әрекет сайысында әр командаға қоғамдағы түрлі оқиғаларға қатысты тапсырма берілді. Бұл кезеңде Мемлекеттік күзет қызметі басқармасының “Ақ сұңқар” командасы кәсіби шеберліктерін, мемлекеттік тілді жетік меңгергендерін, тәртіп сақшылары ретінде жедел қимылдай алатындықтарын байқатты. “Атадан қалған асыл сөз” сайысында команда өкілдері сахнаға шығып, мақалдың жасырылған бөлігін табуға және жаңылтпаштарды кідірмей айтуға тырысты. Өнер көрсеткендердің арасында мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдерінің болғаны қуантты. Солардың бірі – Мамлют АІІБ уақытша ұстау оқшаулағышының кезекшісі Андрей Шубин қазақ тілінде тамылжыта ән шырқағанда бір марқайып қалдық.

Сайыс қорытындысы бойынша аудандар арасында бас жүлдені Тайынша ауданының “ҚЫРАН KZ” командасы жеңіп алды. 1 орын – Мамлют, 2 орын – Мағжан Жұмабаев, 3 орын – Уәлиханов аудандық Ішкі істер бөлімдеріне бұйырды. Облыстық бөлімшелер арасында бас жүлдеге Медициналық бөлім, Тылдық және Қаржымен қамтамасыз ету басқармаларының қызметкерлерінен құрылған “Парасат” командасы лайық деп танылды.  

1 орынды “Тұлпар” (“Арлан” арнайы мақсаттағы бөлінісі, Жедел қимылдайтын арнайы жасақ, Айдауыл қызметі, Оқу орталығы), 2 орынды – “Қырандар” (Петропавл қалалық ІІБ), 3 орынды “Ақ сұңқар” (Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы) командалары еншіледі. Енді бас жүлде иегерлері республика көлемінде өтетін “Парасатты полицей” байқауына қатысатын болады.

Сондай-ақ байқауда “Парасатты полицей дегеніміз кім?”, “Туған тілім – тұғырым” және “Мен ата-анамды мақтан тұтамын” шығарма байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp