«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИФТІК САЯСАТТЫҢ АШЫҚТЫҒЫ – КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов облысқа жұмыс сапары барысында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында өткен “Ашықтық – тарифтік саясаттың басым бағыты” тақырыбындағы “дөңгелек үстел” отырысы алдында ірі табиғи монополия субъектілерін қамтыған баспасөз турына қатысты.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Агенттік басшысы алдымен қаладағы №2 ЖЭО-да болып, жылу-электр орталығындағы жаңғырту жұмыстарымен танысты. “СевКазЭнерго” АҚ басқарма төрағасы Еділ Көпенов пен №2 ЖЭО-ның директоры Виктор Бармин баспасөз турына қатысушыларға жаңа №8 жылу қазандығы агрегатында жүріп жатқан монтаждау жұмыстарын көрсетті. Оны іске қосу алдағы жылдың сәуір айына жоспарланған. Сол сияқты кәсіпорында өз ресурсын тауысқан №4-ші турбина агрегаты да ауыстырылып жатыр. Кәсіпорынның алдағы жоспарында №1 және №5 турбина агрегаттарын және №12-ші жылу қазандығы агрегатын ауыстыру міндеттері тұр. Барлық жаңғырту бағдарламасы аяқталғаннан кейін стансаның жылу қазандығы агрегаттары саны қазіргі 11-дің орнына 12-ге жетіп, оның белгіленген қуаттылығы 480 мВт-ға дейін артады.

Баспасөз турына қатысушылар келесі кезекте “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і жаңғырту жұмысын жүргізіп жатқан Абай көшесінің бойындағы диаметрі 600-мм-лік жылу магистралінде болды. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Андрей Дубков жиналғандарға жылу желілерінің қазіргі таңдағы жағдайына түсінік берді. Бүгінде қаладағы жылу желілерінің тозуы 70 пайызды құрайды. Оны азайту үшін кәсіпорын жыл сайын 1,2-1,5 млрд. теңгенің қаржысын жұмсап, кемінде 20 шақырым желіні жаңартуға тырысады. Кәсіпорында бекітілген тарифтерге сәйкес жетілдіру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі туып отыр.

Серіктестік Еуропалық қайта құру және даму банкінен 2,4 млрд. теңгенің инвестициялық заемын алған. Оның 715,6 млн. теңгесі өткен жылы игерілген болса, биыл 641,6 млн. теңгені игеру жоспарланып отыр. Бүгінде осы жоба аясында қаланың орталық тұсында №2 жылу беру магистралін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр.  

Мұрат Оспанов бастаған турға қатысушылар келесі кезекте “Қызылжар су” ЖШС-іне бұрылды. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Сергей Визеров бізді инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды және кәсіпорын активтерінің жаңартылуы жайында ақпарат берді. Қонақтар кәсіпорынмен танысуды №1 сорғы стансасынан бастады. Агенттік басшысы ондағы ескі үлгідегі қондырғылардың бүгінгі күн талабынан кеш қалатынына назар аударды. Дегенмен, жаңартылып және жаңғыртылып жатқан жұмыс та аз емес, мысалы, жаңа трансформаторлық қосымша стансаның іске қосылуы тазарту имараттары кешеніндегі электрмен жабдықтау сенімділігін арттырды. Биылғы жылы биік қабатты үйлерге су айдайтын жаңғырту бағдарламасына енген 13 сорғы стансаларының 10-ы жаңартылды.

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының мәжіліс залында өткен “дөңгелек үстелді” ашқан өңір басшысы Самат Ескендіров қазіргі тарифтік саясаттың маңызына, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Мұрат Оспанов “дөңгелек үстел” басында: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің агенттікке тарифтерді ашық қалыптастыру және табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін бақылауды күшейту шараларын қабылдау міндетін қойды. Осыған орай Петропавл қаласының тұрғындарына коммуналдық қызметтер көрсететін бірқатар кәсіпорындарды араладық, су құбырлары мен электр желілерін жаңғырту және қайта құру барысымен таныстық. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанағаттанып отырмыз, – деді.

Бұдан әрі ведомство басшысы агенттікте тарифтік саясат тәсілдері мен оны жетілдіруді қайта қарау жұмыстары жүргізілетінін, ол тарифтік реттеудің аса тиімді ашық түрі болатынын, мысалы, монополистерден тарифті көтеруге өтініштер қабылдағанда бұрынғыдай қаптаған деректер қабылданбайтынын, еңбекақы, күрделі жөндеу, амортизация және инвестициялық бағдарламалар туралы мәліметтер ғана сұралатынын айтты.

Кең пікір алысу түрінде өткен жиында облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудың барысы, “Қызылжар су” ЖШС-і директорының міндетін атқарушы Сергей Визеров кәсіпорында жүргізіліп жатқан су шаруашылығы жүйесінің қызметтеріне сараланған тарифтер енгізудің нәтижелері, “Атамекен одағы” заңды тұлғалар бірлестігі облыстық филиалының директоры Елена Виссарова табиғи монополиялар аясындағы мәселелерді шешудегі мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара іс-қимыл әрекеті және пәтер иелері кооперативтері өңірлік қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков қуат қорларының үнемі жайында өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, залдан сөз алған облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Юрий Козловский тарифтерді талқылауда және бекітуде қоғамдық ұйымдардың белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын айтса, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева тариф құру саясатындағы жаңа заңнамалық өзгерістерді толық қолдайтынын жеткізді.

Агенттік басшысы жиында айтылған ұсыныстардың нормативтік-құқықтық актілерді одан әрі жетілдіру кезінде ескерілетіндігіне уәде берді.

Қаралған мәселенің аса маңыздылығына тағы да назар аударған облыс әкімі Самат Ескендіров қорытынды сөзінде тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін атап айтты.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp